Ата-бабаларымыз ықылым заман­нан мал шаруашылығымен айна­лыс­қан, қазақ даласында бұл шаруа­шы­лықтың өзіндік мектебі қалыптасқан дейміз. Бірақ саланың қазіргі ахуалы агросектор саласына жаңаша көз­қа­рас, қадамдар керек екенін көрсетіп отыр.
Аграрлық сала зоотехникке зәру – Қосыбек Ырзағалиев
1,138
оқылды

Шаруашылықты дамыту былай тұрсын, бүгінде тіпті көп аймақ үшін мал бағатын адам табудың өзі мұңға айналып барады. Ауыл шаруа­шы­лығын қайтсек дамытамыз? Санға­сыр­лық тарихы бар сала неге кен­желеп қалды? Агросектор саласына қа­тысты сауалдарымызды ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының док­торы Қосыбек Ырзағалиевке қойған едік. 

– Ауыл шаруашылығын қайтсек дамы­та­мыз? Санғасырлық тарихы бар сала қазір неге тұралап қалды?

– Мен 1970 жылы Алматы зоотех­ни­ка­лық-малдәрігерлік институтын «ғалым-зоотехник» мамандығы бойынша бітірдім. Ес­кіні еске алып отырған себебім – бүгінде «зоо­техник» сөзінің қолданыстан қалып ба­ра жатқаны. Бағзы заманда ата-бабамыз төрт түлікті сұрыптап өсірген. Мәселен, сою ке­рек болса, семіртеді. Сауу қажет десе, сүт­тісін алады. Немесе көші-қонға күштісін қа­тарға қосады. Мал санын көбейтуге ұм­тыл­са, төлдегішін таңдайды. Ертеректе ол кі­сілер «зоотехник» дегенді мүлдем білме­ген. Алайда талай жылғы тәжірибе нәти­же­сін­де мал шаруашылығын өздерінше ғылы­ми тұрғыда басқарған. Көне көздердің жа­дын­да шығар, өткен ғасырдың 70-80- жыл­дары шаруашылық басшыларының 90 пайы­­зы дерлік зоотехник болатын. Кеңестік құры­лымдардың кем-кетігі жоқ деп айт­пай­мын, бірақ мал шаруашылығы жоспарлы түр­де жан-жақты өркендеді. Оған үлкен маңыз берілді. Өйткені, шын мәнінде ауыл қа­ланы асырады. Ал саланы ғылыми тұр­ғы­дан басқару соны соқпаққа, жаңа бас­та­маларға жол ашты.

Мал басын асылдандырып, олардың тың түрлерін шығаруға сан ұрпақ талай жы­лын жұмсады. Мәселен, академик Хисмет Үкі­баев жетекшілік еткен мамандар мен ға­­­лымдар «Атырау елтірілі, етті-майлы құй­рық­ты қойы» тұқымын шығарумен ширек ға­сырдан аса уақыт шұғылданды. Атап айт­қанда, 1974-1998 жылдары қазақтың қыл­шық жүнді құйрықты қойы мен еділбай сау­лығын қаракөл тұқымының сұр­хан­да­риялық сұр түсті және қарақалпақтың тұ­қым ішіндік типтегі қошқарларымен күр­де­лі өндіре будандастыру жүзеге асырылды. Кейін екінші ұрпақтағы будандарды «өз ішін­де» өсіру мәреге жеткізілді. Міне, со­ның бәрін шыдамдылықпен күтіп, күні-түні селекциялық шарамен шұғылданған ғалы­м­дар мен мамандардың мінсіз қызметіне таң­ғалмасқа бола ма?  

Мал тұқымдарының жаңа түрлері мен сү­лелерін шығару, өнімділігін арттыру – бү­гіннің, яғни нарықтық экономиканың сұ­ра­нысы мен талаптарына байланысты. Өмір өз­герістеріне орай малдың жаңа тұқы­мын шы­ғару қажеттігі де туындауы әбден ықти­мал. 

– Сонда не істеу керек? Қазіргі мал өсіру­мен айналысушылар қандай міндеттерге назар аударуы қажет?

– Қазіргі күнделікті құбылмалы өз­ге­ріс­тер қажетті өнімге деген сұранысты, өнімнің са­пасы мен құрамын түрлендіріп отыруды та­лап етеді. Ал қазіргі мал өсірумен айна­лы­­сатын шаруашылық құрылымдардың көп­шілігінде зоотехник маман болма­ған­дық­тан, зоотехникалық жұмыстар нақты жүргізілмейді. Жергілікті шаруашылықтарда се­лекциялық асылдандыру жұмыстарын жү­зеге асыра алатын, малдың тұқымдық са­пасы мен қасиеттерін ажырата білетін  ма­мандар аса керек. Себебі «іс тетігін кадр ше­шеді» деген қағида қай заман болса да өз кү­шінде қалады, оны өмірдің өзі дәлелде-ген.

Егемендік жылдары ауыл шаруашы­лы­ғын жосықсыз жекешелендіріп, қыруар мал­ды ұстағанның қолына беріп жіберген соң зоотехника да ұмыт болды. Бұған бұл ба­ғытта жүргізілген жөнсіз реформалар кінә­лі. Бұрынғы ұжымдық құрылымдар та­рап, бар шаруа жекенің қолына көшкен соң әркім өзінше тірлік жасауға көшті. «Мал ме­нікі, не істесем де, өзім білемін» деген тү­­­сінік қалыптасты. Расында да, әркімнің ау­ласында тұрған төрт түлікке көлденең кісі ие­лік ете алмайды ғой. Ал кейін сол малынан ауру табылса, атқарушы билікке жүгіреді. Бәрін мемлекет есебінен толтыруға тыры­сады. Бұл – бұрыннан қалыптасқан масыл­дық­тың белгісі. Соны жеңе алмай келеміз. 

– Қазіргі қалыптасқан ахуал мал шаруа­шы­лығына ғылыми негіздердің жетпей жатқа­нын көрсететіндей. Сіз қалай ойлайсыз?

– Жалпы, ауыл шаруашылығына түп­кі­лікті жаңа көзқарас керек. Төрт түлікпен ғы­лыми тұрғыда жұмыс істеуге көшкен дұ­рыс. Мұны мемлекеттік тұрғыда маңызды мә­селе деп түсінген жөн. Сөз жоқ, өткен 30 жыл­да бұл бағытта талай бағдарлама қабыл­дан­ды. Бірінен екіншісі озық тәрізді көрін­ді. Ешқайсысын да жатсынғанымыз жоқ, бә­рін қабылдадық. Бірақ біреуі де жүйелі жү­зеге асқан жоқ. Өйткені саланың ми­нист­рі ауысса, жаңа басшы өз бастамасын ұсы­на­ды. Мемлекет басшысы кезінде бұл бағыт­та лайықты сын айтқан-ды. Расында, қолға алынған шаруа неге мәреге жеткізілмейді? Орта жолда тұралап қалатыны қалай? Пре­зидентіміз ауыл шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары ғана миллиардтаған теңге жұмсалғанын айтқан. Соның қайтарымы қайда? Міне, жауапкершіліктің сұралатын жері. Мұны бірінші деп қоялық.

Екіншіден, ірілі-ұсақты құрылымдарда ғы­лыми негізде жұмыс істейтін адам қал­ма­ды. Біз секілді сексеннің сеңгіріне жа­қын­даған ғалымдар әлі іс басында болғанымен, шаруаны әрі қарай жалғастырып кететін жас­тар қайда? Оқу орындарын бітіріп жат­қан азды-көпті мамандарды қалай қы­зық­тыруға болады? «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы бұларды айналып өткені ме? Мәселен, Атырауда аграрлы-техникалық кол­леджі бар. Кеңестік кезде ауыл шаруа­шы­лығы техникумы аталған-ды. Шын­ды­ғында, байырғы мамандардың дені бастапқы білімді осында алатын. Мұны бітірген мамандарды қаладан шығара алмайсың. Дипломын қолтықтап, көшеде әртүрлі шаруамен айналысып жүр, бірақ ауылға қатысы жоқ. Ен­деше несіне оқиды? Ата-ананың аузынан жырып берген ақшасын далаға шашқаны ма? Осы орайда кейбір шешімді шараларды жүзеге асыру қажет. Алдымен ауыл шаруа­шылығын ғылыми тұрғыдан басқаруға ба­тыл бет бұру керек. Ауыл шаруашылығы са­ласының ғалымдары мен мамандарын ба­рын­ша қолдау қажет. Жастардың зоотех­ник мамандығына қы­зығу­шылығын арт­тыру керек. Атадан балаға мұра болып қал­­ған кәсіпті жан-жақты наси­хаттаған жөн. Қазір жұмысшы мамандығын дәріптеп жа­тырмыз ғой. Мұнда да сондай тәсіл қол­данған абзал. Бейнероликтер даярлап, соны теледидардан жиі көрсеткен дұрыс. Оқу орындарында осы мамандыққа студент­тер қабылдауда ауыл балаларына ден қойыл­са, оларға емтихан тапсыру барысын­да жеңіл­діктер жасалса, кейбір мәселе ше­шіліп те қалуы мүмкін. 

– Кейде дипломы бар маман болғанымен, шаруашылық басында оған сұраныс бола бер­меуі де мүмкін ғой... 

