Ресейдің «Астық бастамасынан» шығып, Қара теңізде блокада ұйымдастыруы сал­­дарынан бұл теңіздегі сауда жолдары қауіпті болып кетті.
Қара алтынның тасымалы тоқырамай ма?
1,611
оқылды

Қарсыласының өз порт­тарына соққы жасап, талқандауына жауап қатқан Украина камикадзе катерлері ар­­қылы шабуылдап, Ресейдің Новороссийск портын болашақта құртып тынуы ық­ти­мал. Ал қазақ мұнайының негізгі бөлігі жаһандық нарыққа дәл осы порт арқылы шы­­ғады. РФ порты жабылса, еліміз басты экспорттық тауарын қалай тасымақ? Был­­тырдан іздеп келген баламалы бағыттар не болды?

Өткен аптада экипажсыз катер іспеттес теңіз дрон­дарының шабуылы Новороссийск портын­дағы кемелердің қозғалысына уақытша тыйым са­лынуына соқтырды. Бұл туралы Каспий құбыр кон­сорциумы (КҚК) хабарлады. Артынша мұнай арту және тасу жұмыстары қалпына келтірілген.

«4 тамыздағы жағдай бойынша ВПУ-2 және ВПУ-3 айлақ құрылғыларына байланған танкерлерге мұнай жүктеу штаттық режимде жүзеге асырыла бас­тады. Консорциумның инфрақұрылы­мына зақым келген жоқ. КҚК акватория­сындағы және Новороссийск портындағы кемелердің қозғалысына қойылған уа­қытша тыйым 4 тамызда, сағат 10.39-да алып тасталды. Күзет бөлімшелерінің күштері мен құралдары және мердігер­лердің кезекші су көліктері экипажсыз суүсті жүзу құралдарын анықтауға бағ­дарланды. Табылған жағдайда шұғыл құлағдар етеді», – деп мәлім етті кон­сорциум. 

Бұған дейін Telegram арналар Южная Озериевка ауданында да жарылыстар болғанын хабарлады. Онда Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы орналасқан. Ресейлік ақпарат құралдары әлдебір пилотсыз дрондардың қара алтын қабылданатын «мұнай маягын» шабуыл­дағанын жазды. Әлеуметтік желіде жа­рияланған видеода теңіз дрондарының бірінің атып түсірілген соң ұзақ  уақыт жанып, ақырында жарылғаны бей­неленген. 

Сонымен бірге РФ Қорғаныс ми­нистрлігі қарсыласының теңіз дрондары РФ әскери теңіз базасына да шабуыл жа­сағанын, бірақ базаға зақым келмеге­нін мәлімдеді. Алайда оның жанындағы порт та уақытша жабылып, кемелердің жүрісі тоқтатылған.

Өз кезегінде КҚК «мұнай теңіз шам­шырағына» шабуыл жасалғанын рас­тамады. Барлық қажетті инфрақұры­лымының жұмыс істеп, танкерлерге мұнай тиеп жатқанын нықтады. Оны айғақ­тайтын видеоны жарияламады. Мұның қаншалықты шын екені осы айдың қоры­тындысында, мұнай тиеу көрсеткіштері жарияланған соң белгілі болады.

Қалың қалай, КҚК?

Новороссийск порты жабылған 4 тамыз күні Премьер-Министр Әлихан Смайылов КҚК бас директоры Николай Горбаньмен кездесіп, қалыптасқан ахуалды талқылады. Горбань алдымен Қазақстанның Үкімет басшысын КҚК теңіз терминалы айдынында болған тосын оқиғаның егжей-тегжейі туралы ақпарат­тандырды. Ол КҚК теңіз тер­миналының жабдықтары зақымданба­ғанына, мұ­найдың үздіксіз тиеліп, атап айтқанда, танкерге тиеу жұмыстары штаттық режимде жүзеге асып жатқанына сендірді. 

Жүздесушілер тасымал қауіпсіздігін арттыру шараларын талқылапты. 

Н.Горбань кейін журналистерге берген сұхбатында КҚК теңіз терминалынан мұ­найды үздіксіз жөнелтуді қамтамасыз ету мақсатында консорциумның қа­ты­сушылары қауіпсіздіктің қосымша ша­рала­рын қабылдап жатқанын жеткізді. Әйткенмен, оны не шара екенін нақ­тыламады. Сарапшылардың тұспал­дауын­ша, акционерлерге күзет қызметін күшейтуге, тіпті қорғаныс құралдарын сатып алуға қосымша шығын шығаруға тура келуі мүмкін. 

Жалпы алғанда, тараптар бұл тасымал жолының жабылуын емес, керісінше кеңеюін күтіп отыр. Мысалы, Ә.Смайы­лов пен Н.Горбань Тар жерлерді жою бағ­дарламасын (Программы устранения узких мест, ПУУМ) іске асыруды аяқтау мәселелерін талқылады. Бұл жоба Теңіз –Новороссийск мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 82 миллион тон­наға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Кон­сорциум басшысының айтуынша, КҚК Қазақстаннан мұнайдың көп көлемін жөнелтуге механикалық тұрғыда дайын. Тек қауіпсіздік мәселесі алаң­датады.

