Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасы, Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі Буяр Османимен кездесті.
Сенат Спикері ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасымен кездесті
810
оқылды

Кездесуде тараптар Қазақстан Парламенті Сенаты мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

«ЕҚЫҰ – Халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың заманауи келбетін қалыптастыруға қатысатын негізгі институттардың бірі. Біз Ұйымның барлық маңызды бағыты бойынша өзара іс-қимыл орнаттық. Сенат қызметінде парламентаралық ынтымақтастық басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы ЕҚЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәселелерді шешуде айтарлықтай мүмкіндіктерге ие екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сұхбат кезінде Ауғанстан мен Украина мәселесі, өңірдегі ахуал, сондай-ақ, Орнықты даму мақсаттары бойынша қолға алынған жұмыс барысы талқыланды. Осыған орай Палата Төрағасы Қазақстан Республикасының Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия атқарып отырған жұмыстарға тоқталып өтті.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ Төрағасына Парламенттің Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмысы туралы айтып берді.

Өз кезегінде, Буяр Османи елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістерді жоғары бағалады және әртүрлі бағытта, оның ішінде жаңа жобалар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның екіжақты байланысын арттыруға, оның ішінде депутаттардың экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға, туризмді дамытуға және өзара қызығушылық тудыратын басқа бағыттар бойынша бірлесіп әрекет етуіне қатысты мәселелерге де назар аударды.