Атырауда жылына бірнеше рет қайталанатын проблема бар. Ол – қамыс өрті. Толық өшіруге бір емес, бірнеше күн кететін тілсіз жау әсіресе жаз мезгілінде тұрғындарға қиындық туғызады.
Қамыс өрті қашан тоқтайды?
812
оқылды

Қаланы басқан түтін мен күлімсі иіске қапырық ауа қосыл­ғанда, далада жүру тұрмақ, тыныс алудың өзі мұңға айналады.

Жылдағы апатқа кім кінәлі?

Әріге бармай, шілденің басындағы жағдайды мысалға алайық. 6 шілде күні басталған өрт салдарынан алғашқы үш күннің ішінде Каспий жағалауындағы 450 гектардан астам аумақтағы өскін күлге айналды. 50 гектар жер ашық от құр­сауында қалды. Тілсіз жаумен күреске 70-ке жуық маман, 20 шақты техника жұ­мылдырылды. Бірақ бұл да отты ауыз­дықтауға жеткіліксіз болды. Қызыл­ордадан тікұшақ көмекке келді. Өрттің шығу себебі белгісіз қалды. 

Бір аптаға созылған өрт салдарынан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерва­ты­на қарасты жалпы ауданы 910 гектар жер жанып кетті. Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы мен қызыл жалын жайлаған аумақтың сулы, батпақты жерде болуына байланысты, қамыс өрті ауыздықтауға қиындық тудырды. 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметін­ше, қамыс өртін сөндіру үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департа­менті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 80 адам мен 14 техника, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тік­ұшағы жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері тікұшақпен 167 рет 500 тоннадан астам су төгілді. 

Қамыс неге жиі өртенеді? Айдалада жатқан Каспий жағалауындағы батпақты жерге кімдер өрт қояды? Атырауда қамыс өртенген сайын тұрғындар тарапынан қойылатын басты сұрақ – осы. Халық арасында осы мәселеге байланысты алып-қашпа әңгімелер де көп. Ел ішінде тараған әңгіменің дені «өртті заңсыз балық тасымалын ұйымдастыру үшін адамдардың белгілі бір тобы әдейі қояды» дегенге саяды. Ресми деректерге қарасақ, былтыр қамыс өртіне себепкер болған 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған. 

– Оның үстіне, «Ақжайық» резерваты­ның аумағы тым үлкен – 115 500 гектар. Желдің екпіні күшейіп, теңіз суы көтеріл­генде, жағалауда да ылғал көбейіп, бат­пақты жерге автокөлік бара алмайды. Сондықтан өртенген қамысты сөндіру қиындық тудырады. Жасыратыны жоқ, қазір облыста сулы, батпақты жерде жүретін техника жетіспейді, – дейді Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержанов. 

Техника тапшы

Осы жерде қамыс өртінің алдында неге сонша қауқарсызбыз деген заңды сұрақ туындайды. Біз осы сұрақты Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевке қойдық. Ол «Ақжайық» ре­зерватындағы өрт қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынып жатқанын хабарлады. 

 – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтің тапсырмасымен, өрт сөн­діру қызметтерінің материалдық-техни­калық базасын жақсартуға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қа­­ражатқа 2 жол тағамайтын көлік, жедел әрекет етуге арналған 2 көлік, 1 автосаты және басқа да қауіпсіздік техникалары алынады. Орман шаруашылығы мекеме­леріне 38 қосымша техника бөлінді, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев. 

Бұған дейін Атырау облысы әкімдігі «Ақжайық» резерватын коммуналдық балансқа алу мәселесін көтерген болатын. Алайда Экология министрлігі резерватты әкімдік балансына беру ерекше қорғала­тын аумақтар туралы заңға қайшы келеті­нін айтты. Дегенмен министрлік қорық­тың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 285 млн теңге бөлген. 

Сондай-ақ атыраулық мамандар өрт­тің жайылуының алдын алу мақсатында ғарыштық мониторинг жүйесін қолдана бастады. 

– Мәселен, 28 шілде күні бұл жүйе ал­ғаш­қы нәтижесін беріп, қамыс өрті тұтанған бойда өшірілді. Бұл қадамдардың барлығы резерваттағы қауіпсіздік, төтен­ше жағдайлардың алдын алуға оң әсерін тигізеді деп сенемін, – деді Жасұлан Бисембиев.

Тағы бір мәселе – Атырауда қамыс өртін өшіруге қолданылатын тікұшақ жоқ. Бұған дейін қызмет етіп келген тікұшақ осыдан біраз бұрын апатқа ұшырап, экипаж мүшелері көз жұмды. Сол апаттан кейін Атырауда екі рет қамыс өртенді. Апталап созылған қамыс өртін өшіруге Маңғыстау, кейін Қызылорда облыстарынан тікұшақ көмекке келді. Өкініштісі сол, «Ақжайық» резерватына тікұшақ алу әзірге жоспарда жоқ. 

Себеп – тікұшақ құнының қымбаттығы. Нарықтағы бағада бір тікұшақты сатып алу үшін 9-12 миллиард теңге шамасында қаражат керек. Сондықтан сала маман­дарына қазір беріліп жатқан мүмкіндік­термен ғана амалдай тұруға тура келеді. 

Қамысты қажетке жаратудың жолы көп 

Биліктегілер техникалық жабдықтау, кадр тапшылығы мәселелерін алға тартып жатқанда, атыраулық оқушы күл боп жа­нып кетіп жатқан қамысты кәдеге асыру­дың жолын ұсынып отыр. Жанель Шай­долла – 10-сыныпқа көшкелі отырған оқушы. Атырауда үнемі қайталанатын қамыс өрті проблемасынан құтылу жолын іздестіре келе, оқушы қыз қамыс­ты құрылыс материалы ретінде қолдану­дың жолын ойлап тапты.

Оқушының мұндай ерекше жоба жа­сап шығаруына Абай орталығы жанын­дағы JasSpace кеңістігінде қосымша білім алуы ықпал еткен. «Биохимия» жазғы қар­қынды курсында білім алған Жанель қамысты тұрғын үй салған уақытта құры­лыс материалы ретінде қолдануды ұсы­нып отыр. Қамыстан үйдің шатырын, тіп­ті, бетон қабырға макетін де жасап көрген. 

– Дамыған елдерде қамысты құрылыс саласында кеңінен қолданады. Нақты айтқанда, цементті үнемдеу үшін арасына қамыс қосылады. Қамыс араласып құйыл­ған бетондарды үйдің қабырғасын тұрғызуға қолдануға болады. Қамысты үйдің төбесін жабатын шатыр ретінде де қолданады. Қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың экологиялық тұр­ғыдан тиімділігі бар. Қамыс қыс мез­гі­лінде үй ішінде жылуды ұстап тұрады. Жазғы мезгілде үйде қоңыр салқын тем­пература сақталып тұрады. Осылайша, қамыс құрылыс материалы ретінде адам өмірін қолайлы ете түседі. Бастысы, қамыс пен сабанды ажырата білу керек. Құрылыс материалы үшін сапалы қамыс қажет, – дейді жас зерттеуші Жанель Шайдолла. 

Біз Жанельден басқа емес, дәл осы қамыс тақырыбын таңдап алуының себебін сұрадық. Сөйтсек, ол Атырауда үнемі қамыс өрті болатын Дамбы ауы­лында тұрады екен.

– Қамыс өртінің денсаулыққа зияны үлкен. Әсіресе, тыныс алу жолы ауыратын адамдар қиналып қалады. Өкпе аурулары, бронхит, астма сияқты дерттер өрт ке­зінде адамды тұншықтырып, жағдайын нашарлатады. Қамыс өртенген уақытта өзіміз де үйдің есік-терезесін аша алмай не сыртқа шыға алмай тұншығып қала­мыз, – дейді Жанель. 

«Биохимия» қарқынды курсының тренері Нұргүл Имамұратованың айтуын­ша, қамысты құрылыс материалы ретінде қолдану – әлемдік өнеркәсіп нарығында бар технология. 

– Әдетте, қамыстан жасалған шатыр қалыңдығы 20-30 см болады. Қамыс су өткізбейді. Оның үстіне, қамысқа жән­дік­тер жиналмайды. Қамыс құрамында ақуыз болмағандықтан, шыбын-шіркей сияқты жәндіктердің жиналу мүмкіндігі – 0 пайыз, – дейді тренер Нұргүл Имамұратова. 

Тағы бір қызығы, металл плиткалардан жасалған шатырлар 20-25 жыл қызмет ететін болса, қамыстан жасалған шатыр­дың кепілдігі 30 жылға дейін жетеді. Тағы бір айта кетерлігі, қамыстың ағашқа қарағанда ылғалға төзімділігі 48 пайызға дейін жоғары. Кезінде ата-бабаларымыз шаруашылықта қамысты кеңінен қол­дан­ған. Малға азық ету, ши тоқудан бөлек, қамыстан тіпті, үйді де тұрғызған. Шетелдерде қамыстың сабағынан қантты да өндіріп жатыр. 

Жас ғалым Жанель Шайдолла мен ұстазы Нұргүл Имамұратова бұл жобаны әрі қарай дамытуға ниетті екендерін айтып отыр.

Айналып келгенде, қамыс та, өртеніп жатқан аумақ та өзіміздікі. Көк түтіннен зардап шегіп жатқан да біз. Сондықтан қамыс өртін болдырмау шараларымен бірге, қамысты кәдеге асырудың амалда­рын да қолға алғанымыз болашақ үшін игі шешім болатындай.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