Жер бетінде тіршілік жаратылғаннан бері дамыған қай қоғамда, қандай ұлтта болмасын, әйел заты әдемілікке ұмтылған. Тіпті өркениет атаулыдан бірқатар артта қалған кейбір тайпалардың өзінде әсемдік ұғымы өзінше қалыптасқан.
Сұлулық осындай болады екен...
3,149
оқылды

Сұлулық ұғымының ауқымы әсте кең. Оның үстіне, адамзат мекен ете­­­тін ортада түрлі адам, түрлі талғам бар. ХХ ғасырдан бері әйел заты сұлу болуы үшін шашының, қасының түсін, түр-си­патын өзгертіп, боянудың түрлі тәсілін ой­лап тауып, «сұлулық символын» сан құ­былтқаны баршаға мәлім. Ал әсемдікке ұм­тыламын деп дене тұрқын аяусыз өз­герткен, о бастағы физиологиясын бұз­ған­дар жайлы естігеніңіз бар ма? 

Титтей аяққа тамсанған

Х ғасырда ежелгі Қытайда ақсүйек әйел­дердің арасында «алтын лотос» деп ата­лып кеткен титтей аяқ сұлулық сим­волы саналған. Қыздардың ес білген жа­сын­да төрт саусағын табанына қарата бай­лап тастайтын болған. Бұдан аяқтың үс­тіңгі сүйектері сынып, тіпті жүру мүм­кін­дігін шектеген. Ол кезде жоғарғы лауа­зымға ие әйелдерге өздігінен жүру қажет деп саналмаған. Кейбір әдебиеттерде тит­тей аяқ тек ақсүйек әйелдерге тән бол­ған деседі. Ал денінің саулығы мен аяғы­ның дұрыстығы қара жұмысшы мен шаруа­ларға тән деген түсінік қалыптасқан. Қа­лыңдықтың болашағы табанының кө­леміне байланысты болған. 

Аяқты таңып байлау дәстүрі туралы жет­кілікті тарихи деректер бар. Ертеде Шан әулетінің императоры бір қызды құ­лай сүйіп, өз әулетіне әкеледі. Әлгі сұлу­дың аяғы маймақ болған деседі. Сол тұс­та императордың сүйіктісі өз аяғының ке­містігінен қысылып, ханға барлық ел­дегі әйел аяғын мүгедек қалыпқа келтірсін деген тапсырма бергізеді. Келесі бір мә­лі­мет көздерінде, Сяо Баоцзюань импера­тор­дың сүйіктісінің аяғы табиғатынан тит­тей болған делінеді. Сол сұлу ханға жа­лаңаяқ билеп береді екен. Әрі биіне, әрі титтей аяғына тамсанған хан «аяғы ти­ген жерден лотос гүлдейді» деген екен. Сол сәттен бастап, кішкентай аяқ «алтын лотос» деп аталып, ақсүйек әулеттен шық­қан барлық қыздар хан ұрпағына тұрмысқа шығу үшін аяғын аяусыз кішірейткен. 

Аяғы байлаулы әйел өздігінен қоз­ғалу­ға қауқарсыз болған. Ол үнемі  отбасы мен күйеуіне тәуелді, тіпті, күтушісінің көме­гін­сіз ешқайда шыға алмаған. Саясатқа, әлеу­меттік-қоғамдық жұмыстарға ара­лас­пайтын болған. Сол себепті әйелдердің ая­ғын байлау дәстүрі ер-азаматтың би­лі­гінің белгісі іспеттес. 

Әлем тарихындағы сұлу болуға ұмтылған жандардың ішіндегі ең аяу­сыз тәуекел – осы лотос аяқтылар. Мін­сіз аяқтың көлемі 7 сантиметрден ас­пауы керек деп саналған. Мұндай аяқты – «ал­тын лотос», 10 сантиметрден асқа­нын – «күміс лотос», көлемі одан ұзынын «те­мір лотос» деп атаған. Ежелгі Қытайда өмір сүр­ген мұндай қыздар бүгінде тек тарихи кітап­тарда кездеседі. Бұл дәстүр Қытайға моңғол шапқыншылығынан кейін алы­нып тасталған. Десек те, кейбір дерек көз­дері аяқтарын әлі күнге дейін байлап, өзі­не «лотос-аяқ» жасайтын әйелдер бар деседі. 

Мойнын сақина арқылы созады

Дене тұрқын өзгерту арқылы әсем­дікке ұмтылған әйелдер бүгінгі қо­ғамда да кездеседі. Тайланд пен Мьян­ма­ның шекарасында «Каян» деп аталатын кедей тайпа мекен етеді. Тау арасында өмір сүретін бұл тайпа кедей болғанымен, мұндағы әйелдердің дені мойнына құнды мыстан жасалған сақиналар тағады. Бұл тайпаны кейде «ұзын мойындылар» деп те атайды. Тайпаның Мананг есімді мат­риархы бес жасынан бастап 50 жылға жуық уақыт мойнына темір тағады екен. Қазірде 25 сақинадан тұратын ұзындығы 30 сантиметр Мананг соңғы темірін 16 жа­сында киген. Мұндағы балақайлар 5-6 жа­сынан бастап мойнына жезді алқа таға бас­тайды. Әр 3 жыл сайын жаңадан сақи­налар қосылып тұрады. Дененің ауыр­сынуы мен жайсыздық – бұл тайпа үшін өмір­дің бір бөлшегі. Каян тайпаларының ару­лары «ұзын мойындылар» деп аталға­ны­­мен, мұндай сақиналар мойын омырт­қа­ны ұзартпайды. Әрқайсысының салма­ғы 2 келі болатын сақиналар тек иықты төменге жылжытады. Соның есебінен мойын ұзын көрінеді. Бірнеше жыл мой­нына сақина тағып жүрген әйелдер те­мір­ді шешетін болса, мойны сынып кетуі әб­ден мүмкін. Мойын мейлінше ұзын болуы үшін мұндай жезді алқаны ерте бас­тан тағу керек. Бірақ тайпадағы жас қыз­дар тағу яки тақпау мәселесін өздері таң­дай алады. Сырт көзге мойынға тағыл­ған темірлер құлдықтың көрінісі сияқты. Каян тайпасындағы бұл дәстүрдің мағы­на­сы мен мәні, тарихы әлі күнге дейін бел­гісіз. Бес ай бойы каян тайпасының ор­тасында өмір сүрген зерттеуші ант­рополог Лора Макмилан «бұл тайпадағы мойынға сақина тағу дәстүрі ертеде жара­ту­шыға деген құлшылық деп түсіндірілген. Бірақ бүгінде әйелдің мойны қаншалықты ұзын болса, ол соншалық әдемі деп қа­был­­данады» дейді. 

Каяндықтар сән үшін балаларының мойнына жас кезінен ауыр сақина тағып жатса, кейбір африкалық тай­па­ларда 5-6 жасар баланың бетін тілгілеп, түр­­лі тыртықтар мен татуировкалар жа­сайды. Ал Индонезияның Суматрасында жастардың тісін қасқырдікіне ұқсатып егейді екен. 

Сырғалығың кең болса сыйлысың

Сырға – кез келген елдің сән әле­мін­дегі маңызды әшекейлердің бірі. Сол себепті де бұ заманда құлақ тес­тіру таңғаларлық нәрсе емес. Тіпті қазақта он үшке дейін қыз баланың құлағын тесуді ата-ана өзіне парыз санаған. Бірақ кей мә­дениеттерде құлақтың сырғалығын мей­лінше кеңейту сұлулықтың символы са­налады. Мәселен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде сырғалығы кең немесе ауыр әшекей тағатын әйелдер көп кезде­се­ді. Зерттеушілер мұндай құбылысты Буд­даға еліктеумен түсіндіреді. Масаи тай­пасында қыз баланың құлағын 7 жа­сында тесіп, кеңейту үшін ағаштың бір бө­лі­гін салып қояды. Қыздар балиғат жа­сына толғаннан кейін түрлі ауыр сырға­лар тағып, сырғалығын иығына дейін кеңей­теді. Бұл тайпадағы қыздардың сыр­ғалығы қаншалықты кең болса, ол өз орта­сында соншалық әдемі әрі сыйлы. 

Мұндай құбылыс даяк тайпасында да кез­деседі. Олар балаларына тіпті темір сырғаларды ертерек таға бастайды. Жасы ұлғайған сайын сырғалардың қатарын кө­бейте береді. Тайпа көсемдерінің әйелі мен жасы үлкен әйелдердің құлағында сыр­ғаның саны көп болады. Сәйкесінше, бұл кісілерге құрмет те басымырақ. 

Ерні үлкеннің қалыңмалы қымбат

Ал эфиопиялық мурси тайпасында ас­тыңғы ернін кеңейту – әдеміліктің бел­гісі. Мурсиліктер 15-16 жасында астыңғы ер­нін пышақпен тіліп, онда таяқша қоя­ды. Тілінген жараның орны жазылғаннан кейін орнына табақша тәрізді ағаш сала­ды. Уақыт өте табақшаның көлемін ұлғай­та береді. Әлгі дөңгелек ағаш тіске кедергі кел­тірмес үшін, тіпті, астыңғы 4-6 тісін жұ­лып тастайды екен. Тамақтану мен ұйық­тар кезінде табақшаларды шешіп қою­ға болады. Мурсиліктерде ерніндегі ағаш­тың көлемі қаншалық үлкен болса, сол қыз ең әдемі, әлеуметтік мәртебесі жо­ғары саналады. Сәйкесінше, ол қызға тө­ленетін қалыңмал құны да қымбатқа тү­седі екен. Мурси тайпасындағы мұндай құбылыстың пайда болуының екі себебі бар көрінеді. Біріншісі, бұл тайпа жер бе­тіндегі барлық қауіпті жын-перілер адам­ның ағзасына ауыз арқылы кіретін бол­ғандықтан, мұндай ағаш табақшалар со­дан қорғайды деп санаған. Екінші себебі, мурсиліктер өздерін құлдыққа әкетіп қал­мау үшін астыңғы еріндерін әдейі жа­ра­қаттайтын болған. 

Айта берсек, әр елде әсемдік ұғымы әр алуан. Заман ағымы ауысқан сайын сұлу­лық­тың символы да өзгере береді. Бірде бойы ұзын, бірде бойы қысқа, енді бірде толық яки арық қыздар сұлу саналуы мүм­кін. Десек те өркениетке жақын елдердің басым бөлігінде дене бітімін аяусыз өз­герту еш уақытта сұлулықтың белгісі бол­­­­­ған емес. Ал әлемдегі бірқатар тайпада бәрі керісінше. Табиғат берген кейпіңді мейлінше өзгерту көріктілік деп саналады. Каян тайпасының қыздары сияқты өмір бойына ауыр алқаны мойынға тағып жүру, я болмаса, құлағының сырғалығын иы­ғына дейін кеңейту және тағы басқа дене бітімінің аяусыз өзгерісі расында әдемілік үшін құрбандыққа бару ма, әлде тайпалық дәстүрге тәуелділік пе?

Асыл ТҰМАР