Андас Омарақынның шығармашылығы кейінгі жылдары қазақ еліне де белгілі бола бастады.
Оқушылар арасындағы облыстық байқау
1,586
оқылды

Көршілес жатқан Қытай Халық Республикасында есімі кеңінен танылған тарихшы, айтыскер және жазба ақын Андас Омарақынның шығармашылығы кейінгі жылдары қазақ еліне де белгілі бола бастады.  Қытай қазақтарының айтыс өнері  дамуына үлкен үлес қосқан тұлғаның  «Тарих толқынында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық еңбегі кітап болып шықты.  Қазақстан мен Қытайдағы түрлі басылымда 400-ден астам өлеңі, 20-дан астам поэма-дастаны жарық көрген. Еңбектері бірнеше  тілге аударылған. Шығармашылығы бағаланып, 2010 жылы ҚХР мемлекеттік дәрежелі сыйлығы берілген  Андас Омарақынға топырақ ата-баба мекенінен бұйырды. 2015 жылы өмірден өтіп,  Талдықорғаннан мәңгілік қоныс тапты.  «Іздеушісі бардан із қалады» деген, білімге құштар ұрпақ тәрбиелегендігінің арқасында бүгінде Андас ақынның есімі ел ішінде еленіп, еңбектері жан-жақты насихатталуда.

Өткен жылы Жетісу облысының Білім басқармасы, облыстық Jetisy газеті, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы және Андас отбасы бірлесе отырып ұйымдастырған кезекті шараның негізінде өмірге «Андас Омарақын оқулары» облыстық байқауы жолдама алды.

Бірінші кезекте әкеміздің  «Тарих толқынында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық еңбегін құрастырып, баспадан шығардық. Жетісулық зиялы қауым, ақын-жазушы, өлкетанушы, тарихшы, журналистер мен ақын ұрпақтарының қатысуымен Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында сол кітаптардың тұсаукесері өтті. Бұл шара жайында кезінде республикалық, облыстық басылымдар жарыса жазды. Осыдан кейін «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша облысқа қарасты 2 қала 8 ауданнан талантты, шығармашылық қабілеті бар 30 оқушыны іріктеп, олардың бәрін  облыстық  Jetisy газетіне жаздырдық. Содан соң игі істі одан ары жалғастыруға шешім қабылдап,  «Андас Омарақын оқулары» облыстық байқауын өткізуді қолға алдық. Күні кеше соның қорытындысы шығарылды, дейді әке аманатына адалдықтың үлгісін көрсеткен журналист, өлктанушы Қажет Андас.

Алғашында байқауға қатысушылар қатары біраз болған. Жарты жыл бойы онлайн түрде жүргізілген сынақ барысында  барлық тапсырмаларды толық әрі сапалы орындағандар соңғы кезеңге жолдама алып, олардың шығармалары кітапқа енгізіліпті.  Қатысушылар жазба дүниелермен шектеліп қалмаған. Әлеуметтік желілерге түрлі бейнебаяндар түсіріп, мектеп оқушыларына кітап оқуды насихаттаған. Бейнебаяндарды 1 тамызға дейін 15 726 адам көрсе, 1 666 адам лүпіл басқан, ал 4 002 оқырман қолдап пікір жазған. Байқауда бақ сынаған үміткерлер 80 өлең, 31 мақала жазған. Оның біразы  түрлі басылымдарда  жарық көріп, оқырмандарға жетіпті. Сол жазбалар жинақталып, "Андас Омарақын оқулары" атты кітаптың негізін құрады.  Жоғарыда келтірілген деректерге қарағанда,  «Андас Омарақын оқулары» байқауы көпшілік тарапынан қолдау тапты деп тұжырым жасауға болады. Жарты жыл бойы онлайн формада өткен байқаудың қорытындысы күні кеше В.Маяковский атындағы Талдықорған қалалық кітапханасында шығарылды. Игі істің өтуіне облыстық Білім  басқармасы, облыстық  Jetisy газеті, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы және Андас отбасы атсалысты.

Байқау қорытындысы шығарылған басқосуда бірінші болып сөз алған   Jetisy  газеті бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы  директорының орынбасары Болатхан Ержігітов те өз лебізін білдірді. Сол жерде «Парасат» орденінің иегері Әуесхан Мажайқызы құрастырған «Андас Омарақын  оқулары» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап авторы жинақ шығарудағы басты мақсаты өмірлік қосағының шығармашылығын кейінгі жас буынға дәріптеу, талантты балаларды қолдау екенін атап өтті.

«Андас Омарақын  оқулары» байқауы барысында сынақтардан сүрінбеген  18 оқушы ақтық кезеңге жолдама алып, әділқазылар алдында білім-білігін көрсетті. Олардың еңбегі тест сұрақтары, жазба ақындар, өлкетанушылар, айтыс ақындары сияқты 4 бағыт бойынша берілген тапсырмаларды орындауларына сай бағаланды. Жазба ақындар Андас Омарақынның өлеңін оқыса, өлкетанушылар ғылыми жұмысын қорғады, айтыскерлер сөз сайысына түсті. Нәтижесінде, жазба ақындар арасында  Арайлым Жанахмет, өлкетанушылар бағыты бойынша Жанел Жұмағали, айтыскерлер арасында Ұлан Нұрбол І орын иегері деп танылды.  Алдыңғы орын иегерлері алғысхат, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Болат Абаған, Жетісу облысы