Қойнауы талай сырды бүгіп жатқан Аты­рауда тарихи мекендер өте көп. Соң­ғы жылдары аймақта тарихи мекендерді жаң­ғырту бағытында қозғау болып жат­қаны қуантады.
Таскешу мен Сарайшық туристік орталыққа айналады
1,159
оқылды

Құнды жәдігерлер табылды

Тарихта айрықша ізі қалған осындай ме­кен­дердің бірі – «Таскешу» керуен сарайы. Керуен са­райына Атырау облыстық тарихи өлкетану му­зейінің ұйымдастыруымен 29 мамыр және 17 шілде аралығында далалық археологиялық қаз­ба жұмыстары жүргізілді.

Елу күнге созылған қазба жұмыстарының нә­тижесінде археологтар 30-ға жуық құнды жә­дігер тапқан. Мәселен, олардың қатарында Өз­бек хан мен Әз-Жәнібек ханның мөрі басыл­ған күміс тиындар, керамикалық ыдыс фраг­мент­тері, шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған ал­тынордалық стандартты кірпіш тастар бар.

 «Таскешу» – Ұлы Жібек жолының тармағы бол­ған ежелгі керуен жолы. Оның Батыс Қа­зақ­стан аумағындағы ескерткіштерден айыр­машылығы, күйдірілген қызыл кірпіштен жа­сал­ған және консервациялауды қажет етпейді. Экс­педицияны облыстық музейдің архео­лог­тары басқарды», – дейді зерттеушілер. 

Сондай-ақ республикаға белгілі археолог, ор­та ғасырлық қалаларды зерттеуші маман, ар­хеология бойынша PhD докторы Мұрат Қал­менов жетекшілік еткен зерттеу жұмыстары нә­тижесінде керуен сарайдың қақпа бөлігі және шы­ғыс, солтүстік бөлігінде орналасқан сарай бөл­мелері толықтай ашылып, жалпы көлемі 750 шар­шы метр жер аумағынан топырақ шы­ғарыл­ған.

Көзіқарақты оқырман біледі, «Таскешу» керуен сарайын алғаш рет 1950 жылы этнограф Сер­гей Толстов зерттеген. Одан кейін еліміздің ар­хеология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Мар­ғұлан бастаған экспедиция керуен сарайын зер­ттеу жұмыстарында өз қолтаңбасын қал­дырды. 

«Қазба жұмысын алғаш рет облыстық тарих жә­не археология орталығы 2008-2009-2010 жыл­­дар аралығында үш кезеңде жүргізген. Одан кейін­гі зерттеу жұмысын облыстық тарихи өл­кетану музейі 2012-2013 жылдары іске асырды. Се­гіз жылдан кейінгі үзілістен соң қазба жұ­мыстары 2021 жылы қайта қолға алынды. Міне, зерттеу жұмыстары биыл да жалғасын тауып, құнды жәдігерлер табылды», – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев.

 Оның айтуынша, алдағы уақытта керуен са­райын зерттеу жұмыстары жалғасады. 

«Себебі бұл тарихи кешен әлі толықтай зерт­теліп біткен жоқ. Жалпы бұл керуен сарай­ды сақтап қалу үшін яғни ғылыми-реставра­ция­лық жұмыстар жасау үшін құжаттамасын дайын­дайтын боламыз. Болашақта ескерткішті туристік мақсатта пайдалануды көздеп отыр­мыз. Биылғы мақсатымыз өз нәтижесімен орын­­­далды деп айтуға болады. Енді сақтап қалу үшін биыл консервация жұмыстары жасалады», – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу ор­та­лығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев.

Әйгілі археолог Әлкей Марғұланның ізін қу­ған зерттеушілер тарихи ескерткішті тек ту­ризмнің дамушы құралы деп қана қарамайды. Ға­­­лымдар Таскешуді зерттеу – қазақ мем­ле­ке­тінің түп тамыры Алтын Орданы тағы бір қыры­нан тануға жол ашатынына сенімді. Әзірге мұн­да келесі маусымға дейін реставрация жұ­мыс­тары жүргізіледі. 

Атыраудағы тарихи орындарға зерттеу жұ­мыстары мұнымен аяқталмайды. Облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар бас­қармасының басшысы Әбіл Жоламановтың ай­туынша, биыл Қызылқоға ауданындағы Са­райшық қалашығында, Қарабау-2 және Қара­құдық-1,2 қорғандарында археологиялық қазба жұмыстары жоспарланған.

Жеті хан жерленген Сарайшық қаласы – Аты­рау ғана емес, күллі қазақ тарихы үшін ерек­­ше қасиетке ие киелі орын. Алтын Орда дәуі­рін­де астана ғана емес, өркениеттің ордасы бол­­ған Сарайшық қаласын көруге еліміздің түк­пір-түкпірінен, алыс-жақын шет мемле­кет­тер­ден де туристер, тіпті, зерттеушілер келіп жа­тады. 

Ежелгі Сарайшықта қақпа тұрғызылып жатыр

Атырау облысының орталығынан 50 ша­қы­рым қашықтықта орналасқан ежелгі астана Қа­сым хан билік құрған кезеңде саяси-эко­но­микалық тұрғыда айрықша дамыған, ғылыми ор­талық болған. Өткеннің ұлағатын ұрпақ жа­дына сіңіруде айрықша рөл атқарып тұрған Са­райшық қалашығында бүгінде үлкен құры­лыс басталды.

Қазіргі уақытта «Қазреставрация» респуб­ли­калық мемлекеттік кәсіпорнының маман­дары ортағасырлық қаланың батыс қақпасын тұрғызуға арналған жұмыстарды бастап кетті. Жоба бойынша ежелгі астанаға кіретін үш қақ­па салынады деп күтілуде. «Сарайшық» мем­ле­кеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының қыз­меткерлері бұл оқиғаны тарихи және көптен күт­кен жаңалық деп отыр. Себебі бұл қақпа келу­шілерді бір сәтке ежелгі қалаға саяхатқа алып кететін болады. 

«Сарайшық» музей-қорығының бас инспек­торы, археолог Айбек Тұрарұлының айтуынша, кей­бір тарихшылар мен археологтар Алтын Орда қалаларында үлкен қорғаныс пен қақпа бол­мағанын алға тартады. 

«Өйткені олар сол кезде империяның қа­ла­ларына шабуыл жасай алатын қауіпті жаулар бол­ған жоқ деген пікірде. Қолда бар тарихи де­­­­­реккөздердің шектеулілігі мен алуан түр­лі­лігіне байланысты Алтын Орда қалаларында қақ­палар мен қорғандардың болған-болма­ға­нын ешкім нақты айта алмайды. Бұл гипотеза әлі күнге дейін ғылыми пікірталастардың та­қы­­­рыбы болып қала береді. Дегенмен Сарай­шық ортағасырлық қала болғандықтан және оның Алтын Ордадан кейін де болғанын ескере отырып, оның ішкі бөлігіне кіруді бақылайтын қақ­па болған болуы әбден мүмкін», – дейді ар­хеолог.

Дегенмен әйгілі археолог ғалым Әлкей Мар­ғұлан 1950 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР та­рих, археология және этнография инсти­ту­тының Ғылыми кеңесінің отырысында сөй­ле­ген сөзінде: «Сарайшықта екі қақпа болды, біреуі – батыстан, екіншісі – оңтүстік-батыс­тан, олар керуен жолдарына бағытталды», – деп атап көрсеткен. 

«Біз осы ақпаратты ескере отырып және ту­ристердің қалаға жүйелі түрде бару жолын жа­сақтау мақсатында Сарайшыққа батыстан кіру­ге болатын қақпа салуды шештік. Біз Са­райшықты дамыту жоспарын жасап, оны Үкі­метке ұсындық. Үш қақпа салу ұсынылды. Құ­рылысты «Қазреставрация» РМК мамандары жүр­гізеді. Енді барлық маршруттар Батыс қақ­паға бағытталады. Асфальт жолдары төселіп, кө­ліктер үшін автотұрақ салынады», – дейді археолог Айбек Тұрарұлы. 

Қазіргі уақытта археологтар Сарайшық қа­ла­шығында қазба жұмыстарын жалғастырып жа­тыр. 

Визит орталық – бастама ғана

Жақында Сарайшықта жаңа визит орталық пай­далануға берілді. Визит-орталықта мей­ман­дардың тамақтануына және түнеп шығуына жай­лы жағдай жасалған орындар, сондай-ақ келу­шілер үшін Қазақ хандығы, Алтын Орда жә­не одан бұрынғы дәуірлер тарихы туралы те­рең ақпарат беретін экспозициялық зал бар. 

Зал экрандармен және ақпараттық тер­ми­нал­дармен, мультимедиалық технологиямен жаб­дықталған. Сондай-ақ мұнда археология за­лы да бар. Онда қалашықтан табылған жә­ді­гер­лер мен ұлы ғалым Әлкей Марғұланға арнал­ған шағын экспозиция ұсынылды.

Мәлім етілгендей, визит-орталықта бала­лар­­ға арналған шығармашылық секциялар да бар.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ора­лов тарихи ордадағы айтулы орталықты Аты­рау­ға арнайы келіп көріп кетті. 

«Сарайшық» визит-орталығын іске қосу – бұл үлкен істің бастамасы ғана. Қазіргі уақытта Үкі­­мет деңгейінде нысанды дамытудың бес­жыл­­дық жоспарын әзірледік. Ондағы жоспар­лан­­­ған үлкен жұмыстардың нәтижесінде бұл кие­лі орынды шетелдік және ішкі туристер үшін тартымды етеміз деген жоспар бар», – деді ми­­нистр. 

Өткенсіз болашақ жоқ. Тарихымен сусындап өс­кен жас ұрпақ қана жаһандану дәуірінде ұлт­тық кодтан ажырамайды. Тарихты зерделеу, оны жас ұрпаққа насихаттаумен бірге, киелі ор­даларды ішкі туризмді дамыту мақсатында қол­дануға қадамдар жасалып жатқаны қуан­тады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы