Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары­мен Павлодар облысына барды.
Президент Екібастұздың хал-жағдайын тексерді
941
оқылды

Президент сапары Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығын аралап көруден бас­талды. Қ.Тоқаев жылу электр орталығында жүр­гізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын тек­серді.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың баян­дауын­ша, техникалық аудит нәтижесінде Екі­бастұз ЖЭО акционерлерімен бірлесе қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары дайындалып, бекі­тілді. «ОАЭК» компаниясы жылу желілері­нің әбден тозығы жеткен учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы және ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына қатысты техника­лық шешімдерді әзірледі.

Жоспарға сәйкес «ОАЭК» АҚ-ның жеке қар­жысы (8,2 млрд теңге) және Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есе­­бінен (8,5 млрд теңге) барлық 10 қазандық аг­ре­гаты (5 бу және 5 су жылыту) жөнделеді. 

Нысанның жай-күйімен танысқан Пре­зи­дент Үкімет пен облыс әкіміне Екібастұз ЖЭО-сының қызметін қалпына келтіру жұмыстары­ның сапасы мен мерзімін айрықша бақылауға алу­ды тапсырды.

– Жағдай күрделі. Көп нәрсе тозған. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып, әр­қашан ба­қылауда ұстау қажет. Былтыр қыс­тағы жағ­дай осы қалада да немесе бас­қа қа­лада да қайта­ланбауы керек. Бұл – Үкі­мет пен барлық әкімдердің жауап­кер­ші­лігі. Болған жағдай­дан ащы сабақ ал­дық. Ел азаматта­ры мен аталған қалалар­дың тұр­ғын­да­­рына шыдамдылық пен тү­сі­ніс­тік танытқаны үшін алғыс айту керек. Бі­рақ үнемі төзе беруге де бол­майды. Сон­­дықтан тиісті шара­ларды қабыл­дай­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы орамі­ші­лік және магис­тралды желілердің, сон­дай-ақ қаладағы тұрғын үй қорының ал­да­ғы жылыту маусымына да­йындық ба­ры­сын тексерді.

Асайын Байхановтың ай­туынша, бү­гінде магистралды және орамішілік же­лі­лер­ге жүр­гізілген гидравликалық сынақ­тар нәтиже­сін­де анықталған 304 ақау жойы­лып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту ар­­ма­турасының 76-сы ауыстырылды. Сон­дай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қара­жат есе­бінен 5,4 шақырым жылу ма­гистралі жаңартылып жатыр.

Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойын­ша Екібастұз­дағы апатты жағдай­лар­дың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-ға техникалық судың үздіксіз бе­рілуін қамтама­сыз ететін магистралды құ­быр­дың құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құры­лысы. Бұл қала­ның төрт шағынау­да­нындағы жылу жүйе­сі­нің тең­герімділігін қамтамасыз етіп, 

9 мың­­­­­нан астам қала тұрғынын жылу­­­мен қам­тамасыз ету пара­метр­лерін айтарлықтай жақ­­сартады.

Премьер-Министрдің бірін­ші орынба­сары Роман Скляр Үкімет келесі жылдан бас­тап аталмыш жобаларды қаржылан­дыру мәселе­сін пысықтап жат­қанын жет­кізді.

Президент Екібастұз қала­сындағы жылу электр орталы­ғының жағдайымен та­нысқан соң жергілікті тұрғындармен әңгіме­лесті. Қала тұрғындары үйлерін жылу­мен қамтамасыз етудің мән-жайы тура­лы айтты.

Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағ­дайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық бел­сен­ділік көрсеткені үшін екі­бас­тұздықтарға алғыс айтты.

– Екібастұзға ахуалды көру үшін ар­найы келіп отырмын. Өткен қыс оңай бол­ған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Де­ген­мен бәрі­міз бір ұлт, бір ел ретінде ауыз­бір­­шілік танытуы­мыз керек. Қала тұр­ғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Аза­маттық позиция­сын, көзқарасын біл­дір­ді. Сондықтан бар­шаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкі­метке тиісті тапсырмалар бе­рілді. Тиісті қа­ражат бөлінді. Сон­дық­тан бәрі ойда­ғы­дай болады деп ойлаймын, – деді Пре­зидент.

Қасым-Жомарт Тоқаев был­тырғы төтен­ше жағдай қай­та­ланбауы үшін Үкімет тарапы­нан барлық қажетті шара қабыл­данып жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс ай­тып, Президенттен қаланы абат­­тандыру және әлеуметтік ны­сандар салу мәселесін кө­терді. Атап айтқанда, Екі­бастұз қалалық ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы Самат Рамазанов «Шахтер» сая­бағына күрделі жөн­деу жүргізу қажет еке­нін айтты. Ал көпбалалы ана Аяна Сма­ғұлова қалада балалардың бос уақы­тын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығар­машылық үйін салып беруді сұрады.

Мемлекет басшысы тұрғын­дардың өті­ніштерін назарға алып, тиісті тапсырма бере­тінін жеткізді.

– Дұрыс айтасыз. Назарға ала­мыз. Қыс­қа уақыт ішінде шығар­машылық са­райын саламыз. Жалпы, бізге ел көле­мінде өскелең ұрпаққа қызмет ететін нысандар­ды көбірек салу керек. Спортпен айналысу ке­рек екенін айтып жүрмін ғой. Балаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайық­ты спорт алаңдары, стадиондар қажет. Тіпті, ондай спорт нысандар елор­дада да же­тіс­пейді. Сондық­тан әкімдер бұл мәсе­ле­мен мін­детті түрде айналысуы керек, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сапар барысында Президент Павлодар облысы кәсіп­орын­дарының өнімдерімен танысты.

Көрмеге тамақ және қайта өң­деу, ауыл шаруашылығы, сон­дай-ақ металлургия, машина жасау, құры­лыс индустриясы, мұ­най химиясы және фармацев­тика сала­ларындағы кәсіпорын­дар қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ай­мақтағы кә­сіп­орындардың өнімдер көрмесін аралап көріп, жергілікті кәсіпкерлермен әңгіме­лесті.

Бизнес-қоғамдастық өкіл­дері­мен әңгімелесу барысында Прези­дент шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда соны серпіліс жасап, қа­жетті ынта­лан­дырулар мен пре­ференция­ларды пысықтау қажет екенін айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Павло­дар өңірінің әлеуметтік-экономикалық да­муы және ин­вестициялық тартым­ды­лығы жө­нінде мәлімет тыңдады.

Облыс әкімі Асайын Байханов­тың баян­дауынша, бірінші жар­тыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция та­ртылған. Бұл былтырғы кезеңмен салыс­тыр­ғанда 30 пайызға артық.

Өңір басшысы Екібастұзда құны 35 мил­лиард теңге болатын техникалық крем­ний өндіру зауы­ты салынатынын айт­ты. Cондай-ақ облыста EkibastuzFerroAlloys ком­паниясының зауыты іске қо­сылмақ. Жобаға 92 миллиард теңге ин­вестиция құю көзделіп отыр. Сондай-ақ жо­ба аясында  1500-ден астам тұрақты жұ­мыс орны ашы­лады. Ал теміржол ма­ши­насын жасау саласында RailCastSуstems компаниясы инвестиция көлемі 78 мил­лиард теңгені құрайтын ұста­лық-бандаж өнімдерін шығару кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ASTANA VISION PAVLODAR клиникасына барды. Мем­лекет басшысы жергілікті тұрғындарға офтальмологиялық қызметтер көрсететін ме­дицина мекемесінің жұмысымен таныс­ты. Клиника қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Президент өңірлерде осындай жоғары технологиялық арнаулы медицина мекемелерінің ашылуы өте маңызды еке­нін атап өтті. Мемлекет басшысы орталық ұжымының жауапты қызметіне табыс тіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің негізінде құрылған аймақтық IT-Hub  қызметімен танысты. Президент желілік және жүйелік басқару, 3D-прото­типтеу зертханаларын, металды лазермен кесу цехын аралап көріп, оқытушылармен әңгімелесті. Оқу орнын аралап шыққан соң Президент креативті жастармен жүздесті.