Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инс­титутының ма­мандары көпірлер мен өт­келдердің цифрлық база­сын әзірлеуге кірісті.
Еліміздегі көпірлер цифрландырылады
663
оқылды

Ма­мандардың пікірінше, бұл сапалы әрі сенімді көпірлерді анықтауға мүмкіндік береді. Аталған жобаны Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мақұлдаған.

«Қазақстанда респуб­лика­лық маңызы бар жолдарда бар­лы­ғы 1 500 мыңға жуық көпір құ­рылымы бар. Олардың барлы­ғы цифрланды­рылады. Алайда біздің басты міндетіміз – жыл соңына дейін толық жұмыс істейтін жүйе құру. Сондықтан әзірге түсінікті болу үшін тек 20 көпірді енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл бізге бағ­дарламаның алгоритмдерімен және нақты мысалдармен жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді», – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ жол құрылысы материалдарының және жаңа технологиялар де­пар­­таментінің директоры Әсел Нұғманова.

Айта кетейік, аталмыш ғы­лы­ми институт мамандары Ал­маты, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыс­тарының көпірлерін тексерістен өт­кізген. 

«Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін 2023 жылдың желтоқсанында тәжірибелік тұр­ғыда пайдалануға беруді жос­парлап отырмыз. Айта кетерлігі, қазақстандық көпірлер, жол айрықтары және автомобиль мен теміржол жолдары арқылы өтетін жол өткелдері туралы де­рек­тер әлі күнге дейін мем­ле­кеттік органдарда қағаз құжат­тар­да сақталады. Бұл стратегия­лық жол объектілерін зерттеу, жөн­деу, жаңғырту, реконструк­циялау және олардың құрылы­сын жоспарлау және жүргізу жөніндегі жұмысты қиындатқан еді. Алдағы уақытта әрбір объек­тінің паспорттық деректерін тек­серіп, нәтижелерін жинақ­тайтын ақпараттық жүйе болады деген сенімдемін», – дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ баспасөз хатшысы Адина Айнаева.