– Сол себепті шаруашылықтарда зоотех­ник мамандығын енгізуді міндеттеу ке­рек деп ойлаймын. Бұл ретте фермерлердің жекеменшік екені алға тартылар. Әйтсе де, мал шаруашылығын дамыту, төрт түлікті өз төлінен өсіру, оны асылдандыру, сапалы өнім өндіру мен өткізу мемлекеттік міндет емес пе? Адамдар әрі қолжетімді, әрі қауіп­сіз ас тұтынуы керек қой. Егер осы саланы сауықтыра алсақ, қазіргідей сыртқа тәуел­ді­ліктен құтылмаймыз ба? Жасыратыны жоқ, бүгінде республикаға азық-түліктің де­ні тыстан тасылып жатыр. Мұның түбі жақ­сылыққа соқтырмайды. 

Сондай-ақ малдан тарайтын жұқпалы ау­рулар адамға жұғады. Әр жылы түрлі дерт­тің салдарынан төрт түлік қырғынға ұшырап жата­ды. Тәжірибелі зоотехниктер «Малды іріктемесең, тұқымы азады, қонысын жаңарт­пасаң, өрісі тозады» дейді. Бірақ соған кім құ­лақ асып жатыр? Расында да, өнімділігі тө­мен, тұқымдық қасиеті нашар малды ұзақ уақыт бағу одан алынатын ет пен сүттің са­пасына кері әсер етеді. Мал ағзасы түрлі та­биғи факторға төзімсіз болады. Ал дұрыс та­­мақтанбаса, ауруға шалдығып, шетіней бас­­тайды. Мұндайда амалсыз пышаққа жығу­ға тура келеді. Міне, бұл жерде де зоо­тех­ник ма­­­мандығының рөлі зор екені түсінікті. 

Қазір ауылда жүрген аз ғана мал ма­ман­дарының жалақысы мардымсыз. Олардың айлығы кеңестік кезде де төмен-ді, содан бері жақсарғаны шамалы. Шаруашылық­тар­дың да кінәсі жоқ. Дені субсидиямен күн кө­ріп отыр. Міне, 30 жыл болды, жүн мен тері мәселесі шешілмей келеді. Бұл қосым­ша табыс көзі болар еді. Шаруалар шығын­да­рын ақтау үшін өнімдерін қымбатқа сату­ға мәжбүр. Ал мұны мемлекеттік тежеу теті­гі тағы бар. Тіпті, азық-түлік бағасын өсі­ру елде инфляция деңгейінің көтерілуіне әке­ліп соқтырады. Үкімет бұған рұқсат ете ме? Әрине, жоқ. Ендеше «қой да аман, қас­қыр да тоқ» дегендей, тығырықтан шығатын жол бар ма? 

Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауыр­май­тын жол ізде» дейді. «Ауру  астан» деген де бар. Қайткенде де, ғұмырын төрт түлікпен бай­ланыстырған ауыл үшін зоотехник өте қа­жет. Бүгінде ауылда маман түгілі мал бағатын адам қалмаған. Ел бойынша солай шы­ғар, ал Атырауда ерлі-зайыпты бақташы із­деген хабарландыру газет бетінен түспейді. Де­мек, табылмай жатқаны ғой. Мұның соңы шаруашылықтардың тарап кетуіне апа­рады. 

– Сонымен, шұғыл түрде мемлекет тара­пы­нан қандай шаралар қабылдануы қажет деп санайсыз?

– Қазір кейбір әкімдердің өздері бас­қар­ған аймақта жүздеген гектар жерді заңсыз рә­сімдегені айтылуда. Кейбір елді мекен төңі­регі сым қоршаумен бөлінген. Иелері өздері де пайдаланбайды, өзгеге де бермейді. Кейбір ауыл тұрғындары азды-көпті малын жаятын жер таба алмай жүр. Қолданыстағы заңдылықтар бойынша, іргедегі жер ортақ меншік саналғанымен, әлділер әлдеқашан қожалық етуде. 

Республикадағы қымбатшылыққа жауап­ты құрылымдар қатарында Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі де аталады. Жә, жа­зықтылар жазаланар. Бірақ одан ортақ ахуал сауыға ма? Мақсат – біреуді кінәлап, оны айыпқа жығу емес, тығырықтан шығар жолды бірлесіп табу. Мүмкін жауапкер­ші­лікті арттыратын заңдылықтар қабылдау қа­жет шығар? Тіпті, барлық билікті ми­нистр­лікке топтағанша, кейбір мәселені жер­гілікті атқарушы билікке берген дұрыс тә­різді. Солар өңірдің өзгешелігін көбірек біле­ді ғой. Тосын жағдай бола қалса, Аста­на­ға жалтақтамай, шұғыл шешім де қабыл­дар еді. 

Жоғарыда айтқанымдай, зоотехник ма­мандығының маңызын көтеру керек. «Ға­лым-зоотехник» кімнен кем еді? Оның ба­ғасы неге түсіп кетті? Шұғыл шара қажет. Әйт­песе, ауыл шаруашылығына жұмсалған қыруар қаражаттың қайтарымы болмайды. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Ал оны болдырмау – баршамыздың ортақ міндетіміз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан  

Баян ЖАНҰЗАҚОВА