Ауыл шаруашылығында мәселе аз емес. Бұл өз кезегінде елдегі қым­батшылыққа бір себеп болып отыр.
Қымбатшылықтың бір себебі – қойма
1,089
оқылды

Десе де, қымбатшылық тек сауда са­ласының проблемасы ретінде қа­рас­тырылады. Осы тұрғыдан кел­генде қос саланың арасына алтын жіп жалғап, баға саясатын жолға қойған дұрыс-ақ.   

Елімізде қымбатшылықты ауыздық­таудың бір жолы ретінде қарастырылған Көтерме-тарату орталықтарын (КТО) құрудағы бір мақсат  құнға құн қосатын ортадағы делдалдарды алып тастау еді. Сол арқылы агроөнімдерді тікелей өндірушіден алуға жағдай туғызып, шаруаларға үлкен қолдау көрсетуге тиіс еді. Десе де, бүгінде оның құрылысы қаңтарылып тұр. Ал сауда саласы мамандары бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқанша қойма мәселесінде көмек көрсетуді сұрап отыр.

«Мені алаңдататыны – өңірлерді әлеу­меттік маңызды тауарлармен қамтамасыз ету жайы. Осыған байланысты сауда қыз­метін реттеу заңнамасына «Көтерме тарату орталықтары» деген ұғым енгізілген бола­тын. Бұл кәсіпорындар сатып алу, сақтау, тарату және тағы да басқа жұмыстардың орталығына айналуға тиіс еді. Бірақ олай болмай тұр. Бүгінде бізде сауданы қол­даудың мемлекеттік бағдарламасы мүлдем жоқ болғандықтан, барлық шығындарды қазақстандық инвесторлар көтереді. Бұл тұста КТО-ларға керек жабдықтар өте қымбат тұрады. Соның кесірінен біз міне соңғы 2-3 жылда Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің арасында ортақ бір келісімге келе алмай қаншама табалдырықты тоздырып жүрміз. Мәселені ашып айтар болсам, тез бұзы­латын азық-түліктерді сақтауда сауда са­ласы үлкен зардап тартып отыр. Бұл мау­сымдық ауылшаруашылық өнімдеріне қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданып отырған сақтау қоймалары, ондағы температуралық режимде жұмыс істейтін жабдықтар Сауда және интеграция министрлігінде де болуы керек. Сол жоқ болғандықтан сауда айналымына шыға­рылған өнімдердің бұзылып кету үлесі жоғары болып тұр. Бізде ол 25-30%-ды құрайды. Бұл дегеніміз  – тұтынушының қалтасына салмақ болып түсіп тұр деген сөз. Қымбатшылықтың бір себебі  осы қойма мәселесі», – дейді «Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ президенті Жібек Әжібаева.

Осы тұрғыда Заңды тұлғалар бірлестігі басшысы Ауыл шаруышылығы министр­лігінен қоймаға, ондағы жабдықтарға жұм­салатын шығынды субсидиялауды сұ­раған екен. Онда да тек көтерме сауда­да­ғы ин­фрақұрылымдарға қатысты жерлерге кө­мектесуін өтінген. Өйткені бизнесте оған қаржылай мүмкіндігі жоқ. Оларды алу, қондыру және пайдалану шығындарын мемлекет өтеп берер болса, дүкен сөресіне жететін түпкі өнімнің ба­ғасы да төмен бол­мақ. Бірақ АШМ ол өті­нішін орындаудан бас тартқан. Сол сияқты СИМ де «бізде мұндай позиция қарастырылмаған» деген себеппен сауда кәсіпорындарын лайықты қоймамен қам­тамасыз етуге келіспей отыр. Ал елімізде салынады делінген Көтерме-тарату орта­лықтарының құрылысы қаңта­рылып тұр. Бұл тұрғыда министрлік өкіл­дерінің де өз уәжі бар екен.

«Көтерме-тарату орталықтары инвес­торлардың қаражатына салынуы керек. Ал оны олар қай өңірге салғысы келетінін өздері таңдай алады. Мұндай мүмкіндік оларға жұмсаған қаражатын кейін қай­тарып алу үшін беріліп отыр. Сол себепті олардың құрылысы әзірге тоқтап тұр. Ал көкөніс сақтау қоймаларына келер болсақ, бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министр­лігінің кешенді жоспары бар. Сондықтан да жетіспей жатқан қоймалар саны 2030 жылға дейін толық салынып бітпек. Қой­маға жабдықтар алып беру шығынын субсидиялау мәселесінен хабардармыз. Бұл мәселені қарастыруға дайынбыз. Қазір сауда желілерінің ин­фрақұрылымын же­тілдіруге субсидия бөлуге қатысты мәсе­лемен айналысып жатырмыз. Одан кейінгі кезеңде АШМ-мен осы айтылған мәселені субсидиялау жайына да  келуге болады. Елімізде ин­весторлардың ақшасына салынған көкөніс қоймалары бар. Онда керекті жабдықтар қойылған. Бірақ олар тікелей мақсатында қолданылып отырған жоқ. Не себепті екенін білмеймін», – дейді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев.

Ал әу баста «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында қарастырылған Ұлт­тық тауар өткізу жүйесін (ҰТӨЖ) құру мақ­сатының бірі  Көтерме-тарату орталық­тарының (КТО) құрылысын салу еді. Олар­дың функциясы үшке бөлінеді: сақтау, сату және тарату. Таяуда Маңғыстау облы­сында осындай нысанның құрылысы та­ныс­ты­рыл­ды. Ақтаудағы көтерме-тарату орталы­ғын салу жобасының құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Орталық 29 мың тоннаға дейін көкөністер мен жемістерді сақтауға қабыл­дай алады. Ашылу келесі жылға жос­парланған.

«Президент тапсырмасы бойынша елімізде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізілуде. Көкөніс қойма­ларын салу және жаңғырту жөніндегі жоспар қайта қаралып, 2025 жылға қарай 528,8 мың тоннаға дейін қуаттылыққа дейін ұлғайтылды. Қазір қолданылатын сақтау технологиясына байланысты шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайту бөлігінде инвес­тициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуде», – дейді Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Сақтау мақсатындағы КТО-лар фер­мерлерге жақын, егін алқаптарына таяу орналасатын болады. Олар қабылдау, сақ­тау және алғашқы өңдеу (жуу, іріктеу, орау және т.б.) қызметтерін көрсетіп, тауар­ды өткізуге дайындайды. Ал сату мақ­са­тын­дағылар  облыс орталықтарының және ірі қалалардың маңында орналаспақ. Олар фермерлерге, көтерме трейдерлерге, дис­трибьютерлерге, импорттаушыларға, сон­дай-ақ сатып алушыларға (сауда желілері, дүкен, базар, тамақтану орындары, қонақ­үйлер, мейрамханалар және т.б.) сауда жасау үшін жағдай тудырмақ. Үшінші және негізгі міндеті – тарату мақсатында КТО-лар қалалардың ішінде әлде маңында салынады. Олар тауарды 14 күнге дейін сақтап, көтерме партияны логистикалық қызмет ретінде сауда нысандарына тара­тады. Қалай болғанда да, қойма мәселесі өзінің экономикалық қана емес, әлеуметтік те маңызына қарамастан өте баяу дамып келеді. Сол себепті Үкіметтің бұл тұстағы саясатын біріздендіріп, министрліктер арасындағы байланысты нығайта түскені жөн-ақ.

Нұрлан ҚОСАЙ