Іздестіру шаралары барысында олардың денелері осы кешендегі кәріз құдығының түбінен табылды.
Шошқа фермасындағы 4 адамның өлімі: полиция алдын ала себебін айтты
2,644
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы шошқа өсіру фермасындағы төрт жұмысшының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды облыстық полицияның баспасөз қызметі.
 
1 тамыз сағат 23.25-те Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының полиция бөліміне Новоивановка ауылында орналасқан шошқа өсіру кешеніндегі жұмыс орнынан ауысым аяқталған соң төрт жұмысшы шықпағаны туралы хабарлама келіп түскен.
 
"Іздестіру шаралары барысында олардың денелері осы кешендегі кәріз құдығының түбінен табылды. Алдын ала анықталғандай, 1966, 1991, 1995 және 2000 жылдары туған жұмысшылар кәріз құдығын тазалау кезінде иістен уланған. Олардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді",  делінген полиция хабарламасында.
 
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 156-бабы  4-бөлігі (“Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу”) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды.
Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.
Оқиға орнында Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Айдарбек Сапаров, әкімнің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Тайынша ауданының прокуроры Ғалымжан Әубәкіров пен Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов жағдайды бақылауда.