Мұның сыртында биылғы шілде айында ПУУМ-ның ең ірі және маңызды нысандарының бірі – Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалындағы мұнай көлемі мен сапасы көрсеткіштерін өлшейтін жаңа жүйенің құрылысы тә­мамдалды. Аталған жүйе шикізатты бір мезгілде 3 құрылғыдан айдауға жол аша­ды. Әйтпесе, бұған дейін негізінен екі құ­рылғы (ВПУ) танкерлерге кезек-кезекпен мұнай құяды екен. Сонымен бір­ге көктем және күз кезінде қолайсыз ауа райы, дауыл-шторм салдарынан тер­миналдың жұмысы тоқтап қалумен бол­ды. Ендеше жаңа жүйе шикі мұнай тасы­малдау көрсеткіштерін ұлғайтуға ықпал етпек.

Кездесу барысында Атырау облысын­дағы КҚК нысандарын энергиямен үз­діксіз жабдықтау, салық салу және ак­ционерлерге дивидендтер төлеу мәсе­лелері қаралды. Себебі Атырауда «Теңіз» және «Атырау» бас мұнай айдаушы стан­­салары орналасқан: олар кен орын­да­рынан, жүк жөнелтушілерден қара алтынды қабылдап алып, құбырға бағат­тайды. Тіпті, «Исатай» және «Құрман­ғазы» атты аралық мұнай айдаушы стан­салар да осы өңірде орын тепкен. 

КҚК бас директоры 2023 жылдың шілде айында консорциум Қазақстандағы «КҚК-Қ» АҚ акционерлеріне алғаш рет жекелей дивидендтер төленгенін хабар­лады.

Бұған дейін ол тек ресейліктерге төлеп келіпті. 

«Бұдан бұрын компанияның 2022 жылғы қызметінің қорытындысында Ресей аумағындағы «КҚК-Р» АҚ акцио­нерлеріне 43 миллиард рубль дивиденд төленген болатын. Бұл 533 миллион дол­ларға тең. Ал биылғы 30 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиы­нында «КҚК-Қ» АҚ есебінің мәліметтері бойынша қалыптастырылған 174 мил­лион доллар таза табысты қазақстандық акционерлер арасында бөлу туралы ше­шім қабылданды. Дивидендтерді төлеу кезінде Қазақстан бюджетіне 6 068 250 доллар салық ұсталды», – деді ақпарат құралдарына КҚК бас директоры Николай Горбань.

«Дружба» да тоқырады

Десек те, Қара теңізде қауіпсіздік бол­маса, ондағы теңіз порттарына үнемі шабуыл жасалса, бұл жоспарлардың бәрі адыра қалуы мүмкін. Бүгінде Новорос­сийск порты арқылы мұнай тасымалы қайта жанданды. Бірақ оған кіретін танкерлер үшін алда сақтандыру құны күрт қымбаттайды деген болжам бар. Тасымал компанияларының бір бөлігі Украина «әскери қауіпті аймақ» деп жариялаған Қара теңіздегі сол ресейлік порттарға кірмеуі мүмкін. 

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Польша Ресейден келетін «Дружба» мұ­най құбырының Германияға бағытталған тармағын уақытша ағытып тастады. Бұған Ходеч қаласының тұсында құбыр­дан ақау шығып, шикізаттың сыртқа шым-шымдап шыға бастағаны себеп болған екен. 

Теңізбен емес, құрлықпен қара алтын таситын осы магистралды құбыр арқылы да қазақ мұнайы Еуропаға, соның ішінде Германияға арна тартады. 

Қазақстанның Энергетика министр­лігі «Дружба» құбырының жабылуы қа­зақстандық жеткізілімдерге кері әсер етпейтінін мәлімдеді. Оның дерегінше, биылғы тамыз айында «Самара» стансасы бағытында мұнай тасымалы жоспарлан­ған. Самарадан ары қарай қара алтын Гер­мания аумағына жақын жерге, Пол­ша­дағы Adamowo-Zastawa («Адамова застава») елді мекеніне жетіп, еуропалық құбыр жүйесіне қосылады. Бұл – Қа­рашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. компаниясының өнімі. Тамыздағы тасымалдың жалпы көлемі 100 мың тонна көрінеді. 

«Тәуліктік кесте бойынша 2023 жыл­ғы 3 және 5 тамыз аралығында Аты­раудағы Үлкен Шаған аралық мұнай айдау стан­сасында осы мұнайдың 11,6 мың тоннасы қабылданды. Қалған көле­мін қабылдау 6 тамызда басталды және 29 тамызға дейін жалғасады. Содан соң оны Самара ара­лық мұнай айдау станса­сы бағытында тасымалдау 25 тамыздан 29 тамыз ара­лығында жүзеге асырыла­ды», – деп тү­сіндірді Энергетика министрлігі. 

