Ауыл тұрғындары қалаға қатынайтын қоғамдық көлікті қайта жандандыру мәселесін көтерді.
Жарық сөніп, су тоқтап қалады – «AMANAT»-тың Қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар ауылдағы ауыр жағдайды айтты
641
оқылды

 

«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының өкілдері Зеренді ауданына қарасты Приречное және Викторовка ауылдарында көшпелі Қоғамдық қабылдау өткізді. Облыстық мәслихат депутаты Марат Оразалин, Зеренді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Светлана Шихалева және аудандық мәслихат депутаттары алдымен Приречное тұрғындарымен кездесті.

Өз кезегінде, тұрғындар ауылда жарық жиі сөніп, күніне бірнеше рет су тоқтап қалатынын ашық айтты. Бұған қоса, ауыл құдығының жеке шаруашылық иелігіне өтіп кеткені, электр сымдарының тозығы жетіп тұрғаны, көпір жолын үнемі су шайып кететіні де тұрғындарды тығырыққа тіреп тұр. Осы және өзге де мәселелер жөнінде ауылдық округ әкіміне қойылған сұрақтың ешқайсысына мардымды жауап болмады. Халық қалаулысы Марат Оразалин тұрғындарды толғандырған барлық көкейкесті мәселені жазып алып, соған сәйкес құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдайтынын және қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға барынша ықпал ететін жеткізді.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары қалаға қатынайтын қоғамдық көлікті қайта жандандыру мәселесін көтерді. Бұл ретте, Светлана Шихалева автобус қатынасына мемлекеттік субсидия бөлетінін және бұл мәселе жуық арада шешімін табатынын айтты.

Ал Викторовка ауылында партиялықтар Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, Красиловка ауылына балалар ойын алаңын орнату мәселелерін назарға алып, бұл бағытта да тиісті жұмыс жүргізілетін болды. Қабылдауға келген азаматтардың мәселесін жазып алған облыстық Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова ауыл тұрғындары партияның аудандық немесе облыстық филиалына әрдайым келе бермейтінін атап өтті.

«Біз тұрғындардың түйінді мәселелерді айтып келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл қадам шалғай ауылдардың мәселелерін назарға алып, жүйелі шешім қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Айта кетейік, партияның Ақмола облыстық сайлауалды бағдарламасына сәйкес, алдағы 5 жылда өңірдегі 65 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау, су бұру нысандарын салуға және реконструкциялауға, 525 шақырым сумен жабдықтау, су бұру желілерін салуға қол жеткізіледі. Бұған қоса, партия облыстағы 28 шағынауылда кешенді блок-модульдерді орнату мәселесін шешеді. Сонымен қатар 718 шақырым электрмен жабдықтау құрылысына қол жеткізіліп, бұл облыстың 6 елді мекенін (Аршалы, Бурабай, Зеренді, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қалаларын) тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Ақмола облысының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 1911 өтініш түсіп, оның 56 пайызы оң шешімін тапты, 42 пайызына  түсініктеме берілді, қалған 2  пайызы орындалып жатыр.