Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Арал­­байұлы өңірлерге сапары барысында Батыс Қазақстан облы­сы­ның орманшыларымен кездесті.
Орманшылардың күйі мәз емес
677
оқылды

Бүгінде аталған өңірде 216 800 гектар орман бар. Оны бас-аяғы 651 орманшы кү­зетіп жүр.

«Табиғатты қызғыштай қорып жүр­­ген азаматтардың еңбегін билік бүгінге дейін елемегені рас. Еліміздегі мыңдаған ор­маншы түкке жетпейтін жалақыға жұ­мыс істеуге мәжбүр. Олардың еңбе­к­а­қысы небәрі 70 000 теңге. Қазіргідей қым­батшылықта бұл ақшаға адамдар қа­лай жан бағады? Орманшылардың жа­лақысы өседі деп сүйіншілеген Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистр­лі­гі азаматтарды алалап, әділетсіз әрекет жа­сап жатыр. Еңбек адамдарын бұлай өтірік уәдемен алдауға болмайды. Бұл мә­се­ле­мен ресми түрде айналысамын», – деді депутат.

Халық қалаулысының айтуынша, «Ор­ман және жануарлар әлемін қорғау жө­ніндегі Орал қаласының шаруа­шы­лығы» МКК мамандары бүгінде 27 839 гек­тар орманды күзетеді. Айлықтары бар болғаны 70 000 теңге. Жалақы аз бол­ған соң маман тапшылығы мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді.

«Орманшылардың техникалық жа­рақ­тары тіпті жұтаң. Оралдағы мекемеге 27 839 гектар орманды өрттен қорғау үшін 1 ғана өрт сөндіру көлігі берілген. Алай­да 2015 жылы зауыттан шыққан кө­лік жолсыз жермен жүре алмайды. Ұзын­дығы 200 шақырымнан астам ау­мақ­ты жалғыз көлікпен қалай өрттен қор­ғауға болады?», – дейді Н.Арал­бай­ұлы.

Сапар аясында депутат Орал орман шаруашылығы тәлімбағына да ат басын бұрды. Халық қалаулысының айтуынша, шенеуніктерге жоспарды ести сала ала­шап­қын болатын шақтың келмеске кет­­кенін түсінетін кез жетті. Жергілікті жер­дегі шенділер алдымен тапсырманың түбіне үңілуді, бастаманың байыбына бару­ды үйрену керек. Сондай-ақ, де­путат тәлімбақ қызметкерлерінің де жа­лақысы мардымсыз екенін және бұл сала­ға баса мән беру қажет екенін жет­кізді. «Жұртқа жақсы жалақы төлеу ке­рек, формализмді жою керек!», – деп түйін­деді халық қалаулысы.