Тауының қойнауы қазба байлыққа толы Кербұлақ ауданы аумағында орналасқан Көксай мыс кенішін игеруге қатысты үлкен бір бетбұрыс басталды.
Кербұлақта комбинат салынады
1,117
оқылды

Аса бағалы әрі сирек кездесетін мыстың мол қоры анықталғалы біраз жыл болған еді. Игеру әне басталады, міне басталады деген әңгіменің айтылғанына да талай рет куә болғанбыз. Ақыры, жұрт құлағын елеңдеткен ивестициялық жобаны жүзеге асыруға нақты қадам жасалды. Қазір бірлескен тау-құрылыс компаниясы Көксай тау-кен байыту комбинатының құрылысы бойынша жұмыстарға кірісті. Болашақта жүздеген жанды жұмыспен қамтып, қазынаға қомақты қаржы түсіруге тиісті алып комбинатты 2026 жылы іске қосу жоспарланған.   

Еліміздегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі болып саналатын тау-кен байыту комбинаты жобасының жалпы құны – 976 млрд теңге. Жобаны орындау кезеңінде республикалық және жергілікті бюджетке 1,7 трлн теңге салықтық төлемдер түседі деп есептелген. Кен орнының ауқымы мен жобаланып отырған өндіріс көлемі Кербұлақ ауданын қоса алғанда, бүкіл Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Кәсіпорын 1 300 адамды жұмыспен қамтып, жылына 50 млн тонна кенді қайта өңдеуден өткізеді. Компания жергілікті жерде қолайлы орта қалыптастырып, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында тұрғындармен емен-жарқын жүздесулер мен ашық талқылаулар ұйымдастырмақ. Барлық мәселені кеңесе отырып реттемек. Әлеуметтік саланы дамытуға қаражат қарастыру, қоршаған ортаны жақсарту бойынша жобаларды жүзеге асыру, қайырымдылық акцияларын, білім және мәдени жобаларды қолдау жоспарланған. Сонымен бірге инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту мен жаңғыртуға баса назар аударылады. Комбинатқа жұмысқа қабылдауда бірінші кезекте компания талаптарына сәйкес келетін және тиісті біліктілігі бар жергілікті мамандарға артықшылықтар беріледі. Кәсіпорын жұмысшыларын оқыту және жергілікті тұрғындар арасынан мамандар дайындау бойынша корпоративтік бағдарламалар қолданысқа алынып, жүзеге асырылады. Компания кадр тапшылығы проблемаларын шешу үшін еліміздегі облыстарда және Алматы, Талдықорған қалаларында орналасқан жоғары және орта білім орындарымен белсенді қарым-қатынас орнатпақ. 

Былтырдан бері кенішті игеруге дайындық жұмыстары жүргізіп жатыр. Кеніштегі кеннің жалпы қорын нақылау мақсатында өткен жылдан бастап геологиялық барлау және геодезиялық зерделеу жұмыстары атқарылуда. Бүгінде инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту және жаңғырту және құрылыс-құрастыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Былтырғы желтоқсанда Сарыөзек ауылында орналасқан теміржол тұйығы сатып алыныпты. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы