Мектепті енді ғана бітірген боз­бала үлкен өмірді неден бас­та­рын, қандай мамандық таңдарын білмей қи­налады.
Балалар үйінен кейінгі өмір
1,614
оқылды

Артында қорғаны болар ата-ана­сы тұрса да, оларға өз жолын табу қиын. Ал ешкімі жоқ, Балалар үйінен шық­қан жасөспірімнің интернатты бі­тір­геннен кейін қайда баратыны жайлы ой­лап көрдіңіз бе? Ондай жастардың қо­ғамға бейімделуі қалай болады? Қан­ша­сы жоғары білім алады? 

Санаулы грант көпке бұйырмайды

Жуырда Балалар үйінен шыққан 70 пайыз оқушы Жоғары оқу орын­дарына түсе алмайды деген статис­тика жарияланды. Зерттеп көрсек, қазір елімізде 22 080 жетім бала бар екен, оның ішінде 3 790 бала интернаттық ұйымдарда тәр­биеленеді. Сонда жыл сайын интер­нат­ты мыңға жуық түлек бітіріп жатыр. Ал 2023-2024 оқу жылында 88 204 сту­дент мемлекеттік грант бойынша білім ала­тын болды. Осы гранттың тек 1 пайы­зы ғана жетімдер мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балаларға бе­рі­леді. Бұл – шамамен 882 грант. Санау­лы орын барлық жетімге бірдей бұйыр­май­ды. Себебі 882 грантқа тек Балалар үйі­нен шыққан оқушылар ғана емес, туыс­тарының қолында тәрбиеленіп жат­қан ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балалар да ортақтасады. 

– Балалар үйінен кеткен соң түлек­тер­дің көпшілігі колледжге түседі. Жо­ғары оқу орнын оқимын дейтіндер бол­са, 11-сыныпты бітіріп шығады. ЖОО-ға түскендер көбіне сол уни­вер­си­теттің жатақханасына орналасады. Біз Ба­лалар үйінен кеткеннен кейін де ба­лаларға жиі хабарласып, жағдайларын бі­ліп отырамыз. Жұмыс таба алмай жүр­ген­дері болса, бізге хабарласып, көмек сұ­рай­ды. Кейбірі өз мамандығы бойын­ша жұмыс істегісі келмейді. Әлі күнге дейін хабарласып, амандасып тұратын­дары бар, – дейді Балалар үйінің тәр­бие­шісі Мақпал Есқалиева. 

Кәмелеттік жасқа толған жасөс­пірім­дер балалар үйінің қабыр­ға­сынан шыққан соң, ең алдымен әлеу­меттік өмірге бейімделуі керек. Бірақ олар­ға бұл жағынан бағыт-бағдар беретін ешкім табылмайды. Осылайша, балалар оқшауланып, өздерін қоғамға қажетсіз сезінеді. Қазір қоғамда «балалар үйінің тү­лектерінің 40 пайызы – заң бұзу­шы­лар­дың қатарына қосылады» деген пі­кір­­лер де айтылып жүр. 16-17 жаста мек­­­теп бітірген жасөспірім, балалар үйі­­нен шыққаннан кейін қалай ақша тауып, қалай тәуелсіз өмір сүруді үйрене алмайды. Себебі олар осы уақытқа дейін тек мемлекеттің қарауында болып келді. Жо­ғары оқу орнына түскеннен кейін де қасындағы ортаға бейімделе алмай, оқуын орта жолда тастап кететіндер де бар. Ал оқуға түсе алмағандарды, көшеде қалып қоймау үшін Жастар үйіне жібере­ді. Бірақ бұл жақта тек 23 жасқа дейін ғана тұра алады. Жанат Қалиева есімді кейіпкеріміз қазір Жастар үйінде тұрып жатыр. Өміріне налымайды, тәубе дейді. Колледж бітіріп, мамандық алыпты. 

– Жалпы Балалар үйінің түлектеріне жұ­мысқа тұру өте қиын. Мен мектепке жұ­мысқа тұруға құжат тапсырғанымда, ондағылар мені бірден алғысы келмей, әрең алды. Жақында таныс қыз аспаздың көмекшісі болып жұмысқа орналасыпты. Оған ілесе барып, екінші қыз да орна­лас­қан. Тұратын жерін, Балалар үйінен шық­қандығын естігенде 2 қызды бірден жұ­мыстан шығарған. Сондықтан жұмыс іздегенде Балалар үйінде өскенімізді жа­сы­рып қалуға тырысамыз. Дайын асқа үйре­ніп алғандар бар екенін де жасыр­май­мын. Үкімет асырайды, әкімдік кө­мектеседі деп жүргендер де баршылық. Ба­лалар үйінен шығады да, оларға қам­қорлық мақсатында ашылған осындай «Жастар үйіне» келе салады. Балалардың 80 пайызы осы оймен жүреді десем, қа­те­­леспеген болармын, – дейді Жанат Қалиева. 