Ведомствоның мәліметінше, қазақ мұнайы одан ары Германияға шамамен 28-30 тамыз аралығында жеткізіледі деп күтіп отыр.

Яғни, соған дейін Польша «Дружба» құбырының германиялық тармағындағы ақауларды жояды деп үміттенеді. Кеше, 7 тамызда «Дружбаның» польшалық операторы PERN компаниясы зақым­далған тармақтағы жөндеу жұмыстарын жеделдетіп жатқанын, нәтижесінде оны­мен Германияға мұнай айдауды 8 тамыз­дан соң қалпына келтіруге тырысатынын мәлімдеді. 

Негізі, «Дружба» құбыры ресейлік Транснефть алпауытының меншігінде. Қазақстандық «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы одан биылғы 2023 жылы осы құбырмен 1,2 миллион тонна қазақ мұ­найын Германияға тасымалдауға квота алды. 

Баламалы бағыт, қайдасың?

КҚК бас директоры Николай Горбань Қазақстанның Үкімет басшысы Әлихан Смайыловпен әңгімесінде қазақстандық қара алтынды әлемдік нарықтарға шы­ғаруда Теңіз–Новороссийск (КҚК) мұ­най құбырына бәсекелес болатын балама бағыттарды қарастырғанын айтты. Оның пікірінше, әзірге КҚК-ға толыққанды балама жоқ. 

Мұнай-газ саласының эксперті Н.Жұмағұлов КҚК магистралін толық алмастыра алатындай әзірге балама жоқ деген байламын қостады. 

Ақтау теңіз порты арқылы Әзербай­жанға бүгінде кем дегенде 5-7 миллион тонна мұнай жөнелтуге болады. Мұнай құю қуаттылықтарын қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң бұл көлем 12,5 миллион тоннаға дейін жеткізіледі. 

Бұдан бөлек, Иранға СВОП-жеткізу жолы бар. Алайда ол үшін қосымша ке­лісімдер қажет. Қалай болғанда, Қа­зақстан Новороссийск порты арқылы айдауын жалғастырады. 

Бұл ретте Украина тарапы мұнай та­сымалдайтын азаматтық танкерлерге, кемелерге шабуыл жасамайтынын қо­сымша мәлімдеді. Украиналық дрондар жарып, істен шығарған ресейлік Sig танкері бұл қатарға жатпаған, өйткені украиналық барлау қызметі оның Украина аумағын оккупациялаған РФ әскерінің техникасына отын тасығанын әшкерелепті. 

Argus агенттігінің ақпаратынша, Қа­зақстан биыл мұнай өндірісін 90,5 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлады. Сондықтан республикаға Ресейді ай­налып өтетін баламалы жолдарды бәрібір іздеуге тура келеді. 

Агенттік сарапшылары барлық ба­ламалы бағыт қолданыстағы және тал­қылау барысындағы болып бөлінетінін жеткізді. Негізгі және қолданыстағы бас­ты баламалы бағыт – Каспий арқылы Әзер­байжанға танкерлермен жеткізіп, Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құ­бырына қосу болып отыр. Бұл бағытта 2023 жылы шамамен 1,5 миллион тонна қазақ мұнайын жөнелту жоспарланған. 2026 жылға қарай бұл көлем 10 есе өсіп, 15 миллион тоннадан асуы тиіс. 

Екінші бағыт ретінде былтырдан бері грузиялық Батуми портына Теңіз кен орнының мұнайын теміржол цистер­на­ларымен жеткізу қайта жанданды. Үшін­шіден, құрлықтағы «Дружба» құбыры арқылы Германияға 1,2 миллион тонна мұнай экспорттау қолға алынды. Осы құбырдың оңтүстік тармағымен де мұнай тасымалдау мәселелері пысықталып жатыр. 

Иран бағыты да перспективті са­налады. Компаниялардың бір тобы бұл елге мұнайды теміржолмен жеткізу жол­дарын қарастыруда. Тек оның шығындары көбірек болып тұрған көрінеді. Негізгі бөлігі Каспий арқылы жолдануы мүмкін. Сонымен бірге Тегеранмен келісімге келу де оңай шаруа емес. Келіссөздер ұзаққа созылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Каспийдегі теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті 21,2 миллион тоннаны құрайды. Ақтау және Құрық порттарында 2 мұнай құю, 2 астық, 3 паром және 2 құр­ғақ жүк терминалы жұмыс істейді.

Бірақ КҚК бәрібір негізгі бағыт болып қала береді. Ол басқа баламалы бағыттарға қарағанда экономикалық тиімді әрі ма­ша­қаты аз. Биыл сол арқылы Қа­зақстан­ның 56,5 млн тонна мұнайын әлемдік нарыққа жеткізу жоспарланған. Демек, Ресейдің соғысын тоқтатып, Украи­намен бітімге келуін тілейтін елдер­дің ішіндегі алғашқысы Қазақстан болса керек.

Елдос СЕНБАЙ

© коллаж: Елдар ҚАБА