«AMANAT» партиясы жа­нындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Абай күніне орай елордалық шы­ғар­­ма­шыл жастардың кездесу ке­шін ұйымдастырды. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты шара Астанадағы Қа­лам­герлер алеясында өтті.
Мәні терең кеш
1,205
оқылды

Кездесуге жиналған жастар өз шы­ғармашылығындағы Абай тақырыбы мен Абай шығармашы­лығының тереңіне шомып, еркін түрде бір-бірімен пікір алмасты.

«Абайдың туған күні қар­саңында ұйымдастырылып жатқан түрлі формат­тағы шаралар Ас­танада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде өтуде. Ал Ас­танада қалам­герлер аллеясында ұйым­дастыруы­мыз жастарымызға ерекше әсер етеді деп ойлаймын», – дейді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

 Шараға қатысушы жастар ұйым­дастырушыларға алғыс айта отырып, алдыңғы аға буын өкіл­дерінің өмір жо­лымен терең та­нысты. Шараға арнайы келген шы­ғармашыл жан­дардың қа­тарын­да Жазушылар одағының және  Журналистер одағының мүшесі Мирас Асан, Жазушылар одағының мүшесі, Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Жәнібек Әлиман, Жазушылар ода­ғының мүшесі Батырхан Сәрсенхан, сон­дай-ақ абайтанушы ғалым Алмахан Мұхаметқалиқызы да болып, өзінің Абай шығармасы мен өнегелі өмірі туралы тың деректер айтты.

«10 тамыз – Абайдың туған күні. Мен Абайға тек бір  күн емес, осы тамыз айын түгелдей арнау керек деп ойлай­мын. Бізге бұл еш уақытта артық болма­сы шын. Осындай шаралар арқылы Абайды айтып қана қоймай, мектепте, оқу орындарында арнайы пән ретінде енгізуді міндеттеу керек. Оның әр сөзін, әр өлеңін талдап оқу жастар­дың рухын көтерері сөзсіз. Оның терең ой тұңғиы­ғына үңілу әр­қай­сысымызға парыз деп ойлаймын. Абай дана екенін әр азамат­тың, әр тұлғаның жүрегіне орнықтыру керек. Ал ұлы ойшылдың өмір жолына ерекше зерттеу жасау – өз алдына бір ғылым», – дейді абай­танушы ғалым Алмахан Мұхамет­қа­лиқызы.

 Мәні маңызды кешке мектеп оқушылары мен студенттер де келіп қатысты.   

Кеш барысында жастар ақын-жазушылармен пікір алмасып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқыды, Абайдың қара сөздерін тал­қылады. Сондай-ақ шарада Абай ән­дері әуелеп, акапелла түрінде де шырқалды. 

Бердібек ХАБАЙ