Жартығасырлық үзілістен соң Жезқазған – Ұлытау өңіріне облыс статусы қайта оралғалы екінші жыл­ға аяқ басты. Жаңа облыс дүние есігін енді ғана ашқан сәби іспетті.
Дәулетті өңірге – сәулетті нысандар
980
оқылды

Елдің бәрінің үміті соның үстінде. «Осы тезірек өссе екен, аяғынан нық тұрып кетсе екен, үлкен азаматқа айналса екен» деп баланың тілеуін тілейтіні сияқты Жезқазған – Ұлытау аймағының халқы да облыстың жылдам да­мып, жаңарып, жасарып кеткенін қалайтыны жасырын емес.

Бұл орайда облыс басшылығы қысқа мерзімде жасаған Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған кешенді жоспары Президент тарапынан қолдау тауып, Үкімет бекітті. Осы жоспардың бір саласы облыстағы әлеуметтік нысандар салуға, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған. Қандай жос­парлар бар, нендей жұмыстар атқарылу­да? Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Әлімжанның айтуынша, ең бастысы, жуық арада облыс орталығының Бас жоспарына түбегейлі өзгеріс енгізілмек. Бұл әрине, тү­сінікті. Өйткені Жезқазған облыс орталығына лайықты қалаға айналуы керек.

– Тамыздың соңына таман Бас жоспар түпкілікті бекітіледі деп күтілуде. Құрылыс содан соң қарқын ала бас­тайтыны айтпаса да түсінікті. Кешенді жоспарға сәйкес 47 жаңа нысан бой көтереді. Әрине, бәрі бірден бола қал­майтыны да белгілі. Кейбір нысандардың құрылысы басталып та кетті. Мысалы, Жезқазған қаласында Абай атындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі үшін құны 1,47 млрд теңгені құрайтын 200 орындық жатақхана са­лынады. Бас мердігер – «Қаршыға–97» ЖШС қазір жұмысты бастады, келесі жылы жатақхана пайдалануға беріле­ді, – дейді Ж.Әлімжан. 

Оның айтуынша, халықты баспа­намен қамтамасыз етуге де баса көңіл бөлінбек. Бұл ретте Kengir көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына көп үміт артылуда. 11 үйден тұратын тұрғын үй кешенінің екеуінің құрылысы қазірдің өзінде қызу қарқынмен жүріп жатыр. Қалған 9 үйдің ЖСҚ сарапта­масына оң қорытынды берілсе, Қаржы министрлігі мен Индустрия және ин­фра­құрылымды дамыту министрлігі бір­лесіп қаражат бөлу мәселесі пысық­талатын болады. 

Бұдан басқа, Ұлытау облысы бо­йынша жалпы ауданы 27,4 мың шаршы метрді құрайтын 430 пәтерлік 9 көп­қабатты тұрғын үй республикалық бюд­жет есебінен салынатын болады. Бір атап айтарлығы, бұл үйлер тек облыс орталығында ғана емес, Сәтбаев қаласы мен Жаңаарқа ауданында да салынатын болады. Нақты айтқанда, Жезқазған қаласында – 3, Сәтбаев қаласында – 2, Жаңаарқа ауданында 4 жаңа үй бой көтереді. 

Сонымен қатар «Қазақмыс Кор­порациясы» ЖШС және «Самға» ЖШС жеке инвестиция арқылы тұрғын үйлер салуға ниет танытып отыр. 

Облыс құрылғанға дейін басталған тұрғын үйлер құрылысы да жалғасын тауып жатыр. Айталық, былтыр респуб­ли­калық бюджет қаражаты есебінен басталған жалпы ауданы 11,7 мың шар­шы метрді құрайтын көпқабатты 3 үйдің құрылысы мен 1 жалға берілетін үйді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жеке құрылыс компаниялары бастаған тұрғын үйлердің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Олар барлығы 144 пәтерлік 6 тұрғын үйді пайдалануға бермек. 

Осы жылдың соңында облыс бо­йынша 16 көпқабатты үй халық игілігіне беріледі.

– Тұрғын үй құрылысы келесі жылы да жалғасын табады. Республикалық бюджеттен 2024 жылы 300 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау жос­парда тұр. Бұл 5 үйдің екеуі Жезқазғанда, 3-уі Сәтбаевта салынбақ. Бұдан тыс жеке компаниялардың коммерциялық не­гіздегі үш тұрғын үй құрылысы да қоса жүргізіледі деп күтілуде, – дейді басқарма басшысы Ж.Әлімжан.

Дәулетті өңірде сәулетті нысандар бой көтеріп жатса, қандай ғанибет! Сайып келгенде, бұл халықтың тұр­мысын, әл-қуатын арттыра түседі.

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы