«Ауыл аманаты» партиялық жобасын солтүстікқазақстан­дық­тар қуана қабылдады. Қазірдің өзінде оның игілігін көріп отырған азаматтар бар.
Еңбектің көзін тапқан
1,697
оқылды

Солардың бірі – Қызылжар ауданына қарасты Ча­паев ауылында тұратын Қайма­қовтар отбасы. Бірнеше жылдан бері қымыз баптаумен айналыса­тын олар енді мал басын көбейтуге ниетті.

Қаймақовтардың отбасылық биз­несінің тасы өрге домалағалы бір­неше жылдың жүзі болды. Кәсіпкердің айтуынша, 2000 жылдардың бас кезінде ауылда екі қолға бір күрек табу мүмкін болмағандықтан, олар өз қорасындағы сиырдың сүті мен етін, сондай-ақ қой етін сатып, мал шаруашылығын табыс көзіне айналдырды. Кейін жалғыз биесін сауып, қымыз өндіруді қолға алған. 

Отағасы Дулат көпбалалы отбасында тәрбиеленгендіктен, еңбекке ерте ара­ласқан. Үйдегі он баланың барлығы жас­тайынан мал бағып, сиыр, бие сауу­ды үйренген екен. Өз отбасын құрғаннан кейін кәсіпкер зайыбы Қарлығашты да бие сауып, қымыз баптауға үйреткенін айтады. Олар осы істі кәсіп еткелі жиыр­ма жылдан асты. 2014 жылы респуб­ли­калық «Бал қымыз» байқауында екінші орын алған. 

Олардың баптаған қымызы бүгінде өз ауылдастары ғана емес, петропавл­дықтар арасында да үлкен сұранысқа ие. Соған байланысты енді мал басын кө­бейтіп, өндірілетін өнім көлемін арттыру міндеті өзекті болып отыр. Бұл ретте «іздеген­ге – сұраған» дегендей, «AMANAT» партиясы мен ел Үкіметінің бірлескен «Ауыл аманаты» жобасы кә­сіпкер үшін уақытылы қолға алынған шара болды. 

Дулат Қаймақов бұл жоба туралы «AMANAT» партиясының Қызылжар аудандық филиалы төрайымы, ау­дандық мәслихат депутаты Гүлсім Кәрімованың Чапаев ауылының тұрғындарымен кез­десуі барысында естіп біліпті. Тиімді не­сие­леу шарттары бірден оның қызығу­шы­лығын туғыз­ған. Алдымен кәсіпкерге қажетті ақыл-кеңес беріліп, кейін биз­нес-жоспар жасауға көмек көрсетілді. «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында оқу курсын аяқтап, тиісті сертификат қолына тиді. 

Бүгінде бағдарлама операторы – «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы оған 8,6 миллион теңге несие беруді мақұлдады. Қолына тиген бұл қаржыға шаруа жеті бас Қамбар ата түлігін және қымыз өн­дірісіне қажетті құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отыр. Қазір оның қорасында алты бие бар. Бұл аздық етіп отырған көрінеді. 

«Бұған дейін біз «Ауыл аманаты» жобасы және оның мүмкіндіктері туралы естімеппіз. Бұл бастама – ауылдықтарға өз кәсібін дамытып, пайда табуға шы­нымен жақсы сеп. Ауылда басты табыс көзі мал шаруашылығы екені белгілі. Соңғы кезде барлығы, соның ішінде жем-шөп те, мал азығы да қымбаттауда. Шабындық жер тапшылығы сезілуде, құрғақшылық та бөгет жасайды. Сон­дықтан ауылдықтар қолдауға мұқтаж. Көпшілігі қиындықтан қорқып, мал ұстағысы келмейтіні рас. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы оларды мал шаруашылығын дамытуға ынталандыра түседі деген ойдамын. Банктің несиесі қымбат болғандықтан, оған аса жолай қоймаймыз. Шыным сол, бұдан басқа тиімді несие көргем жоқ. Әрі партия қызметкерлерінің өздері қажетті құ­жаттарды жинастырып, барлығын тү­сіндіріп, өз білгенімен бөліседі. Ауыл­дық­тарды сөзбен емес, іспен қолдау деген осы», – дейді кәсіпкер Дулат Қаймақов.  

Оның ойынша, Чапаев ауылының орналасқан жерінің ыңғайлылығын да пайдаланып қалған жөн. Елді мекен Астана-Петропавл тасжолының бо­йынша орналасқан. Осыған орай кәсіпкердің өзі өндірген қымызды сату нарығын да кеңейте түспек ойы бар. 

«Ауыл аманаты» жобасы тұрғын­дардың табысын арттыруға бағытталған. Оның аясында ауылдықтар 2,5 пайыздық несие алып, кез келген кәсіп түрін да­мыта алады, сонымен қатар әлеуметтік-өндірістік кооперативтерге бірігіп, мал және өсімдік шаруашылығымен айна­лысуына, лизингке техника сатып алуға да болады. 

«AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ауыл ама­наты» жобасы басталғаннан бері Сол­түстік Қазақстан облысы бойынша 2 мил­лиард 64 миллион теңгден астам сомаға 272 өтінім келіп түсті. Бүгінде шамамен 614 миллион теңгеге 79 өтінім мақұлданды. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы