Жетісу облысындағы білім саласында білікті кадрлар тапшылығы біртіндеп шешіліп келеді. Алайда дәл қазіргі кезде өңірдегі жалпы білім беретін орындарда 157 педагог жетіспейді.
Маман тапшылығы – маңызды мәселе
1,554
оқылды

Бірақ биылғы жағдай был­тырғымен салыстырғанда біршама тәуірлеу. Өйткені жаңа оқу жылы қарсаңында өткен жылғы кадр тапшылығы бірден 20 бірлікке азайған. Облыста педагогтер жетіспеушілігін бірінші кезекте жергілікті бюджет есебінен жас кадрлар дайындау арқылы реттеуге баса мән беріліп отыр.   

Облыстық Білім басқармасының мәліметі бойынша, аудандар арасында кадр тапшылығы Панфилов ауданында тым өзекті. Шекаралық аймақтағы мек­тептерде 41 маман жетіспейді. Сондай-ақ Ескелді және Ақсу аудандарындағы білім ошақтарында 25 орыннан бос тұр екен. Пәндер бойынша салыстырар болсақ, математика мұғалімдеріне сұраныс тым жоғары. Мұндағы қажеттілік 40 адамнан асады. Сонымен бірге орыс және ағыл­шын тілдерін оқытатын, химия мен фи­зикадан дәріс беретін мамандарға сұра­ныс басқа пәндерге қарағанда көбірек.

Білім басқармасындағылардың айтуынша, педагогтер жетіспеушілігі тек біздің облыста  емес, бүкіл елімізде өзекті. Соған сай қазір республикалық және облыстық деңгейде бірқатар кешенді шара қолданылуда. Мәселен, кейінгі төрт жылда мұғалімдердің жалақысы жыл сайын тұрақты түрде 25 пайызға артып келеді. Мықты мамандарға тағы да басқа ынталандыру шаралары қарастырылған. Соның ішінде қоғамдағы педагогтер мәртебесін заң тұрғысында бекіту, қар­жылық жағынан қолдау, мұғалімдердің қызметтік мансабының өсуіне және біліктіліктерін арттыруына ерекше мүм­кін­діктер қарастыруға баса назар ау­дарылуда. 

Сөз басында айтып өткеніміздей, облыстағы педагог кадрлар қажеттілігін қамтамасыз етудегі ең басты тиімді ша­ралардың бірі – жас мамандар дайындау. 2017 жылдан бастап өңірде жергілікті бюджет қаржысы есебінен тапшы маман­дықтарға жастарды оқытуға 552 грант беріліпті. 2021-2022 жылдары еліміздегі жоғары оқу орындары біздің облыс үшін 158 жас мұғалімді оқытып берген. Қазір олардың басым бөлігі өңіріміздегі білім беру мекемелерінде табысты еңбек етуде. Былтырғы оқу жылында білім ұйым­дарына колледждер мен жоғары оқу орындарын бітіргендер қатарынан 308 жас маман жұмысқа орналастырылған. Биылғы жаңа оқу жылында жергілікті бюджет есебінен педагогикалық бағытта оқып шыққан тағы 200-ге жуық жас маман облыс мектептеріне қабылданбақ. Олардың арасында 35 шет тілі мұғалмі, 18 математика мұғалімі, бастауыш сы­нып­тардың 14 және химиядан білім беретін 5, физикадан дәріс беретін 2 мұғалім бар. 

Білім саласындағылар жыл сайын жоғары сұранысқа ие педагог маман­дықтарға талдау жүргізеді және соның қорытындысына сай жергілікті бюджет­тен кадрлар дайындауға білім гранттары бөлінеді. Осындай талдау арқасында кейінгі жылдары барлық білім беру мекемесін қазақ тілі және дене тәрбиесі мұғалімдерімен толық қамтамасыз етуге қол жеткізіліпті. Мектептердегі педагог-психологтердің, информатика, музыка, биология және бастауыш сыныптар мұ­ғалімдерінің жетіпеушілігі де айтарлықтай азайған. Жаңа оқу жылында берілетін гранттар тізімі дәл қазір анықталған кадр­лық тапшылықтың өзектілігіне және талапкерлердің қалаған мамандықтарына түсуге берген өтініштеріне байланысты қалыптастырылмақ. 

Саладағы мәселелердің өзектілерінің бірі – жоғарыда айтылған қолдау ша­ралары арқылы қажетті мамандық алып шыққан жастардың ауылдық мектептерде тұрақтап қалуына қол жеткізу. Жасырары жоқ, білім алу кезінде қала көрген жас­тар­дың дені ауылға қайта оралуды қала­майды. Ал зордың күшімен келгендер ұзақ тұрақтамайды. Жас педагогтерді ауылдық жерлерде тұрақтандыру үшін қолданылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында Жетісу облысы бойынша 2009-2022 жылдары білім саласында 2 772 маманға көтерме жәрдемақы беріліпті. Сонымен бірге 1 127 адам тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1 500 АЕК мөл­шеріндегі қолжетімді несиеге ие болған. Тағы басқа да түрлі қол­дау шарасы жүзеге асырылған. Сон­дықтан алдағы кезде де «Дипломмен – ауылға!» сынды жобаларды жалғастырған дұрыс. 

Облыстағы 340 жалпы білім беретін мектепте 15 700 мұғалім еңбек етеді. Олардың тең жартысы – жоғары, бірінші, сарапшы, зерттеуші және шебер санатын­дағы ұстаздар. Саладағы қызметкерлердің жалпы санының 90 пайызға жуығы жаңа форматтағы аттестациялаудан өткен. Педагогтердің біліктілігін арттыру да басты назарда. Мұнда бірінші кезекте Жетісу облысы тұрғындарының 80 пайы­зы тұратын жергілікті жерлердегі білім мекемелеріндегі кадрлардың біліктілігіне көңіл бөлінеді. «Білім беру сапасын арт­тыру және тиімді жұмыс істеудің режимі» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Мұн­дағы басты мақсат – ауылдық мектеп­тердің проблемаларын шешу, ауылда ең­бек ететін мұғалімдердің кәсіби құзы­рет­­тілігін арттыру, талантты балаларға ар­налған білім ұйымдарының тәжірибе­сін кеңінен тарату. Осыған байланысты Талдықорғандағы М.Арын атындағы №24 мамандандырылған лицей, №20 лицей және Білім-инновация лицейі сияқты жетекші оқу орындары шалғайдағы 24 ауылдық білім мекемесі үшін магнит-мектеп ретінде бекітіліпті. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы