Қарағанды орталық саябағында еліміздің түкпір-түкпірінен келген «Бұқарекең жырлайды» республикалық фестивалінің қатысушылары екі сағаттан астам уақыт бойы Бұқар жырау Қалқаманұлы мен басқа да ақындар мен жыраулардың шығармаларымен көрермендерді қуантты. Әр нөмірді өнер сүйер қауым жылы қабылдады.
«Бұқарекең жырлайды»...
1,237
оқылды

– «Бұқарекең жырлайды» фестивалі Қа­рағандыда дәстүрге айналды. Ол 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұқар Жы­раудың 350 жылдығына бес жыл бұрын біз оны халықаралық деңгейде өткіздік. Биыл 355 жылдығына орай ол респуб­ли­ка­лық ауқымда өтуде. Фестивальді елі­міз­дің түкпір-түкпірінен 20-дан астам ақын мен айтыскер, жыршы жинады, – деп атап өтті фестивальдің бас ұйым­дас­тырушысы Айтбай Жұмағұлов. 

Кештің сәні сахнада өнер көрсеткен танымал ақындар ғана емес, сонымен қа­тар ұлттық киім киген қарағандылық зейнеткер белсенділер Рысты-қажы Әкім­бекова мен Күләй-қажы Нақышева болды.

– Біз өз қаламызда фестиваль өткі­зіле­тіні туралы білгенде, қатты қуандық. Осын­дай атақты ақындардың қойылым­дарын тағы қайдан естиміз?! – дейді қара­ғандылықтар бір ауыздан. 

Дәстүрлі және халық әндерін орын­дау­шы ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шал­дыбеков фестивальге Жетісу облы­сы­нан келді. Әнші фестивальге қатысу ол үшін де жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

– Мен бірнеше рет қазылар алқа­сы­ның құрамында болдым, бірнеше рет өзім қатыстым. Жыл сайын біз фес­ти­валь­ді күтеміз, өйткені мұнда ерекше ат­­­мосфера, сарқылмас қуат сезіледі, – деп есептейді Ерболат Шалдыбеков. – Бо­лашақта бұл фестиваль ЮНЕСКО дең­гейінде өткізілгенін қалаймын.

Өлкетанушы Мақсұтхан Рақыш фес­ти­вальге Бұқар жырау ауданынан арнайы кел­ген. Ақсақал Бұқар жырау Қалқаман­ұлы кесенесін тұрғызуға және оның құр­метіне естелік ас ұйымдастыруға бел­­­сенді қатысты.

– Мен фестивальден тыс қала алма­дым, өйткені бұл – біздің облысымыз бен жалпы еліміз үшін үлкен оқиға. Бұ­қар жыраудың тұлғасы аңызға айналған, оның әрбір шығармасы терең мағынаға толы. Біз оның шығармашылығын оқып, насихаттауымыз керек, – деп атап өтті өл­кетанушы.

Қоғам қайраткері Майра Әбдірах­ма­нова «Бұқарекең жырлайды» фестивалін ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсына­ды.

– Біз оған үлкен мереке ретінде да­йын­далуымыз керек, шараға ұлттық киім­мен келуіміз керек, жастарды үйре­туі­міз керек, – деп қорытындылады сө­зін қоғам қайраткері.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы