Бар күнкөрісі қорасындағы бес тұяқ малына тірелген ауылдағы ағайын қазір шырылдап отыр.
Тақыр жер тығырыққа тіреп тұр
1,373
оқылды

Мал жаятын ұлтарақтай жайылым мен шабындық жердің аздығы өз ал­дына, енді жаз бойы жауын-шашын болмауынан әрі қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстықтан шөп шықпай, қу тақырдан шөп жинай алмай қалған қалың жұрт әбден тығырыққа тірелген. 

 Ақмола облысы аумағында жайылым жердің тапшылығы аса өткір тұрғаны осыған дейін де бірнеше мәрте көтеріл­ген. Ауыл­дың маңында мал жайып, шөп ша­батын жер таппай қалатын жұрт енді осы қыста нақты жұт бола ма деп қатты алаң­­­дайды. Ала жаздай жаңбыр болмауы­ның салдарынан бүгінге дейін белуардан келетін қалың шөп шығатын жерлерде биыл өсімдік атаулы мүлде селді­реп кеткен. Бойы аласа әрі аса сирек. Кей жер­лер тіпті тақырға айналыпты. Сол се­беп­ті шөптің бағасы да қымбаттап барады. 

Бір орам ғана түк шөптің өзі 10 мың теңгеге жетіп, ал тіркеме шөптің құны 100 мың теңгеден асып жығылғаны ауыл жұртын алаңдата бастады. Малды бағып-күтудің құны енді оны сатып пай­да табудан асып кететінін айтқан ауыл­дағы ағайын енді қолындағы малынан да айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. 

– Өңірдің барлық аумағындағы жағ­дай қазір аса күрделі. Жауын-шашынның болмауынан егістік алқаптарының да жағдайы мәз емес. Егіннің масақтары әл­деқашан сарғайып кеткен. Ол да болар-болмас кішкентай ғана. Сондық­тан биыл астықтың көлемі де аз болатын сияқты. Ал шөпке келсек, шоқ-шоқ ормандардың арасы мен өзен-көлдердің айналасында ғана болмаса, жазық да­лаларда шөп мүлде жоқ десе де болады. Осыған дейін 6-7 тіркеме шөп алатын жерлерде қазір бір тіркеме шөп те шық­пай қалған. Жайылым жердің бәрі тақырланып барады. Биыл шөпті қалай жинап аламыз деп жұрттың бәрі дағ­дарып, қайтерін білмей отыр. Шөп бол­маса мал бағудың өзі қып-қызыл шығын болғалы тұр. Шөп сатумен айналысатын ша­руалардың бағасы да удай. Әр тір­кемесін одан сайын бұлдап, құнын ас­пандатып алған. Ол, әрине, заңды құ­былыс. Жергілікті билік бағаны ба­қылауға алып, жем-шөптің құнын бір межеде ұстауына жәрдем берсе жақсы болар еді. Бес-алты тіркеме шөпті шап­тырып алу үшін ғана 100 мың теңгеден астам қаржыны шығындауға тура келеді. Ал шөпті сатып алсақ, бұдан тағы бірне­ше есе асып түседі. Бірақ азық-түліктің бағасы жүгенсіз кетіп жатқанда жем-шөп­тің құнын тұрақтандыру бола қоймас деп қапаланамыз, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Ерден Көпжасаров. 

Ауыл жұрты жайылым жердің де тапшылығы жердің тақырланып кетуіне басты себепші болғанын айтып отыр. Мал тұяғына тапталып, алақандай жерді малдың шиырлай беруінің салдарынан осыған дейін мал оты болған шөптің көп түрі мүлде жойылып кеткен. Есесіне оның орнын зиянды шөптер басып кет­кен. Мұны саланы зерттеген ғалым­дар да мойындап отыр. 

– Жайылым жердің аздығынан төрт түлікті тоқымдай ғана жерде иіре беру­ден, оның үстіне биылғы аптап ыс­тықтан облыстың барлық аумағында шөп шық­пай қалды. Шаруалардың жағдайы шынымен қиынға түсіп тұр. То­пырақ сортаңданып, деградацияға ұшырауда. Топырақтың құнары тө­мендеп кеткен. Сондықтан ауыл шаруа­шылығы мен ғылымға назар аударыл­маса, жағдай одан сайын құлдырай бермек, – дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдары акаде­миясының академигі, биология ғылы­мының докторы Әбілжан Құсайынов. 

Өңірде жем-шөптің аздығын облыс­тық Ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасы басшылығы да мойындады. Жауын-шашынның азды­ғынан іргелі шаруашылықтардың өзіне жем-шөп қорын әзірлеу аса қиынға түс­кен жайы бар. Дегенмен басқарма об­лыстағы шаруашылықтар шөп қорын әзір­леуге барын салып жатқанын жеткізді. 

– Әрине, мал шаруашылығы сала­сының дамуы тікелей тиісті жем-шөптің қаншалықты әзір болуына байланысты. Жауын-шашын биыл өте аз болды. Әрі күннің аптап ыстығына байланысты шөптің шықпай қалуына әсерін тигізді. Дегенмен облыста шөп шабу науқаны әлі де жалғасып жатыр, шаруалар ба­рынша әрекеттеніп жатыр, – дейді Ақ­мола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бас­шысының орынбасары Еркеш Әленов. 

Облыстық басқарма мәліметінше, өңір­дегі жем-шөп қорын жеткілікті ету мақсатында 1,6 мыңға жуық жұмыс бригадасы, 12 мыңнан астам трактор, 

1 мыңға жуық шөп шапқыш, 2,5 мың шамасында тіркеме шалғы, 850 шөмеле үйгіш және басқа да техника жұмыл­дырылған. Бүгінге дейін шамамен 966,1 мың тонна шөп жиналған. Бірақ бұл облыс қажеттілігін толықтай қанағат­тандырмайды. Әзірге қажетті жем-шөптің тек 73,8 пайызы ғана жиналған. Әлі кемінде 1 308 тоннадан астам шөп қажет. Шаруалар шөптің буыны қатып, сарғайып қурап кетсе де қалған шөп қорын толықтыруға тырысуда. 

Ведомство өңірде малға қажетті дәруменге бай арнайы егілген жем-шөптің де қоры аса мәз емес екенін жеткізді. Басқарманың дерегіне сенсек, облыста биыл жаздық егісте жем-шөп 223,4 мың гектардан астам алқапқа егіл­ген. Оның ішінде малға берілетін сүрлем үшін 13,5 мың гектарға жүгері себілген. Мұнымен қоса, 137,3 мың гектар алқапқа біржыл­дық, 45 мың гектар жерге көп­жылдық шөп себілген. 

Алайда жем-шөптің қазіргі қоры жылдағыға қарағанда айтарлықтай аз.     1 300 тоннадан астам шөп, 260 мың тон­на қысқы пішен, 190 мың тонна сүрлем, 750 мың тонна сабан мен 650 мың тонна басқа да құрама жем-шөп дайындау қажет. Ал оған ауа райының қолайсыз болып, аптап ыстықтан шөптің сұйық шығуы мүмкіндік бере қоймаған. 

Ресми деректерге жүгінсек, жем-шөп пен астықтың биылғы шығымы тұтас республика аумағында аса қиын жағ­дайда. Әсіресе, Қарағанды, Павлодар облысында жем-шөп пен астықтың шығымының төмендігі шаруаларды аса күйзелтіп отыр. 

Түйінді мәселені шешу үшін об­лыс­тық әкімдіктерден бастап Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен Үкімет тиісті шешімді дереу қабылдап, шаруалар мен қорасында бес тұяқ малын қалай бағарын білмей дағдарған қарапайым ауыл адам­дарын тығырықтан шығарар жол тап­паса, қыс ортасында жұт­тың болмасына ешкім кепілдік бере алмас... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы