Аз уақыттан соң жаңа оқу жылы басталмақ. Уақыт жақындаған сайын ата-аналар балаларын мектепке дайындау үшін қамдана бастайды.
Мектепке дайындық қалай, оқушы?
1,101
оқылды

Бала­ларын жетек­теген ата-ана жаңа оқу жылына керекті киімдер мен құрал-жабдықтарын сатып алу қамымен базар жаға­лайды. Әрбір ата-ана перзентін қатардан қалдырмай, керек-жарағынан тарықтырғысы келмейді. Баланы мектепке дайындау қарапайым отбасылар үшін оңай болмасы анық. Мектеп формасына, аяқ киіміне, оқуына қажетті құрал-жабдықтарға кететін қаржы әсіресе қазіргідей нарық қыспағында оңай емес. Осы ретте біз де ата-аналар оқу жылына әр оқушыға қанша қаражат жұмсайтынын, білім басқармасының күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға қандай жеңілдік жасай­тынын анықтауға тырыстық.  

 

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ,

көпбалалы ана:

– Мен алты баланың анасымын. Жыл сайын жаңа оқу жылы баста­ларда әр баламызды қатардан қалдырмай киіндіріп, керек-жарағын алып бе­руге тырысамыз. Дегенмен баға жыл сайын өсіп барады. Бір баласы бар ата-ана үшін де салмақ болатын бұл жағдай, көп балалы ата-аналарға тіп­тен қиын. Мысалы, біз жаңа оқу жылына алты баламызға үнемдеп жұм­саған күннің өзінде 200 мыңнан аса қаражат жұмсадық. Бір ер балаға шамамен 60-70 мыңның арасындағы ақша кетсе, қыз балаға орта есеп­пен 80-90 мың қаражат кетеді. Мәселен, кенжеміз Еркебұланның  кас­тюм-шалбары –  25 мың теңге болды. Ақ жейдесі – 12 мың, аяқ киімі – 10 мың, сөмкесі – 10 мың, дене шынықтыру сабағына алған спорттық шал­бары – 5 мың, футболкасы – 4 мың теңге болды. Бұл тек киіміне кеткен қаржы. Одан бөлек дәп­тер, қаламсап секілді оқуға қажетті құралдар да айтарлықтай қаржыны талап етеді. Жыл сайын кезіге­тін мәселе болғандықтан жаңа оқу жылына ерте бастан қамданамыз.

 

Серік ӘДІЛБАЕВ,

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– 1 тамыздан бастап қаламызда Жалпыға міндетті білім беру бағдарлама­сы бойынша «Мектепке жол акциясы» бастау алды. Акция 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жоспарланған. Биылғы акция «Жақсылықты жаса!» ұранымен басталды. «Мектепке жол акциясы» бойынша Астана қаласы әкімдігімен бірнеше іс-шаралар жоспарланды. Атап айтсам, жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, әлеуметтік көмек  алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шық­қан балалар, отбасыларда тұратын жетім және ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар және басқа санаттағы, яғни қиын  жағдайға тап болған отбасылар, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасыларға (мектеп киімдерін, аяқ киімдерін және мектепке қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін) ақшалай көмек көрсетіледі. 

Биыл Астана қаласы бойынша 22 700 балаға көмек көрсетіледі. Оның бірінші бағыты бюджет қаражаты есебінен 14 200 балаға көмек берілетін болады. Ол көмекті алу үшін ата-аналарға мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет (несиелік қарызы жоқ және  бұғатталмаған банктік карточканың 20 таңбалы нөмірін ұсынады). Жоғарыда аталған отбасыдан шыққан балаларға биылғы жылы жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі 41 мың теңгені құрайды. 

Ол балаларды мектепке дайындауға арналған қаражат. Осыған байланысты ата-аналардан берілген қаражатты тиесілі мақсатта балалар үшін жұмсалуын қамтамасыз етулерін сұраймыз. 

Білім басқармасы осы мәселе бойынша білім беру ұйымдарының басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептер әкімшіліктері халықтың мұқтаж санаттарының тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Ал екінші бағыт «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша  аудан әкімдіктерімен бірлесіп демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарлануда. 

Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарында «Жедел желі», «Сенім» телефондары (55-69-60, 55-68-51) және қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейтін болады. 

Наурызбек САРША