Әлемде қазір органикалық дүниеге көп көңіл бөлініп жатыр. Мұны күн­делікті ақпараттан-ақ анық аңғарып отырмыз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы органикалық қалдықтарды тиімді пайдаланудың тың тәсілдерін көрсетіп отыр.
Құс саңғырығы да қажетке жарайды
1,902
оқылды

Тың тәсілдің басым көпшілігі қайта өңдеу саласына тиесілі. Ал құс шаруашылығы саласында құс саңғырығын өңдеп біршама пайда тауып отырған отандық кәсіпкерлер де жоқ емес. Құс шаруашылығына ар­налған фабрикалардан шығарылатын мыңдаған тонна қалдықты қайта өңдесек, біз де дамыған елдердегідей қоршаған ортаға да, өзімізге де пайда әкелеріміз анық.  

Қазір қоғамда құс өсіріп пайдаға кенелу туралы сан алуан пікір бар. Тіпті, түрлі әлеу­мет­тік желіде құс өсірудің жолдарын үй­рететін видеолар да шығып жатыр. Сарап­та­лып-сұрыпталмаған ақпаратқа се­ніп қалып, қыруар ақшасынан айыры­лып, шығынға батып жүргендер де аз емес. Әрине, құс ша­руашылығын жүйелі түрде жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер де бар. Осы қанаттыларды өсіріп табыс табу былай тұрсын, олардың шығатын биологиялық қал­дық, саңғырық­ты кәдеге жаратып, қалтасын томпайтып жүрген кәсіпкерлер біршама оң бастама көтеріп жүр. 

Мамандардың арнайы жүргізген есеп­тері негізінде бір жылда әр тауықтан 6-7 келі‚ үйректен 7-9 келі‚ қаздан 10-12 келі саң­ғы­рық жиналады екен. Бағамдасақ, болмашы ғана дүние құсап көрінгенмен, ірі құс фа­б­рикаларында бұл көрсеткіштің күніне ең аз дегенде 10 тоннадан асып ке­те­тінін көруге болады. Елімізде мұндай құс фабрикаларынан шығарылған көң осы күні құс фабрикалары­ның жанындағы полигондарда тау-төбе бо­лып үйіліп жа­тыр. Ал жол бойында орна­ласқан осындай алып құс шаруашалық­та­рының жанынан өтсек, еріксіз мұрнымызды басатынымыз рас. Қолқаны қабатын жа­ғымсыз иіс сол фабрика маңында еш өңдеусіз үйіліп жылдар бойы жатқан құс саңғырығынан шығады. Сондықтан құс саңғырығын қайта өңдеп, егіншілік пен өсімдік шаруа­шылығы үшін дайын биологиялық тыңайт­қыш шы­ғару әлемде кеңінен қолданыла бастады. 

Қазір Қазақстанда 69 ірі құс шаруа­шы­лығы жұмыс істеп тұр. Осы шаруашылық­тардың әрқайсысынан күніне шамамен 10 тоннадан астам қалдық шығарылатын болса, еліміз бойынша күн сайын 690 тон­на саңғырық таулары пайда болып жатқаны белгілі. Ал бұған ұсақ-түйек құс шаруашы­лықтарын қоссақ, сан тағы еселеп өсе түсетіні белгілі. Ғалымдардың айтуынша, қазір отандық құс фабрикаларында жи­нақталып қалған құс көңі көрсетілген межеден асып кеткен. Бұл Қазақстан үшін өзекті мәселеге айналған. Мысалы, бір келі құс етін өндіру үшін орташа есеппен 3,4 келі саңғырық шы­ғарылады екен. Оны қауіптіліктің В класына (+) жатқызады, құрамында инфекциялық ауруларды қоздырғыштар, гельминт дер­нәсілдері бар мұндай көң экология үшін аса зиян болып отыр. Өңделмеген құс көңіндегі несеп қышқылы түріндегі азот жылдам ыды­рап, аммиак түзіп, топырақты бүлдіріп жі­береді екен. Бұл туралы биология ғылым­да­рының докторы, профессор Айнаш Науанова айтып отыр. 

Осы тұста Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Исмаилұлына «отандық құс өсіруші шаруашылықтар құс саң­ғырығын қайта өңдеу бойынша қандай мүм­кіндіктерді пайдаланып отыр?» деген сауал жолдаған болатынбыз. 

«Бүгінде саңғырық өңдеу құс фабри­ка­ларының көбінде жүргізілмейді. Өйткені бұл шара шаруашылықтар үшін өте қымбатқа түседі. Сондықтан кейбіреулері жай ғана сақтап, содан кейін егістікке шаруа қожалық­тарына апарады. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі инвес­тицияларды субсидиялау ережесін әзірледі, онда «Өнімділігі 50 тонна тәулігіне құс саңғырығын өңдеуге арналған машиналар мен жабдықтарды алу» паспорты қарасты­рылған. Инвестицияларды өтеу үлесі 25%-ды құрайды. Бірақ, өкінішке қарай, бір­дей қолжетімді емес және инвестициялық суб­сидияларды бәрі бірдей пайдалана бер­мейді. Өйткені жаңа жабдық мемлекет­тік органдар ұсынғаннан әлдеқайда қым­бат», – деп жауап берді одақ басшысы. 

Биология ғылымдарының кандидаты Рая Садуақасқызының пікірінше, құс саңғыры­ғын қайта өңдеу жұмысы – экологиядағы ең өзекті мәселенің бірі. 

«Биологиялық егіншілікте органика­лық тыңайтқыш ретінде құс саңғырығын кәдеге жаратудың болашағы зор. Құс саңғырығын өңдеу біршама ғылыми және материалдық ізденістерді талап етеді. Құс саңғырығын құс фабрикасының жанына жинап сақтау, сол аумақтағы жерасты сулары мен атмосфераны ластайды, алайда құс саңғырығын жерге жоғары дозада енгізсе (300 м3/гектар артық), егін дақыл­да­рының құрамында нитраттың көп мөл­шерде жиналуына алып келеді», – дейді ғалым.

Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу универ­ситетінің жанында BIO-KATU ЖШС деген атпен құс саңғырығын қайта өңдеуге ар­нал­ған заманауи микроорганизмдер био­тех­но­логиялық орталығы жұмыс істеп тұр. Ор­талықтың жетекшісі биология ғылым­дары­ның докторы, профессор Айнаш Науанова ғылыми өндірістік орталық қазір биопре­параттарды шығарып жатқанын жеткізді. Орталықтан шығарылған биопре­параттар – құс саңғырығы мен көңін қайта өңдеп орга­никалық тыңайтқыш жасауға таптырмас дүние. 

«Біз 1 айда 5000 литрге дейін препарат дайындап жатырмыз. Егер сұраныс ұлғайса, өнімімізді молайтуға қауқарымыз жетеді. Бізден еліміздегі құс шаруашылық­тарының бірнешеуі препарат сатып алып құс саң­ғырығын өңдеу үстінде. Олар көбіне өз егін шаруашылығы саласындағы алқап­тары үшін алып отыр. Өңделген көң топы­рақтағы құ­нар­лылықты 2 есеге дейін арт­тырады. Ор­гани­калық тыңайтқышпен өңделген жер­лерден алынатын өнім 20-50 пайызға дейін артады. Тыңайған жерден алы­натын өнім де, оның сапасы да өте жо­ғары болады. Бұл жер­де ешқандай химия жоқ таза табиғи дүние. Оннан астам адам­ды жұмыспен қамтып қана қоймай, жоға­ры жалақымен қоса біршама пайда тауып отырмыз. Әрине, мамандардың білікті бол­ғаны өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, құс саңғырығы біз үшін алтынмен тең», – дейді Айнаш Науанова.

Дамыған елдерде құс фабрикалары өз­дерінен шығарылған қалдықтарды өңде­мейтін болса, мемлекет экологияны ластаға­ны үшін шаруашылыққа көлемді түрде айыппұл салып, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік бермей қояды. Бірақ біздің елде мұндай қағида болмай отыр. Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің ресми мәліметі бо­йынша, Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығымен бекітілген инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары аясында тәулігіне 50 тонна құс саңғырығын өндеуге арналған техника мен жабдық сатып алу шығындарын өтеуді субсидиялау қарастырылған. Инвес­тициялық салымдарды өтеу үлесі 25 пайызды құрап отырғанын көрсеткен. Демек, мемлекет аталған министрлік арқылы құс шаруа­шылықтарындағы қалдықтарды өңдеуге бар мүмкіндікті жасап отыр. Бірақ бізде мұнымен айналысатын маман тапшы. 

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын 2 800-ден астам маманды таппай қиналатын көрінеді. Әсіресе, агроном, ин­женер-технолог, ветеринар, механизаторлар мен биотехнологтарды шаруашылықтар мен зертханалар күндіз шаммен іздеп жүр. 

«Иә, кадрлар мәселесі өте маңызды. Бү­гінде құс шаруашылығы саласында мамандар жоқ. Шын мәнінде, қазір бұл саладағы ма­мандардың дені кеңес заманында дайын­далған аға буын өкілдері. Бүгінде кадрлар бойынша мәселені білім беру институттары пысықтап жатыр. Отандық өндірушілер тығырықтан шығу үшін шетелдік мамандар­мен келісім жасап, олардың қызметтерін пайдалануға мәжбүр», – дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.

Биология ғылымдарының кандидаты Рая Садуахасқызы да осы мәселеге өз ойын білдірді.

«Ғылыммен айналысып, белгілі бір жобаны қолға алып, аяққа тұрғызу өте ұзақ уақытты талап етеді. Оған шыдам мен төзім керек. Біз жастарды ғылымға және жаңа тех­нологиялық жетістіктердің нәтижесін көруге үйрету үшін өзіміздің қасымызға шақырамыз. Бірақ олар барлығын тез жасап. тез пайда тапқысы келеді. Сондықтан салада маман тапшы болып отыр», – дейді ол.

Әрине, маман болмаған жерде жұмыс болмасы анық. Білікті мамандардың мәсе­лесін түбегейлі шешумен құзырлы орындар­дан бөлек шаруа қожалықтарының өзі де айналысып көріп жатыр. Бірақ түйінді шешуге шамасы жетпей жатқаны анық. 

Қазақстан құс өсірушілер одағы құс саң­ғырығын өнеркәсіптік жағдайда пайдалану үшін біршама ұсыныс бергені бар. Айталық, бұршақ өнімі үшін – 1 гектарға 300-ден 800 келіге дейін, қара бидай, бидай сияқты күздік дәнді дақылдар үшін – 1 гектарға 500 келіден 1 тоннаға дейін, жаздық дәнді дақылдар үшін, мысалы сұлы, арпаға – 1 гектарға 1 тоннадан 2 тоннаға дейін, жүгері мен күнбағыс үшін – 1 гектарға 600 келіден 2 тоннаға дейін құс саңғырығын тыңайтқыш ретінде енгізуге болады. 

Сәбіз, пияз, қызылша, картоп, қырық­қабат, тағы басқа көкөніс түрлерін өсіретін алқаптың әр гектарына 2 тоннадан 3 тоннаға дейін енгізуге болады екен. Қарап тұрсақ, онша көп дүние емес. Екінші жағынан эконо­микалық жағынан тиімді. Кез келген құс шаруашылығының жанындағы саңғырықты алып белгілі бір технология арқылы өңдеп, алқаптарға шашып тастасаң болғаны. 

 «Биопрепарат топырақтың құрылымын жақсартады, жаңғыртады. Химиялық тыңайтқыштар топырақтың биологиялық белсенділігін төмендетеді. Тың әдіс ерекше тиімді. Біз бірнеше жыл арнайы тәжірибе жүргізіп нәтижесін көрдік. Бидай мен бұр­шақтың егістігіне көктемде енгіздік. Тыңайт­қыш енгізілген жерлерде өнімділік 2 есе ұлғайды. Бидай дәндерінің сапасы жақсарды. Енді полигонда 10 жыл бойы жиналған құс саңғырығынан біртіндеп құтылмақпыз», – дейді ғалым Рая Садуахасқызы. 

Құс саңғырығы түріндегі органикалық тыңайтқышты қолдану танап-тұтыну-егістік схемасы бойынша «зат айналымын» жабуға мүмкіндік береді. Яғни, егінмен бірге алынған минералды қоректену элементтері органи­калық тыңайтқыштар түрінде топыраққа қайтарылады. Бұл тыңайтқышты енгізу өнімділіктің жоғарылауын қамтамасыз етеді, сонымен бірге топырақ құнарлылығын сақ­тайды және құс фабрикаларында құс саң­ғырығын қайта өңдеу мәселесін шешеді.

Осы тұста біз үнемі айтып жүретін қал­дықсыз технологияның құс шаруашылығында да пайдасы орасан екенін анық байқап отыр­мыз. Білуімізше, теңіз жағалауындағы кейбір елдің шаруалары теңіз жағасында құстар өте көп қонақтайтын мекендерге арнайы барып, жабайы құстардың саңғырығын жинап әке­ліп, өңдейтін орындарға өткізіп, пайда та­ба­тын көрінеді. Ал дайын жатқан құс саң­ғырығын жаппай кәдеге жарату біз үшін келешектің еншісінде болып тұрғанға ұқсайды. 

Бердібек ҚАБАЙ

© коллаж: Елдар ҚАБА