Таразда еңбек демалысынан шыққан бір топ мұғалім шу шығарды. Қаладағы №28 мектептің ұстаздары тамыз айында істеген еңбегіміздің ақысын толық ала алмайтын болдық деп ашулы. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Тараздық мұғалімдер шу шығарып жатыр
9,879
оқылды

Телеарна мәліметінше, білім бөлімі оқу ошағында жөндеу жүріп жатқандықтан, мұғалімдерге тек жалақы төленеді деп отыр.

Ал олардың санатына тиесілі қосымша ақы берілмейді. Алайда ұстаздар қауымы бұл туралы мектеп директоры ешкімге ештеңе ескертпегенін айтады. Олар осы ай басталғалы көше кезіп, сыныптағы оқушы санын толтыру үшін білім ордасына бала жинаумен болған.

"Бірінен бастап жұмысқа шықтық. Бірақ бізге қазір айлығымызды тек жалақы ретінде төлейміз деп жатыр. Біз оған қарсымыз. Неге? Өйткені бәрінде ипотека бар. Бәрінде несие бар. Мектеп жақындап қалды. Бәрі бала-шағасын киіндіру керек. Басқа №62 мектептің ішінде жөндеу болып жатқан мектептен ғана үнемдеп, айлықтың жалақысын берейін деп жатыр", - дейді мұғалім Динара Мойлауова.

Мектепте кеш басталған құрылыс та жаңа оқу жылына дейін аяқталмауы мүмкін. Осы айда бітпейтін болған жағдайда балалар басқа нысанда білім алуға мәжбүр болады. Ал 11 күн бойы үй-үйді аралаған ағартушылардың ақысыз қызмет етуіне кінәлі адам табылмады. Мектеп директоры да, білім бөлімі де бұл туралы міз бақпаған.

"Күрделі жұмыс басталардың алдында директорлармен түсіндірме жүргізілген. Бұл кісілер түсіндірме жүргізу керек болатын. Ал жүргізді, жүргізбеді, мен оны айта алмаймын. Бұл басшысының құзырында. Ол кісілер жүргізу керек еді. Жаңа оқу жылына дейін 20 күн қалды. Құрылыс бітіп үлгере ме? Мен қазір нақты айта алмаймын. Бітіруге барлық жақтан атсалысып жатырмыз", - дейді Тараз білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлбану Мәлібекқызы.