Оның айтуынша, бес саусақ бір­дей емес. Балалар үйінен шық­қан­дардың ара­сында да адам болсам, із­денсем, оқы­сам, адал еңбекпен өз на­нымды тауып жесем деп талпынатындар бар. Алайда жұмыс берушілер оларды жұ­мысқа алуға аса құлықты болмай шы­ғады. 

– Олар біздің дұрыс жұмыс істей ала­ты­нымызға күмән-күдікпен қарайды. Ба­лалар үйінде өскен соң ба біздерді ұр­­­лыққа бейімсіңдер, ұрлықшысыңдар деп қабылдайтындар да жоқ емес. Ал шын­дығын айтсақ, біздің де адамгершілік қасиеттерді жоғары қойып, тура жолмен жүргіміз келеді. Бірақ оны екінің бірі түсіне бермейді, – дейді Жанат. 

Оқуға түсуге қол ұшын береді

Иә, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдыры қашан да қиын. Олар ел қатарлы өмір сүруді ар­ман­дайды. Бірақ жоғары оқу орнына грант­қа түсе алмай бір қиналса, жұмыс таба алмай екінші рет қиналады. Мұн­дай­да Балалар үйінен шыққан түлектерге ар­найы грант бөлетін қайырымдылық қор­­лары да бар. Бірнеше жыл бұрын Жа­зира Мейрамбекқызы жетімдер үйін­де тәрбиеленген балаларға Жоғары оқу орындарына түсуге қолұшын беретін  Bir Bala жобасын жүзеге асыра бастады. Bir Bala екі жыл ішінде қоғамдық қорға ай­налды және 42 баланың жолын ашты. Еріктілер Балалар үйінен шыққан оқу­шы­ларға колледжді немесе университетті таңдауға, құжаттарды дұрыс тапсыруға, емтихандар мен тестілеуге дайындалуға көмектеседі. 

– Bir bala әлеуметтік жобасы балалар үй­лерінің, әлеуметтік жағынан осал от­ба­сылардың балаларына бюджеттік не­гізде оқу орындарына түсуге көмектеседі. Оқуға түсуге мүмкіндік беретін мемле­кет­тік, жеке бағдарламалар базасын жи­­­на­дық. Кейбірінің құжатын, енді бір бө­­лі­гін емтиханға жеке дайындадық. Әзір­ге тек Қазақстанның ЖОО мен кол­ледж­деріне оқуға түсуге көмек беріп жа­тыр­мыз. Алдағы уақытта ең үздік ба­ла­ларды шетелге оқуға жіберсек деген ар­манымыз бар, – дейді Жазира. 

15 жастағы Айзада сурет салуды жақ­сы көреді. Bir Bala-дан көмек алғаннан кейін ол өзінің арманын жүзеге асырды. Осы­лайша, қазір графикалық дизайнер ма­мандығы бойынша білім алып жатыр.

– Балалар үйінің көптеген балалары кейін жасөспірімдер үйіне барады. Осы­лай­ша, қоғамда өмір сүруге бейімделеді. Бір­ақ көбісі студент болуды, жатақханада тұру­ды армандайды. Мен балалар үйін­дегі барлық бауырларыма жақсы үлгі болу­ға тырысамын, – дейді Айзада.

Жазира Мейрамбекқызымен бірге ко­мандада тағы бірнеше ерік­ті жұмыс істейді. Жобаның ерекше мақ­танышы – Ильдар Асадуллин. Ол Бюд­жеттік орындар бағдарламасы бойын­ша Мәскеу әскери университетіне оқу­ға түскен. 2019 жылы Bir bala жобасы Social impact Award әлеуметтік кәсіп­кер­лер байқауының жүлдегері атанды. 

– Мен Алматы облысындағы жеке­мен­шік жетімдер үйіне жақын жерде тұр­дым, оларға қонаққа баратынмын. Мек­теп түлектері бар екенін біліп, оқуға түсу­ге көмек қолымды созуды ұйғардым. Әлім­жан есімді бала байқауларды жібе­ріп алып, оқуға түсе алмапты. Мен осы шаруға шындап кірісіп, колледждерді, жо­ға­ры оқу орындарын, білім беру бас­қармасын араладым. Нәтижесінде, Әлім­жан Мұхамеджан Тынышпаев атын­дағы колледжге грантқа түсті, жа­тақ­хана берілді, шәкіртақы алды. Осы балалар үйінің тәрбиешісі маған: «Жа­зира, сен елге қайта оралмағаның бекер болмапты. Біздің ұл екі қолға бір күрек таппай сен­де­ліп қалып еді. Сен тым құрыса бір ба­­­ла­ның тағдырын басқа арнаға бұра алдың», – деді. Бұл сөз мені жігерлендірді. Әрекет шағын істен басталады. Осылай­ша, «Bir bala» әлеуметтік жобасын жаса­дым. Егер бір балаға көмектесе алсаң, онда бұл істі жүйелеп, жүз баланың тағ­дырын жақсарту да қолыңнан келеді де­ген сөз. Ал білім алу – әрбір адамның өмі­ріндегі аса маңызды кезеңдердің бірі, – дейді Жазира Мейрамбекқызы. 

Еркін өмірге бейімделу неге қиын?

Статистикаға сүйенсек, Балалар үйі­нен шыққан түлектерінің 10 пайызы ғана еркін өмірге бейімделіп кете алады екен. Бұған әсер етуші басты фактор, олардың психологиясындағы тұйықтық пен трамвалар. Отбасы институтын зерт­теу орталығының сарапшысы Ғалия Бай­болатованың пікірінше, мамандар интернатқа түскен баланың психо­ло­гия­лық даму қарқыны баяулайды және ол бірқатар қиындық тудыратынын айтады, яғни интеллектуалды және эмоционалды даму деңгейінің төмендігін, қиял өрісі­нің жұтаңдығын, тәртібі мен мінез-құл­қы­ның нашарлауын байқай аламыз. Мұн­дай қиындық адамның тұлға болып қалып­тасуына кері әсерін тигізеді. Бала интернатқа қаншалықты ерте жастан түссе, салдары соншалық қиын болмақ. Ин­тернатта баланың жеке қажеттілігі мен қабілетін дамытуға мүмкіндік жоқ. Мұн­дай жағдайда баланың бойында өзге­ге тәуелділік дамиды және өзінің «ме­ні» аз көрінеді. Мәселен, балалар үйінде жеткіншектің жеке ерекшелігін ес­­керуге мүмкіндік бермейтін өмір сүру ре­жимі бар: ұйқыдан тұру, тамақ ішу, ойнау, оқу, ұйықтау және тағы басқа қа­таң тәртіпке бағынады. Зерттеу бары­сын­да көп бала өзін-өзі тану кезінде қойыла­тын «Мен не істегім келеді?», «Кім боламын?» деген сұрақтарға жауап беру­ге қиналды. Интернатта қалыптас­қан тәртіптен тәуелсіз болу үшін бала жылауық, ашуланшақ болуы мүмкін. Бұл проб­леманы шешу үшін ол режимге қар­сы тұру, қашып кету, ауыру, өзін-өзі жа­ра­қаттау, бүлік шығару және т.б. әрекетке бара­ды. Өкінішке қарай, біз интернаттан шыққан балалардың психоэмоционалды дамуының себебі туралы көп айта бер­мей­міз, көбіне оның салдарымен күре­се­міз. 

– Балалар колледжге көбіне тәр­бие­ленушілер таңдап берген мамандыққа тү­седі. Түлектердің жұмысқа орналасу­да­ғы қиындықтарының бірі ретінде са­па­лы білім алмауын айтсақ болады. Қа­лаған мамандыққа түспеген түлектер көп жағдайда орта жолдан оқуын тастап кетеді немесе мамандығымен жұмыс іс­те­мейді. Жоғары білім және ғылым ми­нистрлігінің дерегінше, 2016-2021 жыл­дарғы интернат түлектерінің 16-31 пайызы ғана ЖОО-ға түскен. Яғни, олардың аз ғана бөлігі жұмыс берушілерді қызықтыратындай жоғары білім алады. Зерттеу кезінде жұмыс берушілер ара­сын­да балалар үйінің түлектері ұрлыққа жақын болуы мүмкін деген ой бар екенін байқадық. Мұндай күмәнді болдырмас үшін балалар өзінің интернат түлегі еке­нін жиі жасырады. Сондай-ақ тәжі­ри­бенің жоғынан да жұмысқа орналасу қиын. Жеке жұмыс берушілер де, жер­гілік­ті атқарушы органдар да интернат тү­лек­теріне көбіне жалақысы төмен жә­не ауыр жұмыс түрлерін ұсынады, – дей­ді Ғалия Байболатова. 

Біз қоғам болып Балалар үйінен шық­қан түлектердің шалыс бас­қан қадамын аңдуға, қылмысын әш­керелеуге шебер­міз. Бірақ олардың осы уақытқа дейін қандай қиындықтан өтке­нін, жарқын бо­лашаққа жетуіне ненің кедергі бол­ғанын ескермейміз. Қиын тағдыры үшін әр балаға оқу грантын берсек, интернатты бітіргеннен кейін де психологиялық қолдау көрсетсек артық емес. 

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Елдар ҚАБА