Тіршілігін теңізбен байланыс­тырған Арал өңірі халқы келешегіне алаңдаулы күй кешіп отыр.
Теңіз тағдыры толғандырады
1,422
оқылды

Су мар­жанын сүзіп, атакәсіптің желкенін керген жұртшылық тұрмысы құл­дырап бара жатқанын айтып, мұңын шақты. Халықтың уәжіне құлақ түр­сек, биыл келген мол судан қайыр болмай тұрғанын алға тартады. 

Тұрғылықты халықтың айтуынша, күн санап Кіші Арал теңізінің болашағы бұ­лыңғыр тартып барады. Қазір Көк­аралдағы су деңгейі вегетациялық ке­зеңнің әсерінен күрт азайып кеткен. Оған Сырдариядан түсетін су мөлшерінің төмендеуі және ап­тап ыстықтан судың булану мөлшері­нің артуы кері әсер етіпті. 

«Вегетациялық кезеңнің әсерінен дария суының деңгейі биыл да түсіп кетті. Яғни, Сырдариядан келетін су мөлшерінің күрт азаюына байланысты теңіз деңгейі 48,80 белгісіне жетіп, судың тұздылығы артып барады. Теңізде су маржаны да азайды. Өйткені тұзды су уылдырық шашу былай тұрсын, балықтардың мекендеуіне де қауіп туғызып тұр. Дарияда су тапшы. Соның салдарынан жағалай қоныстанған елдің еккен азын-аулақ бау-бақшасына су жетпей жатыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тұрғылықты халықтың тұрмысы төмендеп кететін түрі бар», – деп түсіндірді бұл жайында «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы ди­ректоры Айжарық Ералиев. 

Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, былтыр басталған бөгет жұмысы да көңіл көншітпейді. Бұл жұмыстарға Үкіметтен 5 млрд теңге қаралған болатын. Бұл қара­жатқа кезең-кезеңімен жоспарлы жұмыс­тар атқарылуы тиіс. Алайда өңір халқы бү­гінде жөндеу жұмыстары тоқырап тұр­ғанын алға тартады. Халық соның се­бебін білмей, әрі-сәрі күйде жүр. Сондай-ақ «Сарытерең» каналының да жағдайы мүш­кіл. Каналды құм басып, келешегі бұлың­ғыр тартып тұрғанына алаңдаулы.

«Теңізде аулайтын балық қалмаған­дықтан, балықшы қауымы тағы сенделіп кетті. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегеннің кері келіп, баз біреулер теңізді теңдей бөліп алып, майшабаққа дейін тауысты. Жергілікті тұрғындар бірлі-жа­рым малына шөп шабатын жер таппай, өзара таласып жатыр. Ауылдардағы жайылым және шабындық жерлердің күйі қашқан. Бұл тұрғыда Аралды құтқару қоры меншігіндегі Барсакелмес қорығы мен орман шаруашылығының жұмысына халықтың көңілі толмайды. Соның ішінде ауданға қарасты Жаңақұрылыс пен Қаратерең ауылындағы бұқараның жағ­дайы сын көтермейтін күйге жеткен», – деп ойын толықтырды қоғамдық бірлестік директоры.

Онсыз да теңізге шөліркеген халық енді жайылым жердің тапшылығынан зардап шегіп отырғанын айтады. Елеусіз қалған елді мекен аз емес. Сондай атал­мыш ауыл тұрғындары тұрмыс кешу күн санап қиындап тұрғанына алаңдаулы. Жағдай түзелмесе, тоқырау жылдарын­дағыдай жайлы мекенге үдере көшуден басқа амал қалмай тұрғанын жеткізді.

«Біз Арал ауданынан шалғай орна­ласқан Қаратерең ауылында тұрамыз. Қазір ауыл халқының 70 пайызы жұ­мыс­сыз. Биыл Сырдария суының төмендеуіне байланысты балық болмай, халықтың тұрмыстық ахуалы күрт нашарлады. Онсыз да теңізді аймақта балық шаруа­шылығы­ның болашағы бұлыңғыр тартып тұр. Соған орай ауыл халқы мал өсіруге бет­бұрыс жасады. Алайда Барсакелмес қо­рығы мен орман шаруа­шылығы ауыл ма­ңын­­дағы мал жайылымы жерлерін бөліп алды. Соның салдарынан ауыл халқы жайылым және шабындық жерге зәру күйде отыр. Елдің жайын ойлап, ең болма­ғанда тұрғылықты халықтың төрт түлігін түлетуге жағдай жасалса нұр үстіне нұр. Бірақ халықтың талабын есітер құлақ та­бы­лар емес», – деп мұңын шағады Қарате­рең ауылының тұрғыны Ғарифолла Еңсегенов.

Осылайша, ауыл тұрғындары балық шаруа­шылығынан береке қашқанын айтып отыр. Бұл аздай, төрт түлігін тү­летуге де мүм­­кіндік жасалмай тұрғанына ашы­нады. Сон­дықтың шалғай ауылдар­дың тұрмыстық ахуа­лына мән берілсе деген жанайқайын жет­­кізіп отыр. Теңіз тағдырына бейжай қа­ра­­май, ауылға тиесілі жайылым және ша­бын­дық жерлер ел игілігіне берілсе деген та­лап-тілегі бар.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы