Қарағандылық полицейлер қала шетіндегі орман алқабынан жасырылған қару-жарақ пен оқ-дәрілер тапты.
Орманда жасырылған оқ-дәрі табылды
767
оқылды

Жедел-іздестіру шарасын облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы­ның қызметкерлері ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жедел басқарма қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген.

Оқиға орнынан жедел-тергеу тобы қызметкерлері «Байкал» маркалы тегіс ұңғылы мылтық, «Соваж» маркалы қос ұңғылы карабин, 12 калибрлі қос ұңғылы шолақ мылтық, ИЖ-21 тегіс ұңғылы мылтық, Макаров тапаншасы, әртүрлі калибрлі 188 бірлік оқ-дәрілер және ішінде 1 440 патроны бар мөрленген мырыш қорап тәркіледі.

Аталған дерек бойынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясына сәйкес бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Б.ИКРАМОВА