10 тамыз – адамзаттың алыбы, ойшыл, философ, аудармашы, композитор, кемеңгер тұлға Абай күні.
Адамзаттың ақыны
1,181
оқылды

2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде осы күн «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын. Биыл – қазақтың бас ақынының 178 жылдығы. Ұлы ақынның күніне орай Абай атымен байланысты барша деректі назарларыңызға ұсынамыз. 

2020 жыл ақынның 175 жылдық ме­рей­тойы аясында ТҮРКСОЙ шеңберінде «Абай жы­лы» деп бекітіліп, әлемнің 70-ке жуық елін­де Абай тойына арналған 250-ден астам түр­лі іс-шара ұйымдастырылды. Сол жылы Ұлт­тық Банк «ABAI. 175 JYL» деген атпен кол­­лекциялық монеталар шығарса, «Қаз­пош­та» «Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл» деген тақырыппен пошта мар­ка­сын айналымға енгізді. Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Бол­гария Елшіліктері мен Чехияның «Кле­мен­тинум» Ұлттық кітапханасы жанынан «Абай» орталықтары, сондай-ақ ҚР Мон­ғо­­­­­лиядағы Елшілігі жанынан Абай бұрышы ашыл­ды. Ал Грузия астанасындағы көше­лер­­дің біріне Абай Құнанбайұлының есімі бе­­рілді. Қазақстанның Түркиядағы Елші­лі­гі­нің бастамасымен ақын құрметіне саябақ пен ескерткіш тақта орнатылды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшіліктің қол­дауы­мен Абу-Даби қаласында «Абай» мәдени-ақ­параттық орталығы ашылды. АҚШ-та Дж.Вашингтон университетімен бірлескен «Абай виртуалды орталығы» (abaicenter.com) жұмысын бастады. Ақпараттық ресурста Абай Құнанбайұлының шығармаларымен қа­тар Қазақстанның тарихы, өнер, кино, му­зыка мен археологиясына қатысты аме­ри­калық сарапшылардың еңбектері мен ма­қа­лалары үнемі жарияланып тұрады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша да 2020-2021 жылдары әлем кар­та­сында Абай атындағы нысандардың саны арт­қан. Ал елімізде 38 елді мекенге Абай Құнанбайұлының есімі берілген. Абайдың есімі берілген ауылдар санынан Түркістан облысы көш бастап тұр. Бір облыста жеті ауыл, екі ауылдық округ бар екен. Одан кейін­­гі орында – Қарағанды облысы. Бұл об­лыста бір аудан, бір қала, екі ауылдық округ, бір ауыл бар. 1 300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақын­ның есімімен аталады. Қазақстан ау­мағында ғана Абай Құнанбайұлына арнал­ған 50-ден аса монумент, ескерткіш пен бюст орнатылған. Сонымен қатар Хәкімнің атын­да телеарна, Алматы Ұлттық универ­си­теті, Алматы қаласындағы Мемлекеттік ака­демиялық опера және балет театры да бар. 

Еңселі ескерткіштер мен көсілген көшелер

Бас ақынның құрметіне аталған кө­ше­лер мен еңселі ескерткіштер елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар. Айта­лық, Душанбеде Абай есімімен аталатын кө­ше бар. Тәжікстанның басты шаһарын­да­ғы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің онкүндігі аясында таныстырылған. 1988 жылдан бері Украина астанасы Киевте Ұлы ақынның көшесі ашылған. Ақын атындағы көше Краматорск, Днепропетровск қала­ларында да бар. 1995 жылы 15 ақпанда әлем­­нің орталығы саналатын Лондон қала­сын­да (Ұлыбритания) Роллан Се­й­сем­баев­тың бастамасымен Абай үйі ашылды. Мы­сыр астанасы Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде (Гер­ма­ния) 2000 жылы Абай-штрассе ашылған. Со­нымен қатар Ташкент (Өзбекстан), Біш­кек (Қырғызстан) қалаларында да, тіпті Үн­дістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көшені кездестіруге болады. Дели­дегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен. Люксембургтен де ақын есімін иелен­ген көшені кездестіресіз. 2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» буль­варында Абай ескерткіші ашылып, ескерт­кіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған. Одан бөлек Ресейдің Алтай Республикасын­да­ғы Көш-Ағаш ауылында да ақын атында кө­ше бар. 2007 жылы Иран Ислам Респуб­ли­касының астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітап­ха­наға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сон­дай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да ақын­ның мүсіні қойылған. 2011 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде Абай Құнан­байұлының атымен аталған көшенің сал­танатты ашылу рәсімі өтті. 2013 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті мар­құм Ислам Каримовтың қатысуымен Таш­кенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші бой көтерді. 2014 жылы Қытай астанасы Бей­жіңнің орталығындағы «Чаоян» сая­бағында, сол жылы Венгрия астанасы Буда­пешт­тегі Астана көшесіне Абайдың ескерт­кіші орнатылды. Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі – 1 070 мм, ені – 900 мм. Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды.

2020 жылдың 10 қыркүйегінде Бухарест ор­талығында Ұлы қазақ ойшылының мерей­тойына орай ақын бюстінің салта­нат­ты ашылуы өтті. Бюст авторы – Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры, мү­сін­ші, Қазақстан Суретшілер одағының мү­шесі Талғат Анарбеков. Сол жылдың 11 та­мызында «Болгария – ағайынды Дине­ва­ны еске алу» қорының қолдауымен қазақтың ұлы ақыны және қоғам қайраткері Абайдың 175 жылдығына орай Свети Влас қаласында­ғы танымал тұлғалар аллеясында Абайдың ба­рельефі ашылды. 2020 жылғы 22 желтоқ­санда БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақ ойшылының 175 жылдығына және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған Абай бюстінің салтанатты ашылуы өтті. 

Көркем және деректі фильмдер

Хакім Абайдың өмірі мен шығарма­шы­лығы туралы бірқатар көркем де, деректі фильм де түсірілді. 1945 жылы ақынның туғанына 100 жыл толуына орай Алматы көркем және хронологиялық фильмдер сту­диясы «Абай әндері» фильмін түсіруді қолға алды. Бұл туындыны соғыс жыл­дарын­­да Қазақстанға келген, сол кездегі Одаққа танымал режиссерлер – Григорий Рошаль мен Ефим Арон түсірді. Сценарийін заң­­ғар жазушы Мұхтар Әуезов жазды. Фильм­­де басты кейіпкерді атақты актер Қали­бек Қуанышбаев сомдаса, басқа рөл­дерді Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Жағда Өгізбаев секілді өнер майталмандары ойнады. Тіпті, әйгілі актриса Әмина Өмір­зақованың экрандағы жолы осы кинодан басталған екен. «Бұл фильм Мұхтар Әуезов-тің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің басты оқи­ғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абай­дың ойшылдығын, ақындығын, халық қамқоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңаша жастармен бірге еке­нін суреттеген», – деп жазады «Абай әндері атты мақаласында белгілі қоғам қайраткері, пуб­лицист Камал Смайылов. 1946 жылы Мәс­кеуде өткен фильмнің премьерасын кө­­­рермендер жылы ықыласпен қабылдаған.

Келесі фильм режиссер Ардақ Әмір­құлов­тың «Абай» (1995) фильмі. Бұл фильм Абайдың жастық шағын және оны белсенді шығармашылық тұлға ретінде қарастыра­тын, XIX ғасырдағы қазақ даласының өмірі, қоғамы және адами қарым-қатынастар туралы көлемді дүние болды. Абайдың рөлін Ға­биден Тұрақбаев сомдап, актерлік шебер­лігін жақсы көрсете білді. 

Келесі соңғы шыққан жаңа фильм ре­жиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құ­нан­бай» (2015) фильмі. Сценарийін кезінде та­­лантты жазушы Таласбек Әсемқұлов жаз­ған. Фильм атақты дала кемеңгері Құ­нан­бай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Абай бейнесі фильмнің соңында көрінеді. 

Көркем фильмдерден бөлек ақын шы­ғармашылығы мен өміріне арналған деректі фильмдер де аз емес. Мәселен 1954 жылы Алма­ты киностудиясы «Абай» деректі филь­мін түсірді. Сценарий авторлары В.Ра­по­порт пен О.Әбішев, режиссері О.Әбішев, опе­раторы О.Зекки болды. Фильм ұлы ақын­ның қайтыс болғанына 50 жыл толуына арналған еді. Фильмде Абайдың Семейдегі әдеби-мемориал мұражайындағы заттар, ақынның кітаптары, қолжазбалары, фо­то­суреттері көрсетілді. Осындай көріністер арасында диктор Абай шығармалары туралы әңгімелеп, ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып тұрады. Алматыда, Москвада өткен еске алу жиындарынан деректі кадрлар, Л.Со­болев пен Г.Мүсіреповтың сөйлеген сөз­дерінен, Р.Абдуллиннің орындауында «Абай» операсынан үзінділер беріледі. М.Әуезовтың сөйлеп тұрған сәтінен көрініс те бар.

Одан кейін 1956 жылы «Абай» диафиль­мін Мәскеу «Диафильм» студиясы түсірді. Сценарийін С.Даронян жазса, кеңесшісі Мұхтар Әуезовтің өзі болды. Ұлы ақынның өмipi мен шығармашылығына қатысты фотосуреттерді басқа да қажетті материал­дарды Мұхтар Әуезов Алматы мен Семейдегі мұра­жайдан алдырған. Бұл жөнінде сце­нарий авторы былай дейді: «Мұхаң Москва­ға келгенде iздеп бардым. «Абай» диафильмі туралы «Абай» романының авторы не дер екен деп күтудемін. Ол менің сценарийімді оқып отырып, деңгелек үстел үстіне жайып тастаған иллюстрацияларға қарап қояды. Мен оның әpбіp қимылын бағып отырмын. Жекелеген «кадрларды» ауыстырып қойып, текске түзетулер eнгізіп жатқанына қызыға қарап отырмын! Мұхаң бұл дүниені, қарсы алдында отырған мeнi – бәрін ұмытқан тәріз­ді. Кенет: «Енді бітті!» деді. Сөйтіп, сценарий тeкciнe қол қойды. Мен иығымнан ауыр жүкті бipey алып тастағандай, epкiн бip дем алдым». Диафильм түсіріліп біткеннен кейін, Мәскеу университетінде Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиетінің тарихынан дәріс тыңдайтын курс студент­теріне алғаш рет керсетілді. 

1983 жылы «Абай. Өмірі мен творчество­сы» деректі фильмін, режиссері Тимурлан Арганчеев түсірді. 

«Абай болып толғанам»

Киелі театр саханасына тұңғыш рет Абай образын Мұхтар Әуезов пен Л.Соболевтің бірі­гіп жазған «Абай» трагедиясын 1940 жы­лы Асқар Тоқпанов шығарғаннан бастап ақын бейнесін сомдау әртістер үшін өнердегі бір белес болды. Ақын жайлы алғашқы спек­такль қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес болып қосылды. Сол алғашқы сәт­ті қадамнан кейін «Абай» трагедиясы көп­теген қазақ театрының үздік туындылары қа­тарына енді. Спектакльдегі Абай бейнесін театр корифейі Қалибек Қуанышбаев сом­дады. Корифейдің рөліне Ұлы Мұхтар Әуе­зовтың өзі риза болып «Пәлі, жаман Қали­бек­тен жап-жақсы Абай туыпты» – деп сәби­ше қуанған екен деген ақпарат бар.

Одан кейін алып тұлғаның бейнесін сом­дау Ыдырыс Ноғайбаевқа бұйырды. Осы­лайша, 1962 жылы Абай бейнесі екінші мәр­те сахнаға жол тартты. Спектакль ұлы артист Қа­ли­бек Қуанышбаевтың кеңесіне сүйене оты­рып, талантты режиссер Әзірбайжан Мәм­­­бетов­тің ортақ туындысы болды. Қойы­лым көбіне трагедиялық, романтикалық ба­ғытта өрбіді. 

«Абай» трагедиясын қойған режиссерлер ішіндегі бірегейі ҚР Халық артисі Есмұхан Обаев өз сұқбатында: «Мен өзімнің режис­сер­лік тәжірибемде «Абай» қойылымын бес рет сахналадым... Абай әлеміне саяхаттап қай­ту, Абай образына кіру екінің бірінің қо­лынан келмейді. М.Әуезов театрында Абай­ды бес ұрпақтың әртістері қойып келе­ді. Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Мәлік Сүртібаев, Ыдырыс Ноғай­баев ойнаса, енді міне, біздің Ерлан Біләл мен Азамат Сатыбалды сомдайды», – деген болатын. 

Одан бөлек Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Болат Әбділманов пен Нұркен Өтеуіловтің де сомдаған образдары халықтың жүрегінен орын таба білді. 

Қорыта айтқанда, қазақтың қара өлеңін құбылтып, парасатты пәлсапасымен қазақ­тың ой-өрісін, көңіл көкжиегін кеңейткен ақылман абыз Абайды тану тек салтанатты шаралармен, есімін мекенге беріп, келбетін сом­даумен ғана шектелмесе керек. Ендігі біз­дің алдағы міндет – Абай сүйген қазақ бо­лып, Абай сынаған қазақтың жөнсіз қы­лық­тарынан ада болу. Ал тек қазаққа ғана емес, әлемдік мәдениетке жаңа серпін бер­ген тау тұлғаның есімі мәңгі өшпей, туын­дылары қазақпен бірге жасай бермек. 

Наурызбек САРША