Жазғы демалыс кезінде орын алған төтенше жағдайлар мен оған қатысты білім беру ұйымдарының жауапкершілігі мәселелері қаралды.
«Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында» – «AMANAT» лагерлердің жұмысын реттеуді ұсынды
748
оқылды

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалды. Осы орайда «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте еліміздегі білім ошақтарының оқу жылына дайындығы мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, мектеп салу мен жөндеу жұмысының барысы, студенттердің жатақханадан орын алуына жағдай жасау, мұқтаж отбасы балаларын мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде орын алған төтенше жағдайлар мен оған қатысты білім беру ұйымдарының жауапкершілігі кең көлемде қаралды.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз  Сүлейменова «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында балабақшалар, мектептер, колледждер мен ЖОО проблемаларын шешуге қатысты нақты тармақтар белгіленгенін атап өтті. Сондықтан білім беру саласындағы барлық мәселе Кеңестің басты назарында.  

Ғылым және жоғары білім министрілігінің дерегінше, қазіргі таңда елімізде 119 ЖОО жұмыс істейді. Оларда 626 208 студент білім алуда. Осы жылдың 4 тамызындағы жағдай бойынша ЖОО жатақханаларында студенттер үшін 106 977 төсек-орын дайындалған. Олардың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында. 

«Жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 134 мыңнан асып түспек. Бұл ретте ең көп қажеттілік Алматы қаласында – 60 мыңнан асады. Биыл жатақханалардағы орын тапшылығы 28 272-ні құрайды деген болжам бар.  Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуді көздейтін «Білім туралы» Заңның жаңа редакциясы күшіне енеді. Осыған байланысты наурыз айынан бастап бүгінге дейін барлық ЖОО-мен тиісті нұсқаулық жұмысын жүргіздік. Оқу орындарының ақпараты бойынша, бүгінде студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге бағытталған қысқа мерзімді шаралар шеңберінде қонақүйлер мен хостелдердің меншік иелерімен 18 987 төсек-орындық 118 нысанды жалға алу бойынша жекелеген келісімшарттар жасалды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Себебі, жатақханаға сұраныс былтырғымен салыстырғанда едәуір көп», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов. 

Осы тұста Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова вице-министрге қонақүйлер мен хостелдерді жалға алған кезде жауапкершілік кімге жүктелетіні, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кім жауап беретініне қатысты сұрақтар қойды.

«Бір ғана Алматы қаласында 60 мың орын қажет деп отырсыз. Жастардың былтырғыдай вокзалға түнеп жүрмесіне кепілдік бар ма?», - деді Ж.Сүлейменова.

Бұған жауап ретінде Талғат Ешенқұлов жауапкершілік тікелей әр ЖОО-ның бірінші басшысына және министрлікке жүктелгенін айтты. Сонымен қатар ол студенттер көшеде, вокзалда түнеп жатыр деген мәселеге қатысты тексерулер жүргізілгенін, бірақ оның анықталмағанын алға тартты. 

«Әрине, былтыр жатақханалардағы орын тапшылығы өте жоғары болды. Сондықтан бұл бағытта ата-аналармен бірге жұмыс істедік. Сол тәжірибені осы жылы да қайталаймыз. Бірақ биыл абитуриенттердің саны өткен жылға қарағанда екі есе көп және грант иегерлерінің басым көпшілігі Алматы қаласындағы ЖОО-ды таңдап отыр. Сондықтан мұнда 60 мыңнан аса орын қажет. Оның ішінде 28 мыңына орын тауып бере алмай отырмыз. Дегенмен бұл әзірге болжам. Орын тапшылығы әлі де өсуі мүмкін. Ол қыркүйек айында белгілі болады», - деді ол.

Осы орайда, Кеңес мүшелері жатақханаға мұқтаж жастардың нақты санын білу үшін цифрландыруды қолға алуды және орын ала алмаған студенттер үшін арнайы «Жедел желі» ұйымдастыруды ұсынды.

Жиында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектеп салу және жөндеу жұмысына қатысты бірқатар ақпар берді. Оның айтуынша, биыл республика бойынша 380 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Нәтижесінде мектепте білім алушылардың саны 3,9 млн-ға дейін өспек. 

«Жалпы қаражат көздері есебінен биыл 132 мың оқушы орнына арналған 154 мектепті іске қосу жоспарланған. Ал апатты және үшаусымды мектептер мәселесін жүйелі шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орынына арналған 369 мектеп салынады. Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында осы жылы шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 6 бағыт бойынша 1000 мектеп жаңғыртылуда», - деді вице-министр. 

Сондай-ақ, ол оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – мұқтаж отбасы балаларына арналған көмекті ұйымдастыру екенін атап өтті. Бүгінде еліміз бойынша бұл санаттағы балалардың саны 450 мыңды құрап отыр. Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы берілетін қолдау қаражаты жетім, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға, сондай-ақ, АӘК алатын және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен аз әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға арналған. 

«Биыл осы Қордан көмек көрсетуге жататын оқушылар үшін мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінді. Министрлік ата-аналар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, қордан бөлінетін қаражаттың тікелей ата-аналардың шотына түсуін қамтамасыз ететін норманы қолданысқа енгізді. Енді ата-аналар балаларына қажетті мектеп формасын, оқу құралдарын, аяқ киімді өз таңдауымен сатып ала алады. Әрбір білім алушыға оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 467 теңге», - деді  Е.Оспан.

Сонымен қатар, министрлік өкілі жазғы демалыс кезінде орын алған төтенше жағдайлар мен  олқылықтарға қатысты арнайы мониторингтік топ құрылып, барлық лагерге тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі күні балаларға арналған демалыс орындарын ашу ешқандай мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Яғни, лицензияланбайды, мемлекеттік органдарға хабарланбайды. Бұл жеке лагерлердің рұқсатсыз ашылуына себеп болып отыр. Балалардың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды. Сондықтан мұндай орталықтар өрт, санитарлық қауіпсіздік бойынша құжаттарды тапсырғаннан кейін ғана ашылатындай етіп қатаң тәртіп орнату керек деп есептейді Кеңес мүшелері. 

Жиын соңында Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова көтерілген мәселелердің өзектілігін және барлық ұсыныстың тиісті ведомстволарға жолданатын атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрге айналған «Баланы мектепке даярлайық» акциясына аманаттықтар биыл да бір кісідей атсалысады.