Ұсталған сәтте күдіктіден 17 800 евро және 115 000 теңге ақша тәркіленді.
Қарағандылық полицейлер алаяқтарға жұмыс істеген курьерді ұстады
1,179
оқылды

Қарағанды облысының полицейлері алаяқтарға жұмыс істеген «курьерді» ұстады, – деп хабарлады Polisia.kz.

Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 5 тамыз күні 75 жастағы зейнеткер арызбен жүгінді. Жәбірленушіге өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреу хабарласып, қызының жол-көлік оқиғасына ұшырағанын айтқан. 50 жастағы қызының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша талап еткен. Кейін хабарласқан белгісіз адам телефон тұтқасын әйел адамға берген. Оның дауысы жәбірленушінің қызының дауысына ұқсас болған. Не істерін білмей қалған жәбірленуші үйінде жинаған 19 000 евро және 14 700 АҚШ доллары барын айтқан. Сол кезде хабарласқан адам оның үйіне «курьер» баратынын айтып, ешқайда шықпауын ескерткен.

Жедел әрекеттер барысында Шахтинск қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні Астана қаласындағы банкоматтардың бірінде ақша салып жатқан жерінен ұстады. Оның 19 жастағы Тараз қаласының тұрғыны екені анықталды. Жігіт ақшаның қандай жолмен келіп жатқанын білген. Ұсталған сәтте күдіктіден 17 800 евро және 115 000 теңге ақша тәркіленді.

«Өкінішке қарай, алаяқтық туралы ескертулерге қарамастан, алданып қалған адамдардан әлі де арыздар түседі. Жыл басынан бері Қарағанды қаласында «жол-көлік оқиғасына түсті және қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет» деген желеумен алданып қалу дерегі бойынша 80-нен астам арыз тіркелді. Жүргізілген кешенді жұмыстар барысында осы істерге қатысы бар деген күдікпен 27 адам ұсталса, оның бесеуі – кәмелеттік жасқа толмаған, 13-і – такси жүргізушісі. Егер де сіздерге белгісіз адамдар хабарласып, «балаңыз немесе жақын туысыңыз жол-көлік оқиғасына түсті, жауапкершіліктен босату үшін ақша қажет» деген қоңыраулар болса, бірден телефон тұтқасын қойып, 102 арнасына қоңырау соғуыңызды сұраймын», – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.