Періштені де жолдан тайдырған алтын үшін бағзы заманнан бері әлемде даулы оқиғалар, тіпті ала­пат соғыстар да болғаны аян.
Алтынның айналасындағы дау
958
оқылды

Қымбат бағалы металды өндіруде мүдделер қақтығысы мен аса күр­делі саяси жағдайлар да жиі болып жатады. Ақмола облысы Ерей­ментау ауданында да алтынның айналасында даулы оқиға туындап, қазір мүлде ушығып ба­рады. Ре­сейлік «Росатом» ком­па­ния­сының халықтың мал жаятын жерінде алтын өндіруге ұмтылысы халық­тың наразылығын тудырған.   

Ауданның Бестоғай селолық окр­у­гіндегі Қызылту карьерінде сонау Кеңес Одағы тұсында-ақ молибден мен уран­ның аса мол қоры анықталып өндіру мақ­сат етіледі. Дегенмен ауыл тұрғында­ры­ның айтуынша, егер карьер қазылып, кен өндіру жұмыстары басталса, эколо­гиялық ірі апаттық жағдай болуы мүмкін екенін болжаған сол кездегі белгілі ғалым Колбасин мемлекет басындағы Дінмұхаммед Қонаевқа арнайы хат жазып, кен өндіруге тоқтау салған деседі. 

Бірақ кейіннен 2010 жылдары ре­сейлік «Росатом» компаниясы Бесто­ғайдағы Қызылту кен орнынан сирек кездесетін бағалы металдарды өндіре бастаған көрінеді. Шикізаттың қоры азайған соң ресейлік компания сол маңдағы жерлерге тағы барлау жасаған. Жан-жақты зерттеу жүргізген «Росатом» компаниясының өкілдері Новомарковка ауылының жанынан алтынның басқа да бағалы кен түрлерінің қорын анықтаған. 

Ауыл халқының үзілді-кесілді на­ра­зылығына қарамастан компания Эко­логия, сондай-ақ Индустрия министр­ліктерінің келісімдерін де алып алған. Дегенмен тұрғындар соңына дейін кү­ресіп болмаса, өз күштерімен компания­ны қуып шығуға ниеттенгенін жасыр­мады. Жергілікті қоғам белсенділері аталған мәселеге аудан әкімінің де қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Өйткені осы даулы оқиғадан кейін аудан әкімі Абай Әлжанов жұмыстан босаты­лыпты. 

– Мен осы Новомарковка ауылында туып-өскен азаматпын. Қыстыгүні «Росатомға» осы жерлерден кен қазуға халықтың қарсылығына қарамастан рұқсат берілген көрінеді. Ақпан айында карьер қазамыз деп келді. Бұл жерде талай уақыттан бері халық малын жаяды. Халық малын баққан 400 гектар жайылым жерді карьерге беріп жібермек. Ал ол жерде карьер қазса, халық күн көріп отырған малын қайда апармақ? Халық 100 пайыз қарсы шыққан. Дегенмен олар Новомарковка емес, Бестоғайда қоғамдық тыңдау өткізіп, соны Экология, одан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлік­терінің рұқсаттарын алып қойған. Халық наразылық көтеріп ақыры 29 тамызға тағы қоғамдық тыңдауды бекітіп отыр­мыз. Аудандық прокурорға мәселені жеткізгенбіз. Бірақ ол кен орнын ашпаса, Степногорда алған кенді өңдеу кәсіпор­нында 2 мыңнан астам адамның жұмыс­сыз қалатынын айтып отыр. Сонда біздің өз ауданымыздың халқының жайы не болмақ? Біз соңына дейін күресеміз! Бұл жайылым ғана емес, экологиялық жағ­дайды да ушықтырады. Онсыз да өндіріп жатқан уран, молибден, басқа да метал­дан мұнда онкологиялық ауру түрлері өршіп барады. Степногорда 2000 мың адам жұмыссыз қалады дейді. Аталған жағдайдан облыс прокуратурасы да, облыс әкімдігі де хабардар. Мәслихат сессиясында облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжановқа өзім айтып берген­мін. Халық соңына дейін баруға бекініп отыр, – дейді Ерейментау аудандық мәс­лихатының депутаты Ержан Биекенов. 

Ауданда халық наразылығын білдіріп жатқанымен, облыстағы тиісті құзырлы басқармалар аталған мәселеден еш хабарсыз екенін айтып ақталмақ болды. Ақмола облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров Ерейментаудағы аталған жағдай 1-санатты болғандықтан, Эко­логия департаментіне тиесілі екенін, дегенмен қоғамдық тыңдауға қатысаты­нын айтты. 

Облыстық Экология департаменті де жағдайдан хабарсыз екенін, аталған ауданнан мұндай арыз-шағым түспегенін айтып, дегенмен мәселе бойынша анық-қанығын тексеретінін жеткізді. 

– Ерейментау ауданынан мұндай мәселе бойынша ешқандай шағым түскен жоқ. Қоғамдық тыңдау өткізіліп, алтын өндірудің қаншалықты қауіпті екенін анықтамай, еш нәрсе айта ал­маймыз. Толық зерттеп, жағдайды анық­тау керек. Қоғамдық тыңдауға қаты­самыз, – дейді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Базарбекұлы. 

Облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас­шысы Кенеш Әлімжанов та аталған жағдайдан хабарсыз екенін жеткізді. 

– Мұндай ақпаратты алғаш рет естіп тұрмын. Қазір сұрастырып, анықтап, сосын хабарласамын, – деді басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов. 

Облыстық құзырлы ведомстволардан тұшымды еш жауап ала алмаған соң Ерейментау ауданы әкімдігінен мәселе жөнінде пікір беруін сұрадық. Алайда аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ербол Құттыбаев үзілді-кесілді ресми хат жолдауымызды талап етті. Бірақ хат жолданғанымен, аппарат басшысы да сол күйі хабарсыз кетті. Хат ресми түрде жолданғанымен, арада үш күн өткенде барып қана тіркелді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Баттал Ыбыраев бұрынғы аудан әкімінің не үшін қыз­метінен кеткенін білмейтінін, басқа сауалдарға толыққанды, бірақ кейіннен жазбаша жауап беретінін жеткізді.

– Бізге келіп аудан әкімінің жұмыстан босатылғанын айтты. Не үшін кеткені бізге айтылмайды. Ол біздің құзыре­тімізде де емес. Ресейлік «Росатом» ком­паниясының алтын өндіруі бойынша заңмен бекітілген мерзімде толыққанды жауап береміз, – деді Ерейментау ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Баттал Ыбыраев. 

Бір кен орнын тауысқан ресейлік «Росатом» компаниясының 6 мың басқа жуық мал жайылатын жайылымының карьерге айналуына қарсылық қос тарап арасындағы жағдайды ушықтыруы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы ми­нистр­ліктер мен Үкімет мәселені түбе­гейлі қарас­тырып, жылдамырақ тиісті шешім қабыл­да­ғаны жөн. Алда 29 тамызда қоғамдық тыңдау өт­кізілмек. Түйін бұл жолы тарқатыла ма? Жергілікті тұр­ғындар қанша алтын болса да, жайы­лымсыз қалмау үшін күресетінін айтып отыр. Өзекті жай біздің де назары­мызда болмақ... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы