Кеше «AMANAT» партиясының бас ғимаратында Сайлауалды бағдарлама аясында қарастырылған мә­дениет және мұрағат саласы қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын, әлеуметтік ке­пілдемелерін арттыру мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Кітапханашылардың жалақысын көтеру қажет
1,163
оқылды

Жиынға Парламент Мәжілісінің де­­путаттары, салалық ведомстволардың вице-министрлері, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қа­тысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ұлттық құрылтайда кітап оқи­тын ел зиялы ұлтқа айналатынын ай­та келе, жас ұрпақтың кітап оқуға деген құш­тарлығын ояту қажет екенін алға тарт­қан еді. Сөз басында Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Жұл­дыз Сүлейменова елімізде 7 500-ден астам мектеп, 124-тен астам жоғары оқу ор­ны бар екенін, алайда ондағы кітап­ха­нашылардың жалақысы өспей отыр­ға­нын атап өтті. 

«Жыл сайын мәдениет саласындағы кі­тапханашылардың еңбекақысы 15-30%-ға артып келе жатқанымен, білім са­ласындағы, соның ішінде мектеп кі­тап­ханашыларының жалақысы жоғары­ла­май отыр. Бұл – аса маңызды мәселе. Кітап­ханашылар арасындағы мұндай тең­сіздікке жол беруге болмайды. Соның сал­дарынан, алдағы 3 жылда 6 мыңға жуық кітапхана қызметкерінің тапшы­лығы пайда болады деген болжам бар. Сәй­кесінше, біз «Кітапхана ісі» маман­ды­ғына мемлекеттік грант санын 30%-ға арт­тыруды ұсындық. Бұл ұсыныс оң ше­­­шімін тапты», – деді халық қалаулысы.

Бұл ретте Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Арман Жүдебаев мұрағат пен кітап­хананы бөлуге болмайтынын және кітап­ханашылардың жалақысын арттыру мақ­сатында өзге ведомстволармен бірге жүйе­лі жұмыс жүргізіліп жатқанын жет­кізді.

«Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылға арналған тұжырымдамасы бе­кітілді. Біз осы тұжырымдама аясында нақ­ты жұмыс атқарып жатырмыз. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағ­дарламасы аясында мәдениет, мұрағат және кітапхана қызметкерлерінің жа­лақысын өсіру көзделгенін жақсы біле­сіз­дер. 2023-2025 жылдар аралығында мұ­рағат саласы мамандарының жа­ла­қысын 100%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр­мыз. Мұрағат пен кітапхананы бөлуге болмайды. Сондықтан министрлік кітапхана, мұрағат қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату мақсатында өзге ведомстволармен бірге жүйелі жұмысты жол­ға қойды», – деді вице-министр.

Өз кезегінде елордадағы Ұлттық ака­де­миялық кітапхана директоры Ғазиза Құ­дайбергенқызы кітапхана қызмет­кер­лері мардымсыз айлық алатынын айтып, қа­зіргідей қымбатшылық заманында бұл қаражат мамандардың әл-ауқатын арт­ты­ра алмайтынын тілге тиек етті.

«25 жылдық еңбек өтілі бар кітапхана бас­шылары – 172 мың теңге, ал «С» бло­гын­дағы кітапхана қызметкерлері небәрі 94 мың теңге жалақы алады. Әрине, был­тыр­дан бері кітапхана қызмет­кер­лерінің жа­лақысы жыл сайын шамамен 20%-ға арт­ып келеді. Қым­­батшылық қос бүйір­ден қысып тұр­ған кезде осы мәселеге де баса мән беріп, кі­­тапханашылардың жағ­­дайын жақсар­ту­ға назар аудару қа­жет», – деді Ғазиза Құдайбергенқызы.

Осы орайда Оқу-ағарту министрлігіне қа­расты республикалық ғылыми-педа­го­гикалық кітапхана директоры Әлия Сай­дембаева білім беру ұйымдарындағы 25 жыл еңбек өтілі бар кітапханашылардың айлығы 130 мың теңге болғанымен, қолға бар болғаны 110 мың теңге алатынын, сон­дай-ақ ең төменгі айлық 85 мың тең­гені құрайтынын жеткізді. 

«Елімізде осы салада 8 300 кітап­ха­на­шы қызмет атқарады. Оның 5 900-і – жо­ғары білімді, қалғаны – орта білімді ма­ман­дар. Жалақы мөлшері төмен болған соң маман тапшылығы мәселесі де өте өзек­ті. Мектеп кітапханаларында көбіне зей­нет жасындағы мамандар еңбек етеді. Мә­дениет және спорт министрлігіне қа­расты кітапханашыларға қарағанда мек­теп кітапханашыларының айлығы 50-60 мың теңгеге аз», – деді Әлия Сайдембаева.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау вице-министрі Олжас Ордабаев аза­маттық қызметшілерге арналған жаңа әдіс­теме әзірленіп жатқанын және бұл құ­жат жыл соңына дейін дайын бола­ты­нын айтты.

«Азаматтық қызметшілердің мем­ле­кеттік сектордағы үлесі шамамен 36%-ды не­месе елдегі барлық жұмыс күшінің 13%-ын құрайды. Оларға еңбекақы төлеу жүйесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес есеп­теледі. Сонымен қа­тар Мемлекет бас­шысының тап­сыр­ма­сына сәйкес, 2022 жылдан бері жалақы жыл сайын 20%-ға артып келеді. Соған қарамастан, аза­маттық қызметшілердің айлығына қа­тысты қоғам тарапынан көп мәселе кө­терілуде. Бұл ретте, министрлікте ар­найы жұмыс тобы құрылып, оның құра­мына түрлі саланың өкілдері енді. Атал­ған жұмыс тобы зерттеу жұмысын жүр­гі­зіп, азаматтық қызметшілерге арналған жаңа әдістемені әзірлеп жатыр. Бұл әдіс­теме жыл соңына дейін дайын бола­ды», – деді вице-министр.

Мәжілістегі «AMANAT» фрак­ция­сы­ның мүшесі, депутат Еркін Әбіл «Кі­тап­хана ісі» мамандығы бойынша мем­ле­кеттік грант саны артқанымен, кітап­ха­на­шы­лардың жалақысы жоғарыла­майынша, осы салада еңбек етуге ұм­ты­латын жастар саны артпайтынын айтып отыр. 

«Білім беру саласындағы кітап­ха­на­шы­лардың жалақысын мәдениет са­ла­сындағы кітапханашылардың жа­ла­қы­сы­мен теңестіру үшін 3 жылға шамамен 5 млрд теңге қажет. Яғни, жыл сайын 1,5-2 млрд теңге аралығында бөліп отыру ке­рек. Ел бюджеті үшін бұл аса көп қа­ра­жат емес. Сондықтан Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі қол­ға алған жаңа әдістеменің әзірленуін күтіп отырмай, кітапханашылар жала­қы­сын жоғарылату жөнінде шешім қабыл­дау керек. Вице-министрдің айтуынша, әдіс­теме тек жыл соңында дайын болады. Оны талқылап, бекіту үшін де кемі жарты жыл уақыт қажет. Бұл әдістеме айнал­дыр­ған 1-2 айда бекітілмейді. Біз жаңа әдіс­теменің әзірленуін күтіп жүргенде бюджет бекітіліп кетеді», – деді депутат.

Өз кезегінде, Ғылым және жоғары бі­лім министрлігіне қарасты Жоғары жә­не жоғары оқу орнынан кейінгі білім ко­митеті төрағасының орынбасары Бану Нар­бекова білім ордаларындағы кітап­ха­на қызметкерлерінің жалақысын, кәсі­би дағдысын арттыру бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Еліміздегі жоғары оқу орындарында 185 кітапхана бар. Онда 1 382 кітапхана қыз­меткері еңбек етеді. Олардың орташа ең­бекақысы – 200 мың теңге. Бұл – қа­тардағы қызметкерлердің жалақысы бол­са, кітапхана басшыларының орташа ай­лығы шамамен 500 мың теңгеге жет­кен. Ендігі мақсат – жастарды осы кітап­хана саласында еңбек етуге ынталандыру, олардың бойына жаңа кәсіби дағдыларды сіңіру. Ол үшін, әрине ең алдымен кітап­ха­на қызметкерлерінің жалақысын арт­тыру қажет. Сондай-ақ бүгінде цифрлы кі­тапханаларға көп көңіл бөліп жатыр­мыз. Былтыр Қазақстан Республика­сы­ның жоғары оқу орындары кітапхана­лары­ның қауымдастығы құрылды. Атал­ған қауымдастықта жоғары оқу орын­дарындағы кітапхана қызметкерлерін тол­ған­дырған әлеуметтік мәселелер тал­қыланып, мамандардың кәсіби дағ­ды­лары дамытылады», – деді комитет төра­ғасының орынбасары.

Жиын соңында БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тиісті жауап алды. «AMANAT»-тың сайлауалды бағ­дарламасында қамтылған бастама­лар­дың жүйелі жүзеге асырылуы алдағы уа­­­­қытта да партия назарында болады.