Туристік кластерді одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Сенат депутаты сарапшылармен бірге туризмнің дамуын тежейтін мәселелерді талқылады
986
оқылды

Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстандағы ең ірі рекреациялық техника орталығының қызметімен танысты.

Соған сәйкес сенатор қаланың коммуналдық қызметтері пайдаланатын көшелер мен магистральдарды, әуежайлар мен елді мекендерді тазалауға және күтіп ұстауға арналған арнайы техникалардың жай-күйіне назар аударды.

Сонымен қатар іс-шара барысында туристік кластерді одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Табиғи ландшафттың әлеуеті мен бірегейлігі ескерілген бұл бағыт Алматы үшін ерекше маңызға ие. Сарапшылардың айтуынша, кластерді дамыту үшін туристік салаға инвестиция тарту мен мемлекет тарапынан қолдаудың мәні зор.

Депутат өңірде туристік саланы дамыту үшін туристік бағыттар мен нысандардың көлікпен баруға қолжетімділігін қамтамасыз ету, туристерге қолайлы жағдай жасау, ішкі және халықаралық нарықтарда елдің туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді жүйесін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында туристік саладағы елеулі серпіліс үшін бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет екенін айтты. Кәсіпкерлер туризм саласындағы перспективаларға назар аударуы үшін осындай жағдайлар жасалуы керек», – деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Депутат кездесу соңында Сенаттың еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы және халықтың табысын арттыру жолындағы алдағы заң шығару қызметін тілге тиек етті.