Еліміздің салық саясаты тәуел­сіздік алғаннан бергі 30 жылда эволюциялық жолмен бірнеше реформаны бастан кешірді.
Салық саясаты қанау ма, қолдау ма?
1,441
оқылды

На­рыққа бейімделу, әлемдік стан­дарттарға жақындату кезеңінен өткен соң 2001 жылы алғашқы Салық кодексі қабылданды. Содан бері де ел қазынасының «киіз кіта­бы» жетілдірілу үстінде. Енді биыл жыл соңына дейін жаңа Салық кодексі қабылданбақ. Ен­деше салық саясатында фис­калдық бағыттан мотивациялық бағытқа бет бұра алдық па? 

Фискалдық парадигмадан арылу қажет

Еліміздің салық саясаты сонау реформа басталған 1995 жылдан бері түрліше өзгерістермен жетілдіріле түсті дегенмен, мұнда дамыта түсетін тұстар әлі де баршылық. Өйткені біздегі салық жүйесі – әлеуметтік экономиканы, инвестициялық стратегияны, сыртқы экономикалық қызметті, өндірістегі құрылымдық өзгерістерді және басым салаларды жедел дамытуды мемлекеттік реттеудің неғұрлым белсенді тетігі бол­ғанымен, оны құруда әу бастан фис­калдық бағдар таңдалып алынды. Был­тырдан бастап енгізіліп жатқан өзгерістер де осы талап аясында қарастырылып отыр. Сондықтан мамандар бізге әлі де болса фискалды парадигмадан бас тарту қажет деп санайды.

«Қазақстандағы салық жүйесінің басты кемшілігі – кәсіпорындардың кірістерінен алым алу арқылы бюджет тапшылығын жоюға бағытталғанында. Сондықтан да ол тәркілеу сипатына ие. Оның экономиканың дамуымен және оның тікелей субъектілері – кәсіпорын­дардың қызметімен жеткілікті байла­нысы жоқ. Мұндай қарым-қатынастың кәсіпорындарды шығын мен банкротқа әкелу жағдайлары Қазақстан нарығының ережесіне айналып кетті. Осы ретте кәсіпорындар жоғары салық салуды болдырмау үшін минималды пайда алуға мүдделі немесе мәжбүр. Бұған бір жағы еркін баға белгілеу кезінде бәсекелес­тік­тің толық болмауы ықпал етіп отыр», – дейді Тұран университетінің Қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Лутпулла Омарбакиев.

Профессордың айтуынша, қазақ­стандық салық тетігі бағаның өсуіне қарай салық төлемдері де арта түсетіндей етіп құрылған. Бұл – жүйенің фискалдық мазмұны тұрғысынан өте ыңғайлы, бірақ салық салудың негізділігі тұрғысынан мүлдем қолайсыз. Өйткені мұнда бюджет кіріс-тілігінің өсіп жатқанының тек «ил­люзиясы» жасалады, ал іс жүзінде мұның бәрі инфляциялық факторға бай­ла­нысты. Мәселен, «салық массасын» толтыру процесі жүріп жатқанымен, сонымен қатар бюджет тапшылығы да арта түседі. Себебі инфляциялық фактор оның шығыс бөлігіне одан да көп әсер етеді екен. 

«Қолданыстағы салық жүйесінің ке­лесі кемшіліктерінің бірі – экономикада дамудың маңызды пропорцияларын қалыптастыруды ынталандырмайтыны. Бұл пропорционалдылықтың өзегі макро және микро деңгейлерде еңбек өнімділігі мен тұтыну қорының өсу қарқынындағы арақатынаста жатыр. Әзірге еліміздегі салық тетігі көрсетілген арақатынасты салықтық әдістермен жанама қолдауға жеткілікті дәрежеде бағдарланбаған. Сондықтан да бізге әлі де болса ойластырылған (салмақты) салық саясатына көшу қажет. Фискалдық рөлмен қатар, ол нарықтың қалып­тасуындағы белсенді ынталандырушы функцияны да атқаруы керек. Осы та­лаптарға сәйкес болу үшін Қазақстанның салық жүйесін реформалауды тоқтатпай одан әрі жүргізе беру қажет. Ол үшін біріншіден тиімділігі төмен салықтарды алып тастау арқылы салық ауыртпа­лығын жеңілдетуді және салық жүйесін оңай­латуды, екіншіден, бірқатар са­лықтық жеңілдіктің күшін жою, «са­лық­тық әділеттілік» қағидатына сәйкес салық төлеушілер мен салық салынатын кірістер шеңберін кеңейту арқылы са­лықтық базаны кеңейтуді ұсына­мын», – дейді профессор Лутпулла Амурулламұлы.

Әрине, бұл бағытта көтерілер мә­селелер әлі де болса, аз емес. Белгіленген талаптар біртіндеп орындалып келеді. Оған Салық кодексіне жыл сайын енгізіліп жатқан толықтырулар мен өз­герістер дәлел. Енді осы атқарылып жат­қан жұмыстардың халыққа, яғни салық төлеушіге түсінікті болуы үшін насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені бізде ең азы салық төлеуші мә­дениеті қалыптаспаған. Оны қалып­тастыруға мүдделі болуы тиіс ор­гандар қарапайым түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Қалай болғанда да, фис­калдық парадигма тек жүйенің жүзеге асыру тетіктерін емес, мұндағы қызмет­керлердің де өмірлік көзқарасын жаулап алған секілді.

Жеңілдіктер ынталандырмай отыр

Қай елдің болмасын салық саяса­тындағы басты мақсат – бюджетті толтыру. Осы тұрғыда Салық кодексінің алдыңғы нұсқалары бюджеттік тұрақ­тылықты қамтамасыз ету және оның кіріс бөлігін кеңейте түсу тұрғысынан жазылған еді. Осылайша, салық саясаты­ның негізгі мақсаты экономиканың сапалы өсуі мен оны әртараптандыру емес, керісінше салық түсімдерін өсіру болды. Осы фискалдық сипатынан бөлек оның көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару, жеңілдіктермен ын­таландыру, артық табысқа ауыртпалық салу сынды тағы да басқа реттеушілік күші бар. Оларды біздің мемлекетіміз сонау тәуелсіздік алғаннан-ақ мүмкін­дігін­ше қолданып келеді. Десе де, осы жылдар аралығында Қазақстан фис­калдық бағыт пен мотивациялық бағыт­тың тең ортасын таба алмай келеді. Өйт­кені көзсіз жеңілдік жасау ел қазына­сын толтыруға кедергі. Ал ауыр салым-салықпен елді қинауға тағы болмайды.

«Біз жүргізген талдау көрсеткендей, 2015 жылдан бастап Қазақстанда салық ауыртпалығын төмендету үрдісі бай­қалады. 2014 жылы салық ауыртпалығы шамамен 30% болса, 2015-2021 жылдар ішінде бұл көрсеткіш 20%-25% ара­лығында болды. Негізінде, салық ауырт­палығының төмендеуі салық базасын кеңейтуге оң әсер ете отырып, экономи­калық белсенділік пен тұтынуды ынта­лан­дыруға әкелуі керек болатын. Ал бұл өз кезегінде салық түсімдерін өсіруі тиіс еді. Алайда біздің тәжірибемізде, мұндай өзгеріс байқалмай отыр», – дейді Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов.

 Оның айтуынша, салықтық жеңіл­діктер ретінде арнайы экономикалық аймақтарды, инвестициялық келісім­шарттарды, салық шегерімдері мен тө­мендетілген ставкаларды, нөлдік ставка шеңберіндегі салық жеңілдіктерді және басқа да салық режимдерін айтуға бо­лады. Қазір осындай салықтай жеңіл­діктердің елімізде 200-ден астам түрі бар. Олардың жиынтық ақшалай көлемі де өте ауқымды. Өз кезегінде салық саясаты шеңберіндегі көптеген жеңілдік, сондай-ақ олардың жүйесіз және айқын емес қолданылуы критерийлері бәсекелестікті бұрмалап қана қоймайды, сонымен қатар бюджетке алынбаған түсімдер ретінде салық базасын азайтады. Мә­селен, қол­да­ныстағы Салық кодексінде бизнестің жекелеген санаттары үшін белгіленетін арнайы салық режимдері (АСР) қарас­ты­рылған. Олар шағын бизнес субъектілері мен жеке кәсіпкерлер үшін салықтардың жекелеген түрлерін өте жеңілдетілген түрде есептеуге және төлеуге мүмкіндік береді. Кодекстегі жиырмасыншы бөлімі тұтас осыған арналған.

«Өз кезегінде тек микро және шағын бизнеске арналған осындай тартымды салық шарттары орта және кейде тіпті ірі компанияларды бірнеше заңды тұлғаға немесе жеке кәсіпкерлерге бө­лінуге, яки ұсақталуға жасырын ынта­лан­дыра бастады. Бұл бөліну оларға АСР шеңберінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан жұмыс істеп тұрған АСР шағын кәсіпорындарды үлкейтуге және орта бизнес санатына көшуге ынталандырмайды. Нәти­жесінде, елімізде орта бизнестің сапалы және елеулі өсуі байқалмайды. Бұл бүкіл экономиканың қарқынды дамуы үшін тежеуші фактор болып саналады», – дейді Олжас Төлеуов.

Мұны ресми статистика деректері де растай түседі. Мәселен, 2015-2023 жылдар аралығында жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 46%-ға (1,3 милионнан 1,9 миллионға) дейін өскен. Ал ЖІӨ-дегі шағын биз­нестің үлесі 22%-дан 30%-ға дейін арт­қан. Осы кезеңде орта бизнес субъек­тілерінің саны тек 0,5%-ға (2897-ден 2910-ға) ғана көбейіпті. ЖІӨ-дегі орта бизнестің үлесі 4,9%-дан 6,3%-ға дейін өскен. Олжас Төлеуовтың айтуынша, мұндай жағдай көптеген факторға, соның ішінде салықтық әкімшілен­дірудің тиімсіз жүргізіліп отырғанымен және салықтық жеңілдіктердің көптігі­нен салық төлеуге ынталанбаумен бай­ланысты туындап отыр. Сондықтан да қазір мемлекеттік органдардың, нарық қатысушыларының, «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі тараптардың қа­тысуымен Ұлттық экономика министр­лігінің базасында арнайы жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеумен ай­налысып жатыр. Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, Салық ко­дексінің жобасы осы жылдың соңына дейін ұсынылуы тиіс.

Салық патриотизмі дегеніміз не?

Жалпы, әлемдік практикада мінсіз салық салу жүйесі деген ұғым бар. Оны сақтау үшін бір-бірімен байланысты бірқатар фактор міндетті түрде болуы керек. Мәселен, салық төлеушілер тарапынан белгілі бір салық тәртібі сақ­талуы қажет. Бірақ Қазақстан жағ­дайында ол тәртіп бізде бар болғанымен, көп ретте сақталмайды. Мысалға ауыл шаруа­шылығындағы бір шағын ша­руашылықты алайық. Оның иесі өзінің техникасы болмағандықтан тракторы немесе комбайны бар көршісі ме, та­нысы ма саған өтініш жасап, жанар-жағармайын құйып, әр гектарына ақ­шасын беріп, жерін өңдетіп алады. Бұл шаруа үшін шығын. Бірақ техника иесі үшін табыс. Ал ол одан салық төлемейді. Оны қадағалап, өндіріп аларлықтай да жергілікті әкімдіктердің қолында еш­қандай тетік жоқ. Тіпті, оны қатаң тексермейді де. Сонда мәселен 10 гектар жерден трактор иесі 60 мың теңге табыс тапты десек, оның шетінен табыс са­лығы, өзгедей әлеуметтік салықтар ұста­лынбайды, зейнетақы жарнасы ауда­рылмайды. Ал ол тек бір шаруа қожалы­ғының жерін өңдеп бермейді, бірне­шеуінен сөйтіп ақша алатынын ескерсек, осылайша бюджетке қарайған ақша түспей қалады. Бұл жерде салық заң­намасының баптары бұзылуда. Сон­дықтан да бізде салық тәртібі толығымен сақталады деп айтуға болмайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған әрбір табыс иесі туралы да осыны айтуға болады. Дамыған мегаполистерде, ірі қалаларда сақталуы мүмкін. Онда да толықтай сақталады деп айту қиын. Ал шынтуайтына келгенде салықтық тәртіп толығымен сөзсіз сақталуы керек. Сонда ғана ел қазынасы толып, мемлекет өзінің функциясын анағұрлым кем-кетіксіз атқаратын болады.

«Бұл тұста мәселе неде? Мінсіз салық салу жүйесі сақталмай отырғанында. Бұл салық төлеушінің қаржылай мәдение­тінің, соның ішінде салық сауаттылы­ғының жоғары деңгейімен байланысты дүние. Егер олар заңды сақтап, соған бағынып, соны орындаса, онда салық жинау тәртібі де сақталар еді. Осы тұста салық патриотизмі деген ұғым туын­дайды. Ол үшін салық төлеуші өркениетті қоғам құруға ұмтылуы керек. «Менің қоғамның жақсаруына қосып отырған үлесім қандай?» деген сұраққа ойлануы керек. Бірақ біздің менталитетіміз соған сай деп мен толығымен айта алмаймын. Неге десеңіз, бізде өңірлерде кейбір жерлерде өте төмен деңгейде еңбекақы төленеді. Ал өзі аз табыстан жырып салық төлегісі келмейтіні тағы аян. Сондықтан да бұл жерде Президент айтқан әлеуметтік теңсіздікті жою үшін халықтың табысын арттыру керек. Статистика бойынша Қазақстанда орташа жалақы 365 мың теңге екен. Бұған қаншалықты сенуге болады? Менің ойымша, бұл белгілі бір саладан ғана алынған сан сияқты. Өңірлерде еңбекақы деңгейі өте төмен», – дейді профессор Лутпулла Омарбакиев.

Экономика ғылымдары докторының айтуынша, салық төлеушілердің мә­дениетін арттыру мәселесінде бізге шетелдерден үлгі алу керек. Мәселен, Германияда бұл жағдай азаматтардың мемлекетті қолдауы деген ұғымда қарастырылады. Салықтың өзі «штайер» деп аталады. Ол тікелей аударсақ, «қолдау» деген сөз. Әрбір неміс салық төлеу кезінде мемлекетке, ортақ игілікке үлесімді қосып жатырмын, қолдап жатырмын деген патриоттық сезімде болады. Ал Америкада салық төлеу дегеніміз қалыпты өмірлік нормаға айналып кеткен. Яки, солай болуы тиіс деген ұғым қалыптасқан. Бас салық департаментінің алдындағы алаңада «Салық дегеніміз – өркениетті қоғам орнату үшін жасалатын төлем» деп жазылып тұр. Ал британдық көзқарасты айтар болсақ, олар үшін бұл – азаматтық борыш. Бізде де Ата Заңда 35-бапта: «Салық төлеу – әрбір азаматтың бо­рышы» деп жазылған. Бірақ бізде сол борышты азаматтарымыз толығымен орындап жатыр ма, дұрыс атқарып отыр ма? Міне, мәселе осында, салық тәр­тібінде жатыр.

«Мұндағы басты себеп насихат жұ­мыс­тарында жатыр. Ең басты кемшілік – халықты ақпараттандыру жұмыс­тарының жеткіліксіздігі. Қоғамда аза­маттар арасында салық органына деген сенімсіздік қалыптасқан. Салық жинау дағдарысы деген бар. Мәселен, көптеген құжат уақытылы өткізілмейді. Бұл енді салық төлеушілердің, соның ішінде заң­ды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің ұйымдастырушылық тәртібінің нашар­лығымен, қаржылай сауаттылығымен байланысты. Бұл өзара әлеуметтік жауап­­кершілік дегенге алып келеді. Жи­нақтай келгенде бұл біздің азаматтық мәдениетіміздің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Ал ол мәдениетті көтеру үшін мемлекет тарапынан қаржылай сауат­тылықты арттыру, әлеуметтік теңдікті қалыптастыру, ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу сынды тағы да басқа кешенді жұмыстар істелуі керек», – дейді Лутпулла Амурулламұлы.

Салық заңнамасы – ұдайы өзгеріс­терге ұшырап тұратын нормативтердің бірі. Уақыт пен нарық талабына сай бейімделгенімен, еліміздің Салық кодексі әлі де болса бір тұрлаулы деңгейге шыға алмай келеді. Сондықтан да мұнда парадигмалық қана емес, экономикалық модельге де түбегейлі өзгеріс қажет-ақ.

Нұрлан ҚОСАЙ

© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