Қазақ баласын жылқысыз елестету мүмкін емес. Ықылым заманнан қыл құйрықты Қамбар ата түлігін асыл қазына санаған Алаштың батыр ұлдарымен қатар Сақ патшайымы Тұмар ханымнан бастап Қабанбай батырдың жары Гаухар, Бопай, Назым батырлардың ат үстінде кірпік қақпай ел мен жерді қорғағанына тарих куә.
Дубайдағы шабандоз қазақ қызы
3,730
оқылды

Олардың ізбасарлары бүгінде де бар. Солардың бірі – Дубайда жүріп Қазақстан атынан халықаралық додаларда тұлпарымен топ жарып жүрген Гүлім Аяғанова.

Гүлім Қанатқызы 1992 жылдың 25 ақпанында солтүстік Қазақ­стан облысы Айыртау ауданы­на қарас­ты шалғайда жатқан ат төбе­лін­дей ғана Қарақамыс ауылында дү­ниеге келген. Бала кезінен жылқының құ­лағында ойнап өскен бұрым­ды­лар­дың бірі. Тақы­мы тастай болып тай­ға мініп, ер ба­лалармен қатар жүріп көк­пар тартқан Гүлім қазір көптің арманы бол­ған, биік ғимараттары көк тіреген Ду­байда тұрады. Шетте жүрсе де елін жү­регінен бір сәтке де шығармаған қар­шадай қыз қазір қазақтың намысын қор­ғап, халықаралық жарыстарда топ жа­рып жүргенін біреу білсе, біреу біл­мейді.

Гүлім ат үстінде қашықтыққа ша­ба­тын спортшы әрі Дубай қаласында әй­гілі ALJIYAD ат қорасында атқа мі­­­нуді үйрететін кәсіби жаттықтырушы бо­лып жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлт­тық жарыстарында 100-ден астам жа­рысқа қатысып, 3 жұлдызды ша­бандоз атанған. Ат спортынан Қа­зақ­стан­ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 мәрте тентпеггингтен ха­лықаралық старттарда, 10 мәрте ха­лықаралық ат жарыстарына қатысып жүл­делі орындарға ие болған. 

Жуырда Мәскеуде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қатар, Үн­ді­стан, Сирия, Кувейт және Иран сияқ­ты 8 елдің шабандоздары бас қос­қан халықаралық тентпеггинг жарысы өт­кен болатын. Құрамына Оман, Йе­мен, Мысыр, Ирак, Судан, Иордания, БАӘ және Ресейдің сарапшылары кір­ген халықаралық жарыста қазақ елі­нің намысын Наталья Долгих пен Гүл­ім Аяғанова қорғады. 

Оқырманға түсінікті болуы үшін ай­та кетсек, «тентпеггинг» – бұл ша­бан­доздан аса нақтылық пен батыл­дық­ты талап ететін спорттық найза мен қылыш, басқа да спорттық қару-жа­рақтар қолданылатын ат спортының түрі. Аталған жарыста Гүлім жекелей сын­да топ жарып, алтын медаль иелен­ді. Сонымен қатар қосарлап шабу сайы­сында Гүлім Аяғанова мен Ната­лья Долгих күмістен алқа тақты. 

Гүлім елде жоғары оқу орнын бі­­­тірген соң көңілі қалаған жұ­мыс таппай, өз қалауымен осыдан сегіз жыл бұрын Дубай асқан. Бала кезінен жыл­қы малына үйірсек болып атқа мінуі кәдеге жарап оның болашақ тағ­ды­рының бір-ақ сәтте өрге басуына бас­ты себепкер болыпты. 

– Бір күні Дубайда жүріп жақын ара­ласқан достарымның бірінен мұн­дағы ат қоралар жайлы естіп, қатты қы­зықтым. Содан салып ұрып сол ат қо­раға барып, бір атты сұрап алып қар­ғып мініп, шауып көрдім. Менің ат­қа мініп жүргенімді көзі шалып қал­ған сол жердің иесі, қазіргі бастығым – Али Аль Марзуки бірден өзінде жұ­мыс істеуге ұсыныс жасады. Келі­сі­мім­ді беріп іске кірістім. Қазір осы жерде со­дан бері жұмыс істеп келемін. Бар­лық кадрлық таңдау да менің қолыма көш­ті, – дейді Гүлім Аяғанова. 

Гүлім жұмыс істейтін атқорада араб, ағылшын-араб, испан тұ­қым­ды 200-ден астам ат бар. Түрлі жарыста олжа салып, біліктілігімен көзге түскен Гүлімнің өзінің жеке ба­сын­да ғана төрт тұлпары бар екен. Еш­қайсысын сатып алмаған. Бәрі түр­лі жарыста сыйға беріліпті. Ай­туын­ша, мұнда кадрлардың қызметіне аса жоғары мән беріледі. Мамандар үшін арнайы жеке үй салынған. Жұ­мысшылардың қызметі үшін барлық жағ­дай жасалады. Тек жұмысыңды бі­л­сең болғаны. Күнделікті жұ­мы­сы жылқымен байланысты болған Гүлім әр жылқының мінезінен бастап, қыр-сы­рын бес саусағындай бі­ле­ді. 

– Жұмыс таң азанда бас­­талады. Таңертең ат­тарды тамақтан­ды­­рып, жуып-таза­лап, алаңға жат­тық­­тыруға шығара­мыз. Жарысқа әзірлеу үшін аяқтарын қалпына кел­тіріп, түрлі дәрумен бе­реміз. Аттарды ветери­нар дәрігерлер үнемі қада­ға­лап отырады. Ат күтімі ең бас­ты орынға қойылған. Бір атап өтерлігі, мұндағы жылқылар біз­дің елдің жылқыларына қарағанда нә­зіктеу келеді. Дегенмен жылқы ма­лы­на жасалған жақсы күтім мен күн­делікті аса мән беріп қараудың арқа­сын­да жылқылары аса мықты. Жалпы, мұн­да ат спорты аса қатты дамыған. Ду­байда арнайы ат жарыстарына қа­тыс­тырылатын жылқыларды бап­тай­тын атқора да өте көп. Жарыстарда жиыр­маға дейін жүлделі орындар бел­гіленеді. Жалпы жүлде қоры ке­мін­де 40 миллион теңге көлемінде болады. Жарысқа 200-300 аттан қатысады, – дейді Гүлім Қанатқызы. 

Спортшы қыз елдегі ат спортына мүлде мән берілмей кенжелеп қал­ғанына қынжылыс білдірді. Ай­туын­ша, елде шетелдерде аса жоғары ба­ғаланатын ат жарысы, тентпеггинг сияқ­ты спорт түрлеріне мүлде жағдай жа­салмаған. Тіпті, аталған спортқа дайын­дайтын арнайы орындар да жоқ. 

– Елде ат спортына қолдау мүлде жоқ десе де болады. Халықаралық жа­рыс­тар мүлдем өтпейді. Аттар шабатын ха­лықаралық талаптарға сай арнайы жа­рыс орындары, тентпеггинг, ат жа­рыс сияқты жарыстарды өткізу орын­дары жоқ. Бұл жылқыны алғаш қолға үй­реткен еліміз үшін үлкен сын дегім ке­леді. Өз елімізде осындай жағдай жа­салса, өзге елге барып нем бар еді, – дейді Гүлім. 

Спортшы қыз сондай-ақ ат спор­тынан шетте жүрсе де қазақ елінің намысын қорғағанымен, еш­қан­дай қолдаудың болмағанына на­ли­тынын ашына жеткізді. Тіпті, Қа­зақ­стан­ның атынан жарысқа қатысу үшін ға­на қомақты сомада жарна төлейтін бо­лып шықты. 

– Қазақстан ат спорты федера­ция­сы тарапынан, жалпы спорт министр­лі­гі тарапынан ешқандай көмек қолдау бол­ған жоқ. Тіпті, Дубайда жарысқа елі­­­­­міздің атынан қатысу үшін жыл сайын Қазақстанның ат спорты фе­де­ра­циясына 100 мың теңге сомасында жарна төлеп келемін. Тек сонда ғана Қазақстанның Туымен жарысқа қа­тыса аламын. Осыған дейін өткен бар­­лық халықаралық жарысқа өз қар­жыммен қатысып келемін. Ат спортын да­мытпаса да, елдің намысы үшін ха­лық­аралық додаларда жарысқа қаты­сып тер төккенім үшін қолдау танытса риза болатын едік қой, – дейді Гүлім Аяғанова. 

Сонау Дубай қаласында жүрсе де Гүлім өзінің туған елін, ая­дай ғана Қарақамыс ауылын аңсап, жыл сайын сағынып келетінін айтады. Шет­те жүріп елінің Туын көтерген Гү­лім­ге бастығы Али Аль Марзуки де дән ри­за болып, елге арнайы бірнеше мәр­те қонақ та болып қайтқан екен. 

– Бастығым Али Аль Марзуки – өте кеңпейіл, жаны жайсаң адам. Әкем­­мен аса қатты дос болып алған. Ата-анамды ылғи қонаққа шақырып, өз­дері біздің елге барып тұрады. Жыл сайын Айт мей­рамы кезінде міндетті түр­де туған ауы­лымның жағдайы тө­мен отбасы­ла­рына қаржылай көмек бе­ріп көрсетіп тұрады. Өзім де қолдан кел­ген­ше көмегімді беруге тырысамын, – дейді Гүлім. 

Шекара асып, шетте жүрсе де елін ой­лаған, қарапайымдылық пен қайы­рымдылықты бойына жиған қазақтың Гү­лімі әлі талай жарыста Қазақстан Туын асқақтата көтеретініне сенім мол. Бұл орайда бағзы заманнан жылқы мінезді халық атанған біздің елде ат спортына еш көңіл бөлінбей жатқаны көңілге мұң ұялатады. Тиісті құзырлы ми­нистрліктер мен Ат спорты фе­де­ра­циясы, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы бас­қармалары мен облыс әкімдіктері ар­найы жоба жасап, істің тетігін біле­тін Гүлім сияқты мамандарды елге ал­­дырып, арнайы қаржы бөліп, халық­аралық талапқа сай жағдай жасаса, қазақтың да бұл спорттан бағы жанар ма еді?! Бір жағынан шетелден қазы­наға қаржы құйылса, екіншіден баба­лардан мұра болып қалған ұлттық спор­тымыз жанданып, әлем көкпар, аударыспақ сияқты ұлттық спор­ты­мызды насихаттауға да мүмкіндік бо­лар ма еді? «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, Гүлім сияқты талантты қыздарымыздың өзге елге кетуіне де осындай немқұрайдылық се­беп болмады дей алмаймыз. Сон­дық­тан өркениет көшінде өзге елден қа­лыс қалмас үшін күмбір-күмбір кі­сін­еткен жылқымызды қолға алып, дүбірі төрткүл әлемді таңғалдыратын тұл­парларды додаға салуға күш сала­тын кез жеткен сияқты. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы