Бүгін – халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай ұлт мақтанышы туралы 15 қызықты деректі ұсынуды жөн көрдік.
Ұлы Абай жайында қызықты 10 дерек
10,992
оқылды

1. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласынан 180 шақырым қашықтықтағы Жидебай қыстағында дүниеге келген. 59 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын Шыңғыстауға жақын Жидебайдың маңындағы өз қыстағына таяу тұсқа жерленген.

 

2.  Абай тобықты руынан. Әкесі – Құнанбай Өскенбайұлы өз заманының өте беделді, қоғамдық, саяси қайраткер адамы болған. Аға сұлтан дәрежесінде қызмет атқарған. Ол қажылыққа барып, Меккеде қазақ елінен қажылыққа барғандарға арнап, қонақүй салдырған. Сөйтіп, қонақүй XX ғасырдың ортасына дейін сақталып, кейіннен Меккедегі мешітті кеңейту үшін, сатып алынады. Қарқаралыдағы әлі күнге дейін Құнанбай салдыртқан мешіт қолданыста.

 

3.  Ибраһим – Абайдың шын есімі. «Абай» деп әжесі еркелеткен. Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі.

 

4. Ақындық жолға ол 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған. Бір деректерде Абай Көкбайдан өз өлеңін бір қараға сатып алғаны айтылады.

 

5. Абай көзі тірісінде 176-ға жуық өлең жазған. Ең танымалы – «Қара сөздері». 45 қара сөзден құралған бұл шығарманы ақын тоғыз жыл бойы жазған. Шығарма ең алғаш 1918 жылы, өзі өмірден өткен соң 14 жылдан кейін «Абай» журналында жарық көрді. Абай шығармалары әлемнің 60 тіліне аударылған.

 

6. Хәкімнің ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол 20-ға жуық ән шығарған. Соның бірегейі – «Көзімнің қарасы».

 

7. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын 20 жылға жуық бойы жазған. Сондай-ақ бұл роман Лениндік сыйлыққа ие болып, бүкіл әлемге таралды.

 

8.  Абай шығармашылығында бітпей қалған поэма "Әзім әңгімесі". Бұл поэманың сюжеті "Мың бір түн" оқиғасынан алынып, қарттан екі рет алданып қалған Әзім туралы таңғажайып оқиғалар туралы баяндалады.

 

9. Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан. Бірінші жары Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген. Абайдың бірінші әйелі Ділдә, әйгілі Қазыбек бидің шөбересі болып келеді. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі – Еркежан. Ол Абайдың інісі – Оспанның қалыңдығы.

 

10. Абай 16 жасында әке атанады. Оның тұңғышы – Ақылбай. Он баланың әкесі атанған Абай алғашқы немересін қолына 36 жасында алады. Оның аты – Әубәкір;

Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші әйелі Әйгерімнен - Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.

 

11. Абай болыстық қызмет атқарған. Заңды жетік білген. Ел басқару ісіне 13 жасында араласып, 21 жасында болыс болып сайланады.

 

12. Абай: «Атадан алтау, анадан төртеу едім». Құнанбай қажының 4 әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ.

 

13. 1885 жылы Абай бастаған комиссия үш күн, үш түн 93 баптан тұратын «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» жазып шығады. Ақынның абыройын асқақтатқан да осы «Қарамола съезі» еді.

 

14. «Қарамола съезінен» кейін Абайдың дұшпандары тіпті еліре бастайды. Бұл әрекеттері 1890 жылы асқынып барып, ақынға қастық қылмаққа ұласады. Дұшпандық әрекеттің басында Байғұлақ, Құнту атты жуандар мен 16 атқа мінер тұрған еді.

 

15. Ахмет Байтұрсынұлы ең алғашқы – Абайтанушы. Ол 1913 жылы "Қазақ" газетінде "Қазақтың бас ақыны" мақаласын Абайға арнап жариялап, «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген болатын.

фото:tengrinews.kz