Ақтөбеде фракция мүшелері балаларды оңалту орталықтары мен балалар үйінің жағдайымен танысты.
Фракция мүшелері жетім балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөледі
1,055
оқылды

Бақылау жұмыстары арқылы олар осы мекемелерге қатысты мәселелерді анықтады. Сонымен, «Үміт» балалар үйінің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді, жиһаздары тозған. Ал оңалту орталықтарының қызметкерлері жалақыларының аздығына шағымданды.

«Малика» дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды қатарға қосу орталығы 32 орынға арналған. Қазір күніне 10 бала келіп ем-дом алып жүр. Жасы 2-ден асқан бүлдіршіндерге емдік массаж жасалады, одан бөлек логопед пен дефектолог мамандар қызмет етеді. Күнделікті келіп жүрген ата-аналар ем-шараның оң нәтижесі бар екенін айтады. 

Ал Үміт сәбилер үйінде 38 бала тәрбиеленуде. Өкінішке қарай ата-анасы болса да, көбі қараусыз қалған бөбектер. Бұл жерде балалар 4 жасқа дейін тұрып, кейін оңалту орталығына жіберіледі. Бар жағдайы жасалғанымен ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Мамандар  жиһаздар тозғанын, жаңалау қажет екенін де айтты. Аталған мәселелер партиялық бақылауға алынды. Депутаттар әр баланың өз үйінде тәрбиеленуі үшін қоғам болып жұмыстану қажет екендігін де айтты.

– Балалардың бірнеше мәрте балалар үйіне түсуі бізді алаңдатады. Өйткені осы жерге екінші, үшінші мәрте келген балалар бар екен. Балаларды қайта-қайта тапсыруына ата-аналарын нендей нәрсе итермелеп отыр? Мүмкін психологтардың көмегі керек болар немесе ата-аналарды қоғамдық жұмыстарға араластырып, баланың өз үйінде өсуіне атсалысуымыз керек, – деді қалалық мәслихаттағы фракция мүшесі Райса Байлиева.

«Аяла» балаларды оңалту орталығы неврологиялық ауруларға шалдыққан, тірек-қимыл аппарат бұзылған балаларға қызмет көрсетеді. Мемлекеттік мекемеде барлық жағдай жасалған. Қайырымдылық компания 200 млн теңгеге құрал-жабдықтар сыйлапты. Орталықтың стационары, амбулаториялық бөлімі мен күндізгі ауруханасы бар. Балалар көрші облыстардан, шалғай аудандардан келіп ем алады. Жалпы, орталықта өзекті мәселелер жоқ. Тек медициналық орталықтағы педагогикалық мамандардың жалақысы аз.

– Үстемеақы тек медициналық қызметкерлерге қосылған. Ал педагогикалық оқу орнын бітіргендердің жалақысы төмен. 30 жыл стажы бар мамандар мейірбикелерден де аз жалақы алады. Бұл мәселе заң жүзінде қарастырылу қажет. Бұл біздің ғана емес, барлық медициналық мекемелерге тән басты мәселе, – деді бас дәрігердің орынбасары Гүлнұр Мамбетжанова.