Ұшақ пен пойыз кешігуінен жұмысына жете алмай, тіпті жиын­дардан қалып қойған жо­лау­шылар өте көп. Мұндай жағ­дайларда олар ком­паниялардан өтемақы талап ете ала ма?
Жолаушы құқығын талап еткені жөн – Самат Мұсабаев
2,049
оқылды

Ұшақ кешіксе, «кешіріммен» шектелгені дұрыс па? Дәл осын­дай жағдай Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сы­ның мүшесі Са­мат Мұсабаевтың да басынан өткен екен. 

– Самат мырза, ұшақтың, пойыздың кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Ұшақ кешіксе, жо­лаушы не істегені жөн?

– Дұрыс айтасыз, біздің елде ұшақтың да, пойыздың да кешігуі қалыпты жағдайға айналды, оның ішінде көп шағым түсетіні –  SCAT компаниясы. Мен 20 жылдай биз­нес саласында жұмыс істегенімде осы ұшақтардың уақытынан кешігіп ұшуынан көп қиындыққа тап болдым. Сондықтан 2022 жылы Парламентке «Көлік ту­ралы» заң келіп түскенде, осы заңға бірнеше түзету ен­гіздім, соның бірі  – ұшақ, пойыз,  авто­бус, жал­пы тасымал көліктері уақытынан кешіккен жағ­дайда әр сағатына 3 пайыздан өтемақы төлеу. Яғни, мысалы 7 сағат кешік­се, билет құнының 21 пайы­зын тұтынушыға қайтарады. Бұл заң Президент қол қойып, осы жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді. Жақын арада мұндай жағдай өз ба­сымнан да өтті. Астана – Ақтау бағыты бойынша ұшақ 3,5-4 сағатқа кешігіп ұшты. Сосын мен осы заң қолданыста  ма екен деп тексеріп көрдім, яғни шағым түсіріп, билет құнының 12 пайызын қайтарып алдым. 

Нақтырақ айтсам, бірінші, компания­ның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com немесе шағымды eOtinish арқылы жазуға болады. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірі, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және элек­трон поштаңызды жазасыз. Яғни, шағым қалдырасыз. 

Екінші, support@help.airastana.com  тұтыну­шылардың қолдау бөлімінен жауап келеді, «Сіздің шағымыңыз тіркелді» деген жауап болады және қосымша анкета жол­данады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз. 

Үшінші, «Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді» деген хабарлама келеді. Осылай­ша, Сіз Мәжіліс қа­былдаған заңның игілігін көресіз!

– Байқасаңыз, соңғы жылдары пойыздың кешігуі де жиілеп барады. Үш-төрт сағатқа, тіпті бес-алты сағатқа дейін кешігетіндер бар. Бірақ сол өтемақыны талап ететіндер көп емес. Өтемақы берілген күннің өзінде аз-маз ақша төленеді.  Жолаушы үш сағатқа кешіккені үшін билеттің қанша пайызын қайтарып алуға құқылы?

– Жалпы, теміржол бағытындағы көліктердің, яғни пойыздардың кешігу жөнінде айтар болсақ,  билет құны төмен болғандықтан, жолаушылар шағым жазуға ерінеді, азғантай сома үшін  «құр­сыншы» деп қолды бір сілтейді. Бірақ біз осы ар­қылы «Қазақстан темір жолы» сияқты тасымал­даушы компаниялардың міндеттемелерін орында­мауына  жол береміз. Сондықтан ел болып, қоғам болып, заңның орындалуын талап етуіміз керек. Пойыз кешіксе, мәсе­лен, «Алматы – Маңғыстау» бағытындағы пойыз  кешіксе, мыңдаған адам шағым түсірсе, не болмаса, 10 мыңдаған адам шағым айтса, олардың осылай монополист болып, білгенін жасамас еді, шығынға батпас үшін тәртіп орнатар еді.

– «Көлік туралы» заңға «тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3% өтемақы ретінде қай­таруға тиіс» деген түзету енгізуге себепкер болдыңыз. Бұл оң өзгеріс әкелді ме?

– Жалпы, болашақта, әркім арыз жазып ша­ғымданбай-ақ тиісті компаниялар жолаушының құқығы тапталған жағдайда өз еркімен кешірім сұрап, автоматты түрде өтемақыны есепшотына аударатын тиімді жол­дарын қарастыру керек. Мұнымен министрлік айналысқаны жөн. Өйткені халықты ақпараттандыратын да министрлік. 

Біздің міндетіміз – елге, халыққа пай­далы заң­дар шығару, бұрынғы заңдарға түзету енгізу, бұл – ел Президентінің тікелей тапсырмасы. Осы  Әуекеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнаманың 86-бабы да елге тиімді қызмет етеді деп сенемін.

Дайындаған Айым БЕКТҰР