Коллекторлық компаниялардан борышкердің туыстарына қоңырау шалуы қаншалықты заңды? Осы сауал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовқа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коллекторлардың борышкердің туыстарына қоңырау шалуы қаншалықты дұрыс
2,463
оқылды

"Бізде коллекторлық қызмет туралы заңнама бар. Онда коллекторлық агенттіктің борышкерге қоңырау шалу мерзімі мен уақыт аралығы көзделген. Коллекторлық агенттік өз қызметін, оның ішінде борышкермен байланысқа шығуын заңнама нормаларын қатаң сақтай отырып жүзеге асыруы тиіс. Мұнан бөлек, заңнамада олардың кіммен байланысқа шыға алатындығы жазылған. Егер олар заңнаманы бұзатын болса, онда шағым жазу қажет. Біз мән-жайды анықтаймыз", - деді Олжас Қизатов Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Осы орайда, БАҚ өкілдері әлеуметтік желіде коллекторлық агенттіктер борышкердің туған-туыстары туралы ақпараттарды алып, оларды мазалайтындығына қатысты шағымдар көп екендігін алға тартты. Алайда, агенттік өкілі бұл сауалға жауап беруге қиналды.

"Агенттікке мұндай ақпарат түскен жоқ. Дегенмен, мұндай жайт орын алса, онда адамдар шағым жазуы тиіс. Біз әр жағдайды шағын қаржы ұйымдарымен, банктермен және коллекторлық компаниялармен қарастырамыз", - деді ол.