Елімізде қыз алып қашуға қатысты жауап­кершілікті күшейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі хабарлады.
Қыз алып қашқанға жаза күшейеді
740
оқылды

«Елімізде, әсіресе оңтүстік өңірлерде үйлену мақсатында қыздарды алып қашу әлі де жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер жыныстық қолсұғылмаушы­лықты бұзу, қорлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, тіпті өзіне қол жұмсауға әкеп соғады» делінген хабарламада.

2019 жылдан қазірге дейін елімізде адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқықбұзу­шылықтар санатындағы 214 іс тіркелген. Сонымен қатар Қылмыстық кодексте мұндай құқықбұзу­шылықтың жеке элементі болмағандықтан, некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау дерегі бойынша нақты статистика жоқ.

«Қазір Омбудсмен кеңсесі қылмыстық заң­намаға бірқатар түзету енгізу, атап айтқанда, жекелеген бапты енгізу және жәбірленуші өз ер­кімен босатылған жағдайда қылмыстық жауап­тылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық ко­декстің 125-бабына ескертпені алып тастау мүм­кіндігін қарастырып жатыр», – деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Сонымен қатар Қазақстандағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкілге Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» жеке 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды, оның әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендететін алдын алу әсері болады деп күтіледі.

Б.ИКРАМОВА