Әдетте жаһан жұрты геосаяси оқиғаларға, мәдениет пен спорттағы жаңалықтарға көбірек назар аударғанымен, адамзат өркениетін алға сүйрейтін ғылымдағы жаңалықтарға да көңіл бөлмеске болмас.
Voyager-2: «үні» өшпесе, үміт те өшпейді
1,323
оқылды

Әсіресе, соңғы кездері ғарышты игеру бағытында жаңа тренд басталғаны байқалады. Айға адам қондыру бағытында АҚШ, Қытай, Ресей үшеуі өзара бәсекеге түскен сыңайлы. Ал «ғарыш» дегеннен шығады, бір апта бұрын ғалымдар 46 жыл бұрын ұшырылған «көнекөз» ғарыш аппаратымен арадағы үзіліп қалған байланысты қалпына келтірді.

Ғылымға ден қойған жұрттың табан­дылығына таң қалмасқа амал жоқ-ау. Ға­лымдардың жанкештілігін талай саладан байқауға болады. Дәл қазіргі сәтте жерден 19,9 млрд шақырым қашықтықта, сағатына 55 346 шақырым жылдамдықпен ұшып бара жатқан әйгілі Voyager-2 ғарыш ап­паратымен қайта байланыс орнату ғалым­дардың сол жанкештілігінің көрінісі. Аппарат 21 шілдеде Жермен байланыссыз қалған еді. Оған мамандардың аппаратқа жолдаған сигналындағы қате себеп бол­ған-ды. Қате сигналдың кесірінен 

Voyager-2 Жерге қарап тұрған антенна­сы­ның бағытын 2 градусқа өзгертіп жіберген. Сөйтіп, байланыс үзілді. Онымен байла­ныс орнатудың жалғыз үміті ретінде 15 қазанда аппараттың автоматты түрде бағытын туралау әрекеті қарас­тырылған-ды. Шетсіз-шексіз ғарышта ұшып бара жатқан аппарат Жерден жі­берілген сигналды қабылдап, өзі де сигнал жолдауы үшін жылына бірнеше мәрте бағытын туралап тұрады. Ол үшін арнайы бағдарлама жасалған. Дегенмен ғалымдар NASA-ның Deep Scpace Network желісіне кіретін, Аeстралияның Канберра қаласын­да орналасқан обсерваторияны пайдала­нып, аппаратқа сигнал жіберумен болды. Ізденіс барысында Voyager-2 жіберген әлсіз сигнал қабылданыпты. Сөйтіп, ап­паратты толық басқару мүмкіндігі пайда болды. Алайда Voyager-2-ге қарай бағыт­талған сигнал оған 18 жарым сағатта жететінін ескерсек, жауапты қабылдау да сондай уақыт алады. Онымен байланыс орнату бір жарым күнге созылады деген сөз. Мәселенің қиындығы да осында. Бірақ аппарат адамзат баласы жасаған теңдессіз техника екені анық.

Жарты ғасыр бұрын ғарышқа аттанған

Voyager-1 және Voyager-2 ғарыш ап­параттарын АҚШ 1977 жылдың тамыз және қыркүйек айларында ұшырған. Қос аппараттың ұшу траекторияларын есептеген ғалымдар алдымен Voyager-2 аппаратын 20 тамызда ұшырды. Өйткені уақыт өте келе Voyager-1 бірінші ұшқан аппаратты қуып жетіп, басып озуы тиіс еді. Ол 1977 жылдың 5 қыркүйегінде ғарышқа ұшырылды. Бірақ біраз уақыттан соң екеуі ғарышта екі бағытқа аттанды. Осынау қос аппарат Күн жүйесіндегі ғаламшарлардың фотоларын алғаш түсірген құралдар бо­латын. Мәселен Voyager-2 аппараты Уран мен Нептун ғаламшарларының маңы­нан өткен, адамзат қолымен жасалған жалғыз аппарат. Ал Voyager-1 аппараты Юпитер мен Сатурн ғаламшарларына жетіп, кейін олардан да өтіп кеткен еді. Сөйтіп, адамзат Күн жүйесіндегі алып ғаламшарлардың фотосын түсіріп, оны талдауға мүмкіндік алған-ды. 1990 жылдың 14 ақпаны мен 6 маусымы аралығында Voyager-1 аппараты 6 млрд шақырым қашықтықтан Күн жүйесіндегі ғаламшарларды фотоға тү­сірген. Сол фотода Жер құм түйіршігіндей ғана болып көрінеді. Voyager-2 аппараты Уран мен Нептунның мыңдаған фото­ларын түсірді. Әрі олардың бұрын ғылымға белгісіз болып келген көптеген серіктерін тапты. Ең қызығы, осыдан 46 жыл бұрын ұшырылған аппараттардың жетістігін заманауи, техниканың озық үлгілері ор­натылған жаңа құрылғылар әлі қайталай қойған жоқ. Мәселен, NASA Уран ғалам­шарына жақындайтын келесі аппаратты 2031 жылы ұшыруды жоспарлап отыр. Ол ғаламшарға 2044 жылы жетеді деседі. Осы мәліметтерден-ақ қос аппараттың адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін аң­ғаруға болады. Ал қазір екеуі де гелиос­фе­радан шығып кетті. Жұлдызаралық кеңіс­тікте ұшып барады. Voyager-2 ап­параты 19,9 млрд шақырымға жетсе, Voyager-1 Жерден 24 млрд шақырым алыста деседі. 

Ғарыштағы «түйіршікті» көргендер

Негізі біз сөз етіп отырған аппараттар қазіргі техникамен салыстырғанда бір­шама қарапайым. Камералары да, опера­тивті жады да қазіргі смартфондардың мүмкіндігіне жетпеуі мүмкін. Айталық, Voyager және олардан бұрын ұшырылған Pioneer аппараттарының компьютер­лерінде 8 биттік RCA1802 микропроцес­сорлары орнатылған. Ал қазіргі кез келген компьютерде 64 бит болатын микро­процессорлар болады. Voyager аппаратта­рындағы компьютерлердің оперативті жады 640 килобайт еді. Қазір смартфон­дарда гигабайттық жад қолданылады. Voyager ғарыш аппараттарын ұшыру ту­ралы идеяны NASA-да тәжірибеден өтіп жүрген аспирант айтқан. Ал ғалымдар бұл идеяны қолдады. Сөйтіп, Күн жүйесіндегі алып ғаламшарларға сапар басталған. Кейін гелиосферадан шығып кеткен жағдайда, ғарыштың түпкірінен бөгде ғаламшарлық тіршілік иесі кездесіп қалса, адамзат жайлы білсін деп алтын жала­тылған диск әзірлеген. Онда адамзат 55 тілде сәлем жолдайды. Түркі текстес халықтардан түрік тілінде жолданған сәлем бар онда. Көптеген халықтардың әуендері жазылған. Ішінде әзербайжан музыкасы да бар. Түрлі фотолар, Жер шарының ғаламдағы координаты да жазылған. Қысқасы, ерекше құрылғы еді. Бәлкім содан да болар ғалымдар қос аппаратпен байланыс үзбеуге тырысады. Барынша пайдалануға ұмтылып жатыр. Күндердің күнінде, 2026 жылы немесе одан сәл ерте, не кеш Voyager-лердің қуаты толық сарқылады да Жермен байланыс үзіледі. Одан соң шексіз ғарышта өз бе­тінше ұша бермек. Оған дейін аппарат­тардан ғылыми деректер алу маңызды болып тұрса керек. Сол себепті тамыздың басында әлемдік медиа Voyager-2 мен байланыс орнатылғанын сүйіншіледі. 

Әйгілі ғалым, америкалық астроном Карл Саган Voyager-1 түсірген фотодан Жер шарының шексіз ғарышта құм түйір­шігіндей кішкентай көгілдір зат екенін көргенде айтқан сөзі бар. 

«Мына кішкентай нүктеге тағы қа­раңыз­даршы. Бұл біздің үйіміз. Бұл – бізбіз. Сүйгендеріңіздің, танитындарыңыз­дың, тым болмаса атын естігендеріңіздің, күні бүгінге дейін өмір сүрген адамдардың барлығы осында тіршілік етті. Біздің қуа­нышымыз бен қасіретіміз, біздің тарихы­мыздағы мыңдаған діндер, идеологиялар мен экономикалық доктриналар, әрбір аңшы мен терімші, әрбір ер мен ез, әрбір өркениет жасампазы мен күйретуші, әрбір патша мен шаруа, бір-біріне ғашық болған әрбір жан, әрбір ана мен әке, қабілетті бала, өнертапқыш пен саяхатшы, этика оқытушысы, өтірікші саясаткер, әрбір «супержұлдыз», әрбір «ұлы көсем», әрбір әулие мен күнәһар осы жерде – Күннің шұғыласына шомылған түйіршікте өмір сүрді. 

... Жер – әзірге өмір сүруге қолайлы бізге белгілі жалғыз әлем. Біз кем дегенде жақын болашақта ешқайда кете алмаймыз. Басқа орынға баруымыз мүмкін, бірақ көшіп кете алмаймыз. Сіздерге ұнай ма, жоқ па Жер біздің жалғыз үйіміз, – деген еді К.Саган. Бірақ адамзат Жер шарының ғарышта түйіршіктей ғана екенін сезінген жоқ, соғысып, сыймай емес, сыйыспай жүр онда. 

Ардақ СҰЛТАН