Биыл еліміз бойынша жалпы 23,4 млн гектар егіс алқаптарына түрлі дәнді дақылдар себілген. Бұл өткен 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға артық екенін Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде жариялаған болатын.
Ғылыммен «достасқан» диқан дамиды
1,041
оқылды

Дегенмен жаз тым ыстық болып, құрғақшылық қысып тұрғаны да жа­сырын емес. Диқандардың көпшілігінде жұмсаған шығынын өтей алмай қаламыз ба деген күдік басым. Әрине, диқан қауымы көк­темгі және күзгі науқандағы шы­ғындарын өндіре алмай қарызға белшеден батып жатса, мемле­кетке де оңай соқпасы анық.

Биылғы қуаңшылық жағдайының кері әсері жөнінде түрлі болжам ай­тылуда. Бұл жөнінде еліміздің солтүстік және орталық аймақтарына арнайы барып, алқаптарды аралап, зерделеп жүрген А.Бараев атындағы Астық ша­руашылығы ғылыми-өндірістік орталы­ғының Ауыспалы егіс зертхана­сының меңгерушісі Алдаберген Қиясқа хабар­ласып, мән-жайды білген едік.

Оның айтуынша, дәл қазіргі жағдай бойынша күзде диқандар әр гектарынан шамамен 11-13 центнерден өнім алы­нады деп болжам жасап отыр. «Көрсе­тілген жобадан артық өнім жинайтын қожалықтар да бар болуы мүмкін. Бірақ олар жергілікті жерлердің ерекшелік­теріне байланысты болмақ», – дейді ол.

«Қазгидромет» ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі бойынша арнайы болжамын жариялады. Ондағы есептік деректерге сәйкес, биыл елдің негізгі астық егетін облыстары Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар өңірлерінде жаздық бидайдың өнімділігі орташа көпжылдық мәндер деңгейінде қалып отыр. Бұл дегеніміз әр гектардан 11-13 центнер өнім жиналады дегенді білдіреді. 

Дегенмен жаз айларындағы жауын-шашынның аз болуына байланысты мемлекет құрғақшылықтан зардап шегіп жатқан диқандарға көмек пен қолдау көрсетуді бастап кеткен. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, биыл Қазақстанның сегіз өңі­рінде құрғақшылық қаупіне байланысты 236 мың гектар алқап сақтандырылған. Қазақстандық фермерлер топырақ ылғалдылығының тапшылығын ин­декстік сақтандыру бойынша 111 шарт жасасты. Осылайша, мемлекет тара­пынан төленетін сома шамамен 1,5 млрд теңгені құрады, оның 1,2 млрд теңгесі субсидияланып үлгерген. 

Қазір біздің елдің экономикалық жағдайларына сәйкес, егер диқан әр гектарынан 12 центнерден өнім жинай­тын жағдайда болса, онда ол өзінен шыққан шығынды түгелдей жауып, азын-аулақ пайда да табуы мүмкін. Бірақ бұл да нақты көрсеткіш емес екенін еске салған жөн. 

Қазақстан астық одағының ресми өкілі, сарапшы Евгений Карабанов дәл қазір отандық ішкі нарықтағы бидай бағасы тұрақты болып тұрғанын айтты.

«Дегенмен күзгі жиын-терім науқаны тұрақтылықты өзгертуі мүмкін. Еліміз­дегі ішкі нарықта 3-сыныпты бидайдың тоннасы 80-85 мың теңге көлемінде болып тұр және бұл баға ұзақ уақыт бойы сақталып келе жатыр. Ал жоғары сапалы Hi-pro бидайы тоннасына 90-91 мың тең­геге саудалануда. Алайда бұл тұрақты­лық шаруалар үшін тым төмен. Осыдан бір жыл бұрын аталмыш сорттың әр тоннасы 185 мың теңгеге бағаланған. Яғни, бүгінгімен салыстырғанда 100 мың теңгеге жоғары. Ал 2023 жылдың қыркүйегінде бізді не күтіп тұрғанын білмейміз. Көрші Ресейдегі болып жатқан қазіргі ахуал мен өзге де нарық­тағы елдердің үлес салмағы әсерін бай­қай алмаймыз», – дейді ол.

Бүгінде елімізде егіншілікпен айна­лысатын шаруа қожалықтары өз алқап­тарының 85-90%-ға жуығына дәнді дақыл түрлерін егеді. Ауыз толтырып айтып отырған алқаптардан алынатын өнім көп жағдайда болжамды межеге жетпей қалады. Бұған шаруа қожалық­тарының басшылары мен мамандарының салғырттығы тікелей әсер етіп отыр. 

«Ең бастысы, диқаншылықта білік­тілік қажет. Өнімді мол жинағың келсе, сәйкесінше білікті болуың керек. Не­месе білгір мамандармен жұмыс істеген тиімді болмақ. Қазір климат та, топырақ жағдайы да қатты өзгеріске ұшыраған. Қазақтың «Не ексең соны орасың» деген тәмсілі бүгінгінің диқандарына жүрмей­тінге ұқсайды. Ғалымдар егін шаруашы­лығына ғылым мен заманауи білікті маман келмейінше алға жылжу мүмкін емес екенін үнемі айтып келеді. Бұл – жалпы ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысы бар дүние. Бірақ ғылым­ды былай қойғанда ғалымға құлақ аса­тын қожалық басшыларының саны тым аз. Себебі еліміз бойынша астық шаруа­шылығы қожалықтары басшыларының 40-45%-ы саланы толық меңгере алмай келеді. Осы бір олқылықты жою үшін мемлекет тарапынан диқандар мен қожалық басшыларын қайта даярлау керек», – деген ұсыныс айтады Алда­берген Алдоңғарұлы. 

Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Аграрлық зерттеу университетінің ға­лымдары да ғылым мен ауыл шаруашы­лығын бір арнаға тоғыстыру керек еке­нін алға тартуда. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдас­тырылған профессор Бекзат Амантаев өзі бастаған бір топ мамандардың ті­келей араласуымен 2017 жылдан бері Қарағанды облысы Осакаров ауданына қарасты «Найдоровское» ЖШС ал­қаптарына тәжірибе түрінде жаздық бидай мен астықтың өзге де түрлерін егіп, үлкен ғылыми тәжірибелер жасап жүргенін айтады. Ғалымдардың үнемі қадағалауы мен ғылыми негіздемелерді ұдайы жүргізуінің нәтижесінде «Най­доровское» ЖШС тәжірибелік алқап­тарының әр гектарынан 2018 жылы 55-60 центнерден өнім алынған. Мұндай мол өнім жинау бүгінгі біздің ел үшін үлкен көрсеткіш екені шындық. 

Ғылымға сүйеніп жасалған дүниенің пайдасы шаш етектен болатынын бірден түсінген қожалық басшысы Павел Лущак сол жылы күзде аталмыш оқу орнына магистрант ретінде оқуға қа­былданып, біліктілігін арттыруды бас­таған. Профессор Бекзат Амантаевтың айтуынша, бүгінде Павел Лущак универ­ситетте агрономия мамандығы бойынша докторантурада оқып жатыр. 2001 жылы осы шаруашылықтың жалпы егіс көлемі 200 гектарды құраған болса, қазір ол алқаптарын 20 мың гектарға жеткізген. Осылайша, шаруашылықтың жылдық табысы едәуір артып отыр. Мысалы, 2015 жылы 1,6 млрд теңге табыс тапса, 2022 жылы табыс көлемі 5,8 млрд теңгеге жеткен. 

Көп жағдайда табысты еселеп тап­қысы келетін шаруашылық басшы­лары Алдаберген Алдоңғарұлына тікелей хабарласып, шығын шығармай өнім жинау жөнінде ақыл-кеңес сұрайтын көрінеді. Бұл мүмкін емес дүние екенін былайғы қарапайым жұрт та біледі. Сон­дықтан біліктілікті арттыру мәселесін қолға алуды сала ғалымдары түгелдей қолдайды. 

«Климаттық жағдайы мен топырақ деңгейі біздің елге ұқсас келетін Кана­дада өнім де, сапа да жоғары. Себебі ол елде ғылым мен өндіріс етене жұмыс істейді. Ол жақта диқандардың ұрпақ сабақтастығы деген ұғым қалыптасқан. Себебі мынау. Қазір диқаншылықпен айналысатын қожалық иелері ата-баба­сынан бері осы кәсіппен шұғылданып келеді. Алтыншы ұрпаққа ауысқан дәс­түрлі диқаншылықта қателік болуы екіталай. Бізге де бұл дәстүрді қалып­тастырып, ұрпақтар сабақтастығын жолға қою керек», – дейді Алдаберген Қияс. 

Еліміздің, әсіресе солтүстік өңірле­ріндегі алқаптардың топырақ жабын­дысы қатты тозып бара жатқаны туралы ғалымдар жиі айтып жүр. Осы уақытқа дейін зерттеулер бойынша алқаптардағы топырақ қарашіріндісінің 35 пайызы желге ұшып кеткен көрінеді. Бұл – алқаптарды дұрыс пайдаланбаудың тікелей әсері. Бұлай кете беретін болса, алқаптардан алынатын өнім сапасы күрт төмендеп, шығынға ұшырайтыны шын.

Осыған байланысты Агроэкология­лық сынақ орталығының меңгерушісі, PhD докторы Ақгүл Кәсіпхан топырақ жағдайын қайта қалпына келтіру аса ұзақ уақытты талап ететін процесс еке­нін және топырақтың қазіргі жағдайын сақтап қалу үшін адам баласы ғылыми дәлдік негізінде жерге көмектесу керегін айтып отыр. 

«Ғылыми және агрохимиялық дәл­дік негізінде топырақ жағдайын сақтай отырып өнім алуға болады. Мұнда, ең бірінші, ауыспалы егіншілік пен органи­калық тыңайтқыштарды қолданып ұзақ уақыт бойы қадағалау қажет. Олай бол­маған жағдайда біз қазіргі мүмкіндігі­мізден де айырылып қалуымыз ықтимал. Сондықтан тыңайтқыштарды пайдалану кезінде аса сақ болған абзал. Топырақ экологиясы – әлемдегі ауқымды мәсе­ленің бірі. Сол себепті жер бетіндегі құ­нарлы топырақты қалпына келтіру не болмаса сақтап тұру ұдайы түрде үзіліссіз жүргізілуі тиіс», – дейді  А.Кәсіпхан. 

Бүгінде біздің нарықта сан түрлі пре­парат көп. Олардың арасында қуаңшы­лыққа төзімді тұқымнан бастап қуаңшы­лықтан қорғайтын, мол өнім беруге әсер етушілерін де кездестіруге болады. Біз­дегі қожалықтардың біразы көп жағ­дайда осындай жалған әрі арзан дүние­лерге ұрынып, артынан сан соғып қа­лады. Сол себепті мемлекет тарапынан елі­міздің топырақ жағдайы мен өсімдік­тер әлемін жіті зерделей отырып, алды­мен отандық тыңайтқыштар реестрін жасап шыққан абзал. Осыдан кейін отандық тыңайтқыштарды тиімді әрі жүйелі қолданушы шаруашылықтарға арнайы сыйақы тағайындаудың меха­низмін құру қажет. Биыл 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, оның 63%-ы отандық тыңайтқыштар үлесіне жатқызылған. Бірақ отандық өнімнің сырттан келіп жатқан өнімдермен бә­секелесе алуы және диқандарға толықтай отандық өнім туралы ақпарат берілу жағы күмәнді. 

Ауыл шаруашылығы ел экономи­касының драйверіне айналуы керек деп айтып жүрміз. Жалаң айқай мен ұраннан түк шықпайтынын соңғы 30 жылда көріп болдық. Енді жоғарыдағы ғалым­дардың сөзіне құлақ асып, ауыл шаруа­шылығына ғылымды мемлекеттік маңы­зы бар жобалар негізінде енгізу қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы ғылыми институттарды қайта саралап, бірізді қаржыландырылса деген ой біздікі. Әлемнің дамыған ел­дерінде ғалымдар еш уақытта табыс көзін іздеп әр жерге бас сұқпайды. Олар мемлекеттің және мемлекет арқылы жүйеге қойылған шаруашылықтардың тапсырыстарын жүзеге асырып отырады. Ал біздің ғалымдар шаруа қожалықтарын өздері аралап, ғылыми жобаларын өз қолдарымен ұсынып жүр. Жүйелік не­гізде бұлай болуы тиіс емес. Сол себепті ғалымдардың шаруашылықтарға қатыс­ты айтып отырған пікірімен толықтай келісуге болады. Ауыл шаруашылығы са­ласы бойынша әлемде алдыңғы қатар­ға шыққан Канада, Франция, Германия сынды мемлекеттерде шаруалар ең алдымен ғылымға жүгінеді. Ғалымның берген кеңесі немесе дәлелдерінсіз бір қадам алға не артқа жылжымайды. Міне, осы қағиданы орындаған тұста шаруа­ның да, ғылымның да, тіпті мемлекеттің де есебі түгел болмақ. 

Алдаберген Қияс шетелдік тәжіри­бені ұсына отырып, еліміздегі біршама қожалық басшыларына барып жолық­қанын айтады. Мәселені төтесінен қойып, ғылыми тұрғыда қол ұшын созып көмектесетінін де ескерткен. Бірақ егіншілікпен айналысатын шаруа­шылықтар еш ыңғай танытпапты. Әрине, арасында тың тәсілді мойындап, бірлесе жұмыс істейтіндері бар. Десе де, ондайлар саусақпен санарлық қана.

Шаруа қожалықтары мемлекеттен берілетін субсидияға сеніп мәселеге салғырт қарап отыр. ДСҰ-ның талаптары бойынша 2028 жылдан бастап біздің елде ауыл шаруашылығы саласы бойынша субсидия беру тоқтатылуы мүмкін. Сол уақытқа біздің аграрлық сала дайын болуы керек. Ондай жағдай болған кезде біздегі ауыл шаруашылығымен айна­лысушылардың біршамасы нарықтан кетіп, бәсекеге қабілеттілері ғана қа­лады. Осы тұста ғылыммен тығыз бай­ланыс та бір жүйеге келері сөзсіз. 

Бердібек ХАБАЙ