Baribar.kz-ке сексолог Айнұр Жұмамұратқызы жыныстық қатынас жайлы кең тараған 12 мифтің рас-өтірігін айтып берді.
Жыныстық қарым-қатынас туралы 12 жалған дерек
6,212
оқылды

№1. Тек жыныстық мүше арқылы оргазм алуға болады

Оргазм тек ер адамның мүшесі әйел адамның қынабына кіргенде ғана болады деу қате. Себебі оргазмды қолмен, вибратормен де оятуға болады. Адамдар көп уақытқа дейін өзге адаммен жыныстық қатынасқа түскісі келмеуі мүмкін. Некесіз қатынасты өмірлік ұстанымына қайшы дейтіндер де бар. Бірақ  жалпы, адам жыныстық қатынасты қалап тұрады, бұл  қалыпты нәрсе. Біреумен жыныстық қатынасқа түскісі келмейтіндер қолмен мастурбация жасап, өзін қанағаттандыра алады.

Бірақ мастурбация құпталатын дүние емес. Күнде немесе аптасына төрт-бес рет мастурбация жасайтын адам серігімен жыныстық қатынасқа түскенде ештеңе сезбей қалуы мүмкін. Миында үнемі «Өзім мастурбация жасап, ләззат алып ала салайын» деген ой тұрады. Мұндай жағдайлар көп. Әйелдер әдетте душ арқылы, вибратормен өздерін қанағаттандыра салады да, күйеуімен қосылғанда оргазм ала алмай жатады. Бұл тәуелділікке айналса, адам терапия алуы керек.

№2. Етеккір кезінде жыныстық қатынасқа түсуге болады

Болмайды. Етеккір кезінде жатырдың мойны ашылып, ол жерден қан ағады. Мұны бір ашық жара деп түсінген дұрыс. Мұндайда ол жараға жыныстық мүшені кіргізген дұрыс емес. Қынапқа инфекция түседі. Етеккір қаны  таза қан, тек ауада ұзақ қалған соң, иісі шығуы мүмкін. Бірақ біз ер қаншалық таза екенін білмейміз. Сондықтан мұндайда әйел ауырып қалуы мүмкін. Бірақ етеккір кезінде әйелдің жыныстық қатынасқа түскісі келетіні қалыпты нәрсе. Себебі етеккір келді деп, либидо өліп қалмайды.

№3. Белден төмен мүгедектігі бар (белден төменгі мүшелері сал) адамдар жыныстық қатынасқа түсе алмайды

Белден төмен мүгедектігі бар адамдар мен сау адамдар жыныстық қатынасқа түсе алады. Оған мысал да көп. Бастысы, мұндай адамдар дұрыс поза таңдауы керек. Бұған қоса, оны оргазмға жеткізу үшін он екі мүшесі сау серігі көбірек күш салуы керек болуы мүмкін. Демек, ұзағырақ аймалап, көбірек жылы сөз айтып, эмоциялық жағынан еліте алуы керек, миға әсер ете білуі қажет.

Сексшоптан арнайы әткеншек сатып алуға болады. Белден төмен мүгедектігі бар адамдар осы әткеншекке ыңғайлы позада отырып, жыныстық қатынасқа түсе алады, яғни, бұл қиын нәрсе емес. Айтқанымдай, эмоциялық еліту өте маңызды. Әйелі түнде керемет болғанын қалайтын ер адам күндіз оның көңілін аулап, дене бітімін көп мақтауы керек. Сексуал қозуды баяу оятып, кезеңімен дайындалған жөн. Себебі секске ықыласы бірден ояна қоймайтын адамдар да бар.

№4. Қынаптың түсі ақ болуы керек

Адамдар порнография көріп алып, жалпы жыныстық қатынасқа қатысты жалған қиялға сеніп қалуы мүмкін. Ол роликтердегі адамдар актерлар екенін түсінуі керек. Бұл бейнелерде әйел адамның қынабы ағартылған, бәрі мінсіз етіп көрсетіледі. Ал шын өмірге келгенде адамдар қынаптың түсі соншалық ақ емес екенін, ер адамның мүшесінің өлшеміне қатысты да стандарт жоғын, серігінің дене бітімі сол бейнелердегідей емес екенін көреді.

Серігі тура сол кадрлардағыдай аймаламауы мүмкін немесе олай істеген күннің өзінде, жеткіліксіз болуы мүмкін. Тіпті серігі мүлдем ештеңе білмейтін, тәжірибесі жоқ болып шығуы да мүмкін. Сондықтан абзалы порнобейнелерді көрмеу керек. Адам бұған тәуелді болып қалатыны ғажап емес.

Тек бірнеше жылдық отбасылық өмірден соң, жыныстық қатынасқа ынтасы мүлдем өшіп қалған жұптар бірге отырып, түрлі жыныстық қатынас сахнасын көруіне болады.

№5. Қартайғанда жыныстық қатынас болғаны маңызды емес/ 60 жастан кейін секс болмайды

Бұл да  қате пікір. 40-45 жаста әйелдерде климакс басталатындықтан, көбі сонымен жыныстық өмір де бітеді деп ойлайды. Негізі бұл  тек етеккір тоқтап, енді әйелдің бала босана алмайтынының белгісі. Ал басқасы сол қалпында жалғаса береді.

Ер адамның жыныс мүшесі «тұрмай» қалғаны сияқты урологиялық проблема болмаса, 60 жаста да ерлі-зайыптылар бір-бірін қанағаттандыра алады. Ал мұндай проблема болмас үшін, ерлер үнемі спортпен шұғылдануы керек.

Жалпы, жыныстық өмір жарқын болуы үшін әйел де, еркек те салауатты өмір салтын ұстануы керек. Әйелдер бимен немесе йогамен айналысуына болады. Екеуі де үнемі дұрыс тамақтанып, ұйқысы қанық болуы керек.

№6. Мастурбация жасайтын еркектер бедеулікке бейім болады

Бұл да көп тараған мифтің бірі. Қанша мастурбация жасаса да, одан ер адам бедеу болып қалмайды. Бедеулікке генетиканың, спермограмманың, сперматазоидтардың қозғалыссыздығы әсер етеді. Ер адамның шәуеті жатырға түскенде, ұрық жасуша мен сперматозоид қосылып, ұрықтану процесі жүреді. Сперматозоид қозғалыссыз болса, ол ұрық жасушасына жетпей-ақ, яғни мақсатқа жетпей өліп қалуы мүмкін. Ал мұның басты себебі — қозғалыстың аз екені, спортпен шұғылданбау.

№7. Жыныстық қатынасқа жиі түсіп, салмақ тастауға болады

Жалған. Айналаға қарасақ, артық салмағы бар адамдар бар екенін көреміз. Бірақ оның көбі жыныстық қатынасқа түседі. Сондықтан бұл  миф. Тек жиі секспен айналысқан адам үнемі тонуста болып, энергияға толып жүреді. Бірақ бұл салмаққа мүлдем әсер етпейді.

Демек, салмақ тастау үшін секспен айналыспау керек. Керісінше, керемет сексті қалайтын адам әуелі салмақ тастауы керек. Себебі артық салмағы бар адам төсекте өз денесін еркін басқара алмауы мүмкін, түрлі позаны да қолдана алмайды. Былай қарасақ, залға барған адам кемі бір сағат түрлі жаттығу жасайды. Ал секспен бір сағат бойы айналыса алмайсыз ғой.

№8. Еркектер үнемі сексті қалап тұрады

Бұлай болуы мүмкін емес, себебі ерлер де адам баласы, олар да шаршайды. Ер адам әйелге қарағанда жылдамырақ қозады. Әйелді көрді, қалады, ойлады, қосылды, бітірді дегендей. Ал әйел адамның жалаңаш жүрген ер адамды көріп қиялға беріліп кете салуы қиындау. Әйелдер алдымен көңіл күйін дұрыстап, іштей дайындалып алуды дұрыс көреді.

Сондықтан үнемі ер адам төсекті қалап тұратындай көрінеді. Бірақ бұл ондай еркектер жоқ деген сөз емес. Бұл  жай адами ерекшелік. Күнде жыныстық қатынасқа түскісі келетін ерлер мен әйелдер бар екені сияқты, айына бір-екі рет төсек қатынасын жеткілікті санайтын ерлер мен әйелдер бар. Бұл «жыныстық конституция» деп аталады. Отбасында мұндай жағдай болса, екі жақ есептеп, ортақ шешім шығаруы керек.

Бірақ ер немесе әйел адам қозып, бірін-бірі қалай тұра, жыныстық қатынаста оргазм ала алмай жатса, уайымдауға болады. Мұндайда сексологтер, урологтер, гинекологтер көмектесе алады.

№9. Жыныстық актінің орташа ұзақтығы  30 минут

Негізі екі адам да жеті минутта оргазм ала алады. Бірақ бұл үшін жыныстық қатынастың кіріспесі жақсы болуы керек, екеуі де жақсылап дайындалуы керек. «Оргазм алуға 1,5 минут та жетеді» дейтін клиенттер бар.

Бірақ ер адамның қуық асты безі қабынса (простатит), жыныс мүшесі сезімталдығын жоғалтады. Мұндайда жыныстық қатынас созылып кетіп, 30-40 минут болуы мүмкін. Кейбір еркек мұны мақтана айтады. Бірақ бұл дұрыс емес. Себебі әйелдің интим аймағы сонша уақыт суланып тұрмайтындықтан, шаршап қалады. Орташа ұзақтық  10 минут. 

Простатит емделеді. Емі ұзақтау болуы мүмкін. Ең абзалы ауырмаса да, еркектер де, әйелдер де алты ай сайын дәрігерге қаралып тұруы керек. Жыныстық қатынасқа түскенде өзіңіз үшін де, серігіңіз үшін де жауапкершілік сезінген маңызды. 

№10. Оргазм болмаса, адам тез қартаяды

Негізі мұның да еш дәлелі жоқ. Оргазм алғанда, адам ішіндегі негативтің бәрін сыртқа шығарып, жеңілдеп қалады. Қозып, жыныстық қатынасты қалап тұрғанда клитор аймағы да, іш те қызады. Сосын сол қызу сыртқа шықпаса, яғни оргазм алмаса, іште қалып қоя береді. Бұдан невроз басталып, адамның көңілі толмаған соң, ашушаң болып кетеді. Жиі қайталанса, күйзеліске де түсіруі мүмкін.

Ал күйзеліске бейім адам жылдамырақ қартаяды. Бірақ солай екен деп әр сексті оргазмға жеткізу міндет емес. Жай ғана рахаттану үшін де жыныстық қатынасқа түсуге болады. Кейде екі серік оргазм ала аламын ба дегенді ойлап жататындықтан, денесін босаңсыта алмай қалуы мүмкін. Бірақ жыныстық қатынасты оргазм алу деп қана емес, әйел мен ер арасындағы интим, сөзсіз, нәзік байланыс деп түсіну керек.

№11. Гинеколог қыздығынан айырылғанын анықтай алмайды

Әйел арнайы креслоға отырған соң, гинеколог оның қыздығынан айырылып-айырылмағанын бірден анықтайды. Қыздық перде қалың немесе жұқа болуы мүмкін. Формасы да әртүрлі болады. Бірақ тәжірибелі маман қыздың жыныстық қатынасқа түсіп-түспегенін бәрібір біле алады.

№12. Жыныстық қатынас барлық ауруға ем

Бұл да өтірік. Күйеуге шықпаған қанша әйел бар, олардың барлық ауруын, күйзелісін интимге тіреп қою қате. Бұған қоса, гинекологиялық ауруға шалдыққан әйелдер де бар. Олардың өмірінде секс бар екені анық қой. Безеуден құтылу үшін де жыныстық қатынасқа түсу керек деген пікірді естиміз. Бұл  ақылға қонымсыз, дәлелі жоқ ой.

Сонымен қатар денсаулыққа пайдалы деп ер адамның шәуетін ішетін әйелдер де бар. Әжімнің алдын алады деп, бетіне жағатын қыз-келіншектерді де білеміз. Бұл  нәжіс. Ал адамнан аққан сұйықты ішу денсаулыққа зиян.