«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ел аумағындағы қоғамдық нысандарға мониторинг жүргізілуде.
БҚО-да аманаттықтар нысандардың ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолжетімділігін тексерді
1,065
оқылды

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ел аумағындағы қоғамдық нысандарға мониторинг жүргізілуде. Жоба мақсаты – ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту және олар үшін кедергісіз орта құру. Мәселен, жуырда Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында «АМАNАТ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің және аудандық партиялық бақылау комиссиясының алқалы жиыны өтті.

Аманаттықтар Казталовка ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысымен, мектеп-лицейде және жатақханада жүргізілген күрделі жөндеу жұмысымен, «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімімен және өзге де әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Мониторинг барысында партиялықтар кейбір мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін толыққанды жағдай жасалмағанын атап өтті.

«Аудандық жұмыспен қамту бөлімі мен салаға жауапты әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасында өзара байланыс жоқ. Себебі біз тексерген ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалғанымен, олар белгілі талаптарға сай келмейді. Пандус биіктіктігі дұрыс емес. Оған өзге адамның көмегінсіз кіру оңай емес. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықты жағдай жасауға қауқарымыз жетпей отыр, оны жөндеуге қаражат бөлу қажет», - деді Кеңес мүшесі, Батыс Қазақстан мүгедектер ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожажанов.