Кеше «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында бейне­кон­ференция форматы арқылы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстық партия филиалдары жа­нын­дағы Экономиканы, кәсіп­кер­лікті және агроөнеркәсіп кешенін да­мыту жөніндегі кеңестердің бір­лескен отырысы өтті.
Ауыл жұрты неге алаң?
805
оқылды

Партия хатшысы Эльдар Жұмаға­зиев­тің төрағалығымен өткен талқылауға биз­нес өкілдері, барлық деңгейдегі мәс­ли­хат депутаттары, «Атамекен» ҰКП өңір­лік кәсіпкерлер кеңесінің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Қаржы, Сауда және интеграция, Индустрия және инф­рақұрылымдық даму вице-ми­нистр­лері қатысты. Өңірлердегі өкілдер онлайн қосылды. Кәсіпкерлер көтерген мәсе­ле­лердің қатарында ауыл шаруашылығы ши­кізатының бақылаусыз импорты, би­дайдың нарықтық бағасының төмендігі, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіс­пеу­шілігі, битум тапшылығы, салық салу, газ­дандыру, жүк тасымалдау мәселелері ай­тылды. Мұндай кездесу бұған дейін батыс өңі­­ріндегі облыстармен де өткен  екен. Пар­тия хатшысы сөз басында сол кез­де кө­терілген мәселелерге тоқталып өтті.

«Батыс өңіріндегі кәсіпкерлерді бірін­ші кезекте киіктер санының көбейіп ке­тіп, егістіктерді таптап жатқаны жөніндегі проб­лема алаңдатып отыр. Одан кейінгі кезекте «Жер Аманаты» жобасының жүзе­ге асу жайы тұр. Ал Ресейден келетін им­порт нөпірі артып, оның ішкі нарықтағы тауарлардың өзіндік құны мен бағаға теріс әсер етіп отырғаны тек батыс өңіріне ғана емес, күллі Қазақстанға тән. Одан бөлек дизель отынының бағасы да алдағы егін ору науқанында шаруаларға қиындық тудырар түрі бар. Мәселен, Энергетика министрлігі 1 маусымда дизельді отынды жеткізу кестесін бекітті. Олар ұсынып отырған баға – зауыттан тоннасына 284 мың теңге немесе ҚҚС қоса алғанда литріне 239 тенге. Өңірлерге бөлгенде фермерлерге арналған орташа баға 201 тең­гені құрайды, яки 38 теңгеге кем. Бірақ шаруалар бұл цифрды 75 теңгеге дейін көбейтуді сұрауда. Десе де, Энергетика ми­нистрлігі баға одан төмен болар болса «сұр им­порт» белең алып кетуі мүмкін деп ке­ліс­пей отыр. Біздің міндетіміз – екі тарапты бір алаңда тоқайластырып, екі жақтың да уәжін тыңдау, ортақ бір келісімге әкелу. Сондықтан да бүгінгі жиында да осы дәстүр жалғасын табатын болады», – деді «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Жиын кәсіпкерлерді, отандық тауар өн­дірушілерді, фермерлерді толғанды­ра­тын өзекті мәселелер бойынша ашық диа­лог форматында өтті. Кәсіпкерлер тиіс­ті министрліктерге тікелей сұрақтар қойып, жауап алуға мүмкіндік алды. Ви­це-министрлер осы мақсатта шақыр­тыл­ған болатын. Сұрақтардың көпшілігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне қойылды. Одан кейінгі кезекте Қаржы және Энер­гетика министрлігі жауап берді. Мәселен, Қостанай облысы бидай импорты, СҚО сүт өндірісі, Ақмола автобус парктеріне кө­лік жүргізуші жетіспейтіні туралы мәселелерді көтерсе, барлық облыстарға ор­тақ проблемалар – субсидия алудағы қиын­дықтар, жер телімдерінің тағайын­дал­ған мақсатын өзгерту, салық салуда жеңіл­діктер беру, битум тапшылығы, сұйы­тылған газдың аздығы туралы болды. Сұрақ қоюшылар арасында партияның «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жо­ба­лары­на да үлкен қызығушылық барын бай­­­­қадық. Өңірлерде «AMANAT» пар­тия­сы мен Үкі­меттің бірлескен әріптестігі не­гізінде жү­зеге асып жатқан бұл жоба­лар­ға қа­ты­суға тілек білдіріп отырғандар са­ны ар­тып келеді екен.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыста алғаш рет жүзеге асып отыр. Осы ретте бізге ауыл тұрғындары көптеп ха­барласуда. Бірақ сонымен бірге Крас­нояр, Степногор, Қосшы сынды шағын қа­лалардың да тұрғындары осы бағдар­ла­ма бойынша жеңілдетілген несие алғысы келеді. Бірақ ондай мүмкіндіктері жоқ. Кент тұрғын­дары да солай. Өйткені бұл жоба ауыл тұрғындарына ғана арналған. Осы мәселе бойынша жауап берсеңіздер?», – деді Ақмола облыстық Ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасы бастығының орынбасары Дулат Сердәлі. 

Бұл сұраққа АШМ өкілі Қанат Әубә­кіров жауап берді. Ол расында да бұл бағ­­дарлама тек ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналғанын айтып, өзгедей елді мекендердің тұрғындарын жас­тарға арналған немесе «Агр­оне­сие­кор­порациясының», аймақтық бағдар­ла­малардың көмегіне жүгінуге шақырды. Өз кезегінде Партия хатшысы Эльдар Жұма­ғазиев, қала маңы мен кенттердегі тұрғын үй алаптары тұрғындарының өмір сипаты мен табыс көлемі ауыл тұрғын­дары­нан көп айырмашылығы жоқ екенін атап өтіп, алдағы уақытта құрылатын «Жо­балық кеңселер» аясында бұл мәселе­ні көтере­тінін жеткізді. Жалпы бейне­кон­ференция барысында жиын хаттамасына енгізіліп, алдағы уақытта шешімін тап­қанша на­зарда болатын мәселелер аз болған жоқ. Ал дәстүрге айналған мұндай кез­десулер «AMANAT» партиясының ба­засында шағын және орта бизнесті да­мытудың ең өзекті мәселелерін талқылау жә­не шешу, салалық бизнес қауымдас­тық­тары мен мем­лекеттік органдар ара­сын­дағы кері бай­ланысты нығайту және өзекті мәсе­лелерді жедел шешу алаңдарын құруға бағытталып отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