Сот қаулысымен ер адам 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Шымкентте ер адам гүл дүкені алдында дәрет сындырып, сатушыны балағаттаған
960
оқылды

Желіде белгісіз ер адамның гүл сататын дүкен сатушысына дөрекілік көрсетіп, балағат сөз айтқан видеосы пайда болды. Сондай-ақ бейнежазбадан оның дүкен алдында дәрет сындырып тұрған сәтін көруге болады,   деп хабарлайды Отырар.

 

Видеоны @eGov.press Telegram каналы жариялады. Онда сатушыға наразы болған ер адам үстел үстіндегі қайшыны қолына алып, шабуылдамақ болады.

Telegram каналындағы мәліметке сүйенсек, ер адам облыс прокурорының ұлы көрінеді. Оқиға 8 тамыз күні Шымкенттегі гүл сататын дүкендердің бірінде болған. Ал Түркістан облысының прокуратурасы видео кейіпкерінің прокуратура органдары мен ондағы қызметкерлерге ешқандай туыстық қарым-қатынасы жоқтығын мәлімдеді.

Қалалық Полиция департаменті аталған видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, ер кісі Шымкент қаласының тұрғыны екен. Ол Тұран аудандық Полиция басқармасына жеткізілген. Сот қаулысымен ер адам жазаға тартылған.

«Сатушы ер адамның үстінен арыз жазудан бас тартты. Осыған қарамастан тәртіп сақшылары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жинақталған материалдар құқық бұзушыға қатысты шешім шығару үшін әкімшілік сотқа жолданды. Сот қаулысымен ер адам 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды»,  деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.