Сөмкеде жатқан әтірге бола ұшақтан қалып қойып жүрмеңіз. Елдегі әуе көлігіне қол жүгі мен багаж ретінде тиеуге болмайтын заттардың тізімі өзгерді. Ереже заңды күшіне 13 тамызда енеді. Тыйым салынған жүктің қатарында тұрмыста күнде қолданатын заттар да бар, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа ереже: Әуе көлігіне қандай заттарды тиеуге болмайды?
1,650
оқылды

Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен тізім ішкі ғана емес, халықаралық рейстерге де қатысты. Бұйрық 27 шілдеде берілген, бірақ заңды күшіне 13 тамызда енеді. Сол сәттен бастап жүктер бекітілген тізім бойынша тексеріледі.

– Багажға литий-ионды батареясы бар заттар қабылданбайды. Мысалы, гироскутерлер, телефондар, ноутбуктер және басқа да тізімде көрсетілген заттар қабылданбайды, – деді Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Авиациялық қауіпсіздік департаментінің инспекторы Гүлнәр Айтмұханова.

Бекітілген тізім екіге бөлінеді. Мәселен, багажға батареямен жұмыс істейтін электронды темекілер, техникалар, қуаты сағатына 100 Ваттан асатын батареялар өткізуге болмайды.

Халық тұрмыста жиі қолданатын заттарға тоқталайық. Әуе көлігіне сырттан алған су, түрлі дәмдеуіштер мен тағамдар кіргізбейді. Сондай-ақ денеге жағатын крем, опа-далап, әтір мен басқа да спрей, жуынуға арналған гель, тіс пастасы мен дезодарантты да жаныңда ұстауға болмайды.

Авиациялық қауіпсіздік департаменті өкілдерінің айтуынша, бұл – ең алдымен, әуе көлігіндегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында қабылданған шешім. Шетелде бұрыннан бар тәртіп. Елдегі әуежайларда да қолданылып келген.

– Бұл өзгеріс деп айта алмаймыз, бұрыннан бар ереже. Үкімет қаулысында 2023 жылы шілде айында Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығы қабылданды және нақтыланды, – деді Гүлнәр Айтмұханова.

Ұшақтың багажы немесе қол жүгі арқылы алып ұшуға болмайтын заттардың толық тізімі нормативтік құқықтық актілердің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінің ресми сайтында жарияланған. Онда алып ұшатын заттың рұқсат етілген мөлшері де көрсетілген.