Жезқазған қаласының екі тұрғынына қатысты «MetaGo» қаржы (инвестициялық) пирамидасын жарнамалау күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Аталған фактіні Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратураның үйлестіруімен және агенттіктің көлеңкелі экономика саласындағы талдамалық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде анықтады.
Күдікті тұлғалар «MetaGo» қаржы пирамидасының қызметі туралы ақпараттық ресурстарда («YouTube» бейнехостинг сайты, «Whatsapp» және «Telegram» мессенджерлері, «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілері), сондай-ақ осы қаржы пирамидасының символикасы бар киім мен плакаттарды пайдалана отырып халықпен кездесулер мен жиналыстар өткізген. Осы арқылы 63 млн теңгеден астам сомада залал келтіріп, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне 80-нен астам азаматты тікелей тартқан.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 217-1-бабы (Адамдар тобының қаржы пирамидасын жарнамалауы) бойынша тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар, департамент бұрын жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тіркелген Жезқазған қаласының осы тұрғындарына қатысты «MetaGo» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылыққа алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Егер сіз және сіздің туыстарыңыз «MetaGo» компаниясының қызметінен зардап шексе, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз.