Атырауда «Мегамозг» оқу орта­лығына қатысты дау осымен екінші жыл­ға жалға­сып жатыр.
«Сабақ оқытамыз» деп сан соқтырды
556
оқылды

Ата-ана­лар­дың әлеуметтік же­лідегі түрлі нара­зы­лығы түрткі болып қоз­ғалған «Мега­мозг» оқу орталығына қа­тыс­ты істің соңы қазір сиырқұйым­шақ­та­нып кетті.

Әзірге белгілісі, «Мегамозг» орта­лығы 145 ата-ананың әрқайсынан 100 мың мен 800 мың тең­ге аралығында ақша жинап алған.

«Балаларды сабаққа дайындаймыз, үй тап­сыр­масын орындауға көмек­тесеміз, тіпті та­мақ­тандырып, тасымал­дай­мыз. Осы қызметтер үшін бір жылға демде төлем жасасаңыз, едәуір ақ­шаңызды үнемдейсіз. Себебі біз сіздерге жеңілдік бере­міз», – деп, ата-аналардан алдап-сулап ақша жи­нап алған орта­лыққа балалар барып жарыма­ған. Себебі орталықтың ашылуынан жабылуы тез болған.

Райгүл Үргешова – орталыққа ақша төлеп, ал­данған аналардың бірі. Ол алты айлық оқудың ақы­сын желтоқсанда төлеп тастаған. 

– Жеңілдікпен 103 мың теңге тө­ледім. Оның ішіне тасымал да кіреді. Маған орта­лық­­тың жабылғаны туралы 8 қаңтар күні ха­бар келді. Өзін орталық дирек­то­рымын деп та­ныстырған Аида Мақсотова оқу орта­лы­ғы­ның жабыл­ғанын айтты. Ал менің балам ор­та­лыққа тіпті барып үлгер­меді. Есесіне, ақ­ша­ны алған кезде орталық еш шімірікпестен, біз­бен қыз­мет көрсетуге байланысты келісім­шарт жасасты, – дейді Райгүл Үргешова. 

Алданған аналардың бірі Әсия Ізтілеуо­ваның айтуынша, қазіргі уақытта тергеу абақтысында отырған Аида Мақсотова осы схемамен 2020 жылдан бері жұмыс істеп келген. 

– «Мегазмозг» орталығының алдын­да ол «Ин­диго», «Қазақ ленд», «Бэби­ленд» те болған. Осы­лай ашады да түрлі сылтаумен жауып тастай­ды, – дейді Әсия Ізтілеуова.

«Баламды оқытамын» деп алды 100 мың, соңы 800 мың теңгеге дейін орталыққа ақша төле­гендердің арасында несие рәсімде­гендері де бар. «Қарап отырып, алаяқтар үшін ауаға ақша төлеп отырғанымызға қынжыламыз», – дейді аналар.

Біреу, екеу емес, бақандай 145 адамды сан соқ­тырған орталыққа қатысты жағ­дайдан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те хабардар. Себебі ашынған аналар әкіммен осы мәселе бойынша кездесті де. 

– Мен бұл іспен таныстым. Өкінішке қарай, біз­дің қоғамда алаяқтар бар, олар кез келген жол­мен, тіпті балаларды оқы­ту атын жамылып ақша табуға тырысады. Бұл мәселені жан-жақты зерт­теу қажет, қалалық прокуратура оны мұқият қа­да­­ғалап отыруы керек. Сондай-ақ «Мектеп жа­сына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қосымша оқытуға лицензия беру туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу қажет. Мұн­дай іс­терге қатысы бар адамдар тиісті жаза­сын алуы тиіс, – деді Серік Шәпкенов.

Алайда құзырлы органдағылар қыл­мыстық істі тоқтату туралы шешімді қабылдаған.

Атырау қаласы прокурорының орын­басары Серік Ищановтың айтуынша, қылмыстық іске қатысы бар деп күдікке ілінген 5 тұлғаға қатысты істі тергеуші тоқ­тату туралы шешім қабылдаған. 

– Қалалық прокуратура бізге жол­дағаннан кейін толықтай қосымша зерде­ленетін болады, – деді прокуратура өкілі. 

Алайда ата-аналар орталықтың директоры ғана емес, ақша қабылдап, келісім жасасқандар да қылмыстық жауап­кершілікке тартылуы керек деп есептейді.

Еске сала кетсек, «Мегамозг» оқу орталығына қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу өткен жылдың соңынан бері жалғасып келеді. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бап, 3-бөлігі бойынша іс қозғалды («Екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық»). Тергеу бойын­ша күдікті ретінде бес әйел, сондай-ақ бас­ты күдікті ретінде 29 жастағы Аида Мақсотова­ға қатысты іс жүрді. Алайда жақында бес әйелге қатысты іс тоқтатылғаны анық­талды. Ал бас кү­дікті Аида Мақсотова тергеу изоляторында отыр. Соңы сұйы­лып бара жатқан істің соңы немен бі­тетіні белгісіз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Фото: smi24.kz