СҚО-ның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «зорлау және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер» бабы бойынша сотталушы Иван Мальченкоға қатысты қылмыстық істі қарады.
Оқиға былтыр 13 шілде күні болған. 1995 жылы туған Иван Мальченко Петропавлдағы Ойқала шағын ауданында 8 жасар қызды зорлады.
Ер адам 2004 жылдан бастап психикалық ауруына байланысты психиатриялық ауруханада есепте тұрған. Бұған дейін бірнеше рет сотталған, соңғы рет ауыр қылмыс жасаған ол 2021 жылдың желтоқсанынан бастап Ольшанка ауылында қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстырылған. Қылмысқа жазасын өтеп жүріп барған.
«Сот-медициналық сараптама кешенді түрде жүргізіліп, Мальченко біраз уақыт бақылауда болды. Қоғамдық қауіпті әрекет жасаған оның сол кезде есі дұрыс болмағаны анықталды», – деді СҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.
Прокурор, жәбірленушінің өкілдері және сотталушыны қорғаушылар Мальченконы қылмысты ақылсыз күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды сұрады.
Сот қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттерді ер адамның есі дұрыс емес жағдайда жасағанын дәлелдей отырып, оны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Мальченкоға мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шара қолданылады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
фото:turkystan.kz