Бейсенбі күні «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мә­се­ле­лері жөніндегі Республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Оқу жылына дайынбыз ба?
813
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Рес­публикалық кеңес төрайымы Жұл­дыз Сүлейменованың төрағалығымен өт­кен жиынның күн тәртібі жаңа оқу жы­лына дайындыққа қатысты үш мә­селеге арналды. Олар – Жол картасында қа­р­ас­тырылғандай мектептердің құры­лыс және жөндеу жұмыстарының бары­сы, колледж бен жоғары оқу орын­дары студенттері үшін жатақ­ха­на­лардағы орынның жеткілікті болуы, халықтың әлеуметтік осал топта­рын­дағы балаларды мектеп формасымен жә­не құралдарымен қамтамасыз ету, жазғы демалыс кезінде болған тө­тенше жағдайлар мен ондағы білім беру ұйымдарының жауапкершілігі ту­ра­лы. Бұл мәселелер туралы Ғылым жә­не жоғары оқу вице-министрі Талғат Ешен­құлов пен Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Еділ Оспан баяндама жасады. Баян­дама барысы талқылау және сұрақ-жауаппен өрбіп отырды.

Талғат Ілиясұлының айтуынша, ЖОО-лардың инфрақұрылымдарын оқу жылына дайындау кең ауқымда жүру­де. Бүгінде 22 ЖОО, 14 жатақхана, 7 кі­тапхана, 4 асхана күрделі жөндеуден, 91 ЖОО, 215 жатақхана, 65 кітапхана корпусы, 69 асхана ғимараты ағымдағы жөн­деуден өтуде. Бұл жұмыстар 15 та­мыз­ға дейін бітуі тиіс. Жатақхана мақ­са­тында 106 977 орындық 345 нысан дайын­далып қойылған. Әйтсе де, әлі де бол­са кем дегенде 28 272 төсек-орын тап­шылығы сезілуі мүмкін екен. Өйт­кені барлығы 134 645 орын қажет. Ең көп қажеттілік Алматы қаласында. Он­да 60 мыңға жуық орын керек. Оқу орын­­­дары жатақхана тапшылығы мәсе­лесін шешу үшін хостелдермен келісім- шартқа отырған. Бүгінде жал­пы орын саны 18 897 бірлік болатын 119 нысанды жалға алу бойынша меншік иелерімен келісімшарттар жасалған. 

Десе де, кеңес мүшелері былтыр қо­ғамда резонанс тудырған жатақхана тап­­шылығы проблемасын шешуде дәр­менсіздік танытып отырған министр­лік­ті сынға алды. Өйткені биыл да сон­­дай жағдай болып, 30 мыңдай сту­денттің қаң­ғып қалу қаупі жоқ емес. Бұл тұр­ғыда Ғылым және жоғары оқу вице-министрі Талғат Ешенқұлов тұшымды жауап бе­ре алмай, жиынға онлайн және оффлайн қа­тысып отырған депутаттар мен қо­ғам­дық ұйым мүшелерін сендіре ал­мады. Оның айтуынша, орын тап­шы­лығы кү­­­тіліп отырғаннан екі есе болуы да ық­ти­мал екен. Мұндай проблема не­­­гізінен ме­гаполистерге тән. Сон­дық­тан да бұл мә­селе басы ашық күйінде қа­лып отыр. Хостел­дер­дің сани­тар­лық-қоғамдық жағдайы да кеңес мүшелерінің көңілін көншітпей отыр. Өйткені «ондағы ко­н­тингент әртүрлі болатындықтан, сту­дент­тердің қауіп­сіздігі алаңдатады», – дейді олар.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жал­пы білім беру нысандары туралы бол­ды. Жол картасы бойынша алдағы бес жылда елімізде 1,5 миллионнан ас­там жаңа оқушы орнын құру, 1 000 мек­теп­ті жаңғырту, мүмкіндігі шектеулі ба­лалар үшін инклюзияны қолдау ка­би­нетін ашу жоспарланған. Осы ретте өз баяндамасында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан елі­мізде өткен үш жылда 340 мың орындық 626 мектеп іске қосылғанын, ал биыл 132 мың орынға 154 мектеп пайдалануға бері­летінін хабарлады. Соның ішінде ең көбі 31 мектеп Түркістан облысында екен. Мектептерді жөндеу, жарақ­тан­дыру және жаңғырту бойынша биыл 1 000 мектепте жұмыс жүріп жатыр. Әзір­ге олардың тек 54,6%-ы дайын. Ал биылға жоспарланған инклюзивті ка­би­неттер саны – 42. Оның 5-еуі бүгінде Ақмола (1), Атырау (2) және Жамбыл (2) облыстарында ашылған. 2024-2025 оқу жылдары 41 кабинеттен, 2026-2027 оқу жылдары 38 кабинеттен ашылу жос­парлануда. Сонда мүгедектігі бар ба­ла­лар жалпы саны 200 кабинетпен қам­тыл­мақ. Одан бөлек, Оқу-ағарту вице-ми­нистрі колледж студенттерін жатақ­ханамен қамтамасыз ету, жалпыға білім беру қорынан балаларды қолдау, «Мек­теп­ке жол» республикалық қайырым­ды­лық акциясы, балалардың демалы­сын, сауықтыруын ұйымдастыру туралы мәлімет берді.

Мұнда да вице-министрге қойыл­ған сұ­рақ өте көп болды. Сол секілді тұ­­шым­ды жауап ала алмаған кеңес мү­ше­­ле­рі министрлік өкілдерінің дайын­дық­сыз келгенін ескертті. Пар­тия­лықтар Еділ Оспанның Астанада үсті­не фут­бол қақпасы құлап қайтыс бол­ған ба­ламен болған оқиғадан ми­нистрлікті ақтап алуға тырысқан әре­ке­тін сынға ал­ды. Қалай болғанда да, жаңа оқу жы­лына дайындық мәселесін «AMANAT» пар­тиясы тікелей назарында ұстайтын болады.

Нұрлан ҚОСАЙ